Білім

Балдырған

Қанатты әлем

Гүлден — гүлге қонған құс

Әлемдегі ең кішкентай және ең әдемі құс — колибри. Олардың көптеген түрлерінің үлкендігі кәдімгі түкті араның үлкендігіне әзер жетеді. Ал салмағы 1,5-2 грамм ғана шығады.

Сол себепті де қарлығаштың үлкендігіндей ең ірі түрлері алып колибри деп аталады. Бұл құстардың реңі өте ашық болады және жарықтың түсуіне қарай алуан түске құбылып отырады. Басындағы қауырсындары кейде ұзын айдарша түзеді, ал кейбір түрлерінің ғажайып айыр қауырсынды ұзын құйрығы болады. Оларды ракета құйрықты колибри деп атайды.

Колибри Орталық және Оңтүстік Америкада тіршілік етеді. Тек бір түрі ғана қиыр солтүстікте — Канаданың салқын таулы ормандарына дейін таралады. Эквадор мен Колумбияның тропиктік ормандарында колибридің 160-тан астам түрі тіршілік етеді.

Олар жайма-шуақ күндері гүлден-гүлге көшіп, гүл күлтесінің үстінде қалықтап тұрып қалады да, біз іспетті тұмсығын сұғып жіберіп, гүл шірнесін сорады немесе ұсақ насекомдарды аулайды.

Колибридің үнемі тынымсыз әрекетте болуы көп қуат-күшті қажет етеді, сондықтан олар өздерінің салмағынан екі есе көп қорек жейді.

Менің ауылым

Туған жердің ауасы

Әр адамға өз туған жері ыстық болады. Туған жерде сен емін-еркін тыныстай аласың. Онда сенің тек қана бойың емес, ойың да көркейіп, дами бастайды. Сен өзіңнің анаңды қалай құрметтесең, туған жеріңді де солай құрметтеуің керек.

Біз туған жеріміздің арқасында үлкен жетістіктерге жетеміз. Тіпті басқа жерге қыдырып барсақ, сол жер бізге қатты ұнайды, бірақ сол жердің ауасы бәрібір өз жеріңнің ауасына жетпей тұрады.

Біздің аяқ басып жүргеніміз туған жеріміздің арқасы. Әр адам өзінің туып-өскен жерін аялап, ардақтай білуі керек.

Айтгүл МИРАМБЕКОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Болашақтың бастауы

Кім-кімге де өз аулы, кіндік қаны тамған жер ыстық көрінеді емес пе?!Ақындар туған жерін жырға қосса, суретшілер туған жер бейнесін бояумен өрнектеді.

Менің туған жерім — Мұғалжар аулы. Қыста суық, бораны ұлып тұрады. Жазда ыстық, кешке самал еседі. Аулымның жері де, желі де, тауы да, тасы да өзіме ыстық. Аулымызда қиыршық тас зауыты бар. Атам осы зауытта еңбек етті, қазір құрметті демалыста. Әкем де осы зауытта жұмыс істейді. Мен болашақта оқуымды бітіріп, аулыма қайтып оралып, туған жерімнің көркеюіне үлес қосқым келеді.

Әрір адам өз аулының патриоты болса, еліміз гүлденіп өркендер еді, себебі болашақтың дамуы ауылдан басталады емес пе?!

Қанат ТЕМІРҒАЛИЕВ,

8-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Мейірімді жұрттың мекені

Менің кіндік қаным тамған жер — Хромтау ауданындағы Тассай аулы. Оның аңқыған жұпар ауасы мен даласы, мөп-мөлдір көлі, жап-жасыл нуы, көгілдір аспаны мен үшін өте қымбат. Онда таулар көп кездеседі. Сол таудың бірі — Жылантау. Ол — әдемі тау. Тассай шөбі шүйгін, суы мол, яғни төрт түлік мал бағуға қолайлы жер.

Менің туған аулымның халқы тату әрі мейірімді. Тассайдың тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналысады.

Бір сөзбен айтқанда, өз туған жеріңе, атамекеніңе ешқандай жер тең келмейді. Әр адам өз туған жерін сүюге, қорғауға міндетті. Мен туған жерімді аялауға өз үлесімді қосамын. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», — деп халық бекерге айтпаған.

Айсәуле ТҰРҒАНОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

Менің тілім

Көп қазақтың мен де бір баласымын,

Қазақ тілі таусылмас бар асылым.

Менің тілім — айбыным мұқалмайтын,

Менің тілім — мәңгілік жанашарым.

Әл-Мұхадди ТҰРДАЛИН,

Шұбарши орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Біз — болашақ жастармыз

Ертеңі жарқын,

Қорғайтын халқын,

Біз — болашақ жастармыз.

Әлеммен теңдес,

Елдігі дербес

Халықты алға бастармыз.

Ұмтыл алға,

Қатардан қалма,

Тұр алдыңда бел, асқар.

Биікке самға,

Сәуле бол таңда,

Өркендеңдер, ей, жастар!

Қарамас бойға,

Зер салып ойға

Заман мынау қарап тұр.

Ойыңды жина,

Ойынды тый да,

Бізге қойған талап бұл.

Зейнеп ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Біліп жүр

Алты тіл

Біріккен Ұлттар Ұйымында пайдаланылатын ресми тіл алтау ғана: ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері.

Шектеулі биіктік

Вашингтонда (АҚШ) елдің ең алғашқы президенті Джордж Вашингтонға арналған монументтен жоғары тұратын биік үйлер салуға рұқсат етілмейді.

Су сорғыш

Африкалық пілдің ұзын тұмсығына шамамен 10 литрдей су сыяды екен.

Қарт тышқан

Ғалымдардың пайымдауынша, төрт жастағы тышқанның тіршілік ахуалын сексен жастағы адамның тірлігімен салыстыруға болады екен.

Жасыл орда

Иіріледі, шырмайды, тұншықтырады

Тропиктік ормандарда мүмкіндігінше аз шығынмен күн түсетін орынды қамтып қалуға тырысатын өсімдіктер бар. Бұл өзінен-өзі шырмалып, өрмелей өсетін, ағаш түріндегі лиана деп аталатын өсімдік.

Ол мейлінше тез өседі және ең зәулім деген ағаштың да ұшар басына дейін оңай өрмелеп шығады. Иілгіш өркендері ағаштан-ағашқа асылып, бір түп лиананың өзі ондаған ағашты шырмайды. Төменгі жағынан оның айдаһардай иірілген жуан діңі көрінеді, ал енді жапырақтары ағаштың жоғарғы жағындағы бұтақтардың ара-арасына сіңіп кетеді.

Ағаштың ұшар басына шыққан лиана өзінің жапырағы мен өркендері арқылы күн сәулесінің бір бөлігін сіңіреді, сол себепті ол ағаштарға едәуір зиянын тигізеді.

Ағаштың діңіне қаттырақ оралған лиана бұдан да қауіптірек, өйткені олар ағаштың жуандау қабілетін жояды. Мұндай лианаларды тұншықтырғыш лианалар деп атайды Ағаштың жуандап өсуіне қарай лиананың сақиналары барған сайын ағаш қабығына тереңірек батып, ақыр аяғында оны бунап қиып жібереді. Бұл жағдайда қалыпты шырын жүру бұзылады да, ағаш семіп қалады.

Әрине, шырмалып, оралып өсетін өсімдіктер бізде де бар. Бірақ лиананың жөні бөлек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button