Спорт

«Ақтөбе» екінші кезеңді өз алаңымызда бастайды

Футбол

Қазақстан Премьер-Лигасының екінші кезеңінің ойын кестесі жарияланды.

Екі айналымнан тұратын бұл екінші кезеңде командалар екі топқа бөлінетіні мәлім. Бірінші кезеңді алғашқы алтылық сапында аяқтаған командалар («Астана», «Қайрат», «Ертіс», «Оқжетпес», «Ордабасы», «Ақтөбе») өзара кездесіп, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады да, қалған алты команда («Атырау», «Тобыл», «Жетісу», «Тараз», «Шахтер», «Ақжайық») 7-12 орындарды сарапқа салады.

Осылайша ХХІІІ тур 12 тамыздан басталады да, 29 қазан күнгі ХХХІІ тур биылғы чемпионатқа нүкте қояды.

Екінші кезеңнің алғашқы айналымының беташар турында төмендегі командалар кездеседі:

XXIII тур

1-6 орындар

12 тамыз, жұма 
«Астана» — «Ертіс»

13 тамыз, сенбі
«Оқжетпес» — «Қайрат»
«Ақтөбе» — «Ордабасы»

7-12 орындар
14 тамыз, жексенбі

«Шахтер» — «Тараз»
«Ақжайық» — «Жетісу»
«Тобыл» — «Атырау»

Екінші кезең кездесулерінің толық кестесін газетіміздің алдағы аптадағы номерінде жариялаймыз.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҢ Үні ШЫҒА МА?

Чемпиондар Лигасында бәскелесіп жатқан «Астана» өз алаңында Шотландияның «Селтик» командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнағаны мәлім. Астаналықтар сапынан жалғыз голды Ақтөбе футболының түлегі Юрий Логвиненко өткізгені де аян.

Енді толғандыратын сұрақ — Шотландияда қалай ойнар екенбіз?

2013 жылы бұл команданы қарағандылық «Шахтер» төртінші іріктеу кезеңінде Қазақстанда 2:0 есебімен ұтып, кәдімгідей желпіндіргенімен, сырт алаңдағы қарымта кездесуде  0:3 есебімен жол бергенін ұмыта қойғанымыз жоқ. Үшінші голды, яғни жеңіс голын шотландиялықтар  90-минутқа жалғанған қосымша минуттарда салып кеткен еді. Бірақ, қалай болғанда да, ол жеңілістің өкініші тым ауыр тимеген сияқты еді, себебі жеңілсе де, төртінші іріктеу кезеңіне шығу қарағандылықтарға Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндік берген болатын.  Ал «Астана» әлі үшінші іріктеу кезеңінде ойнап жатыр, оған қоса, 1:1 есебі, әлгі 2:0 есебіне қарағанда тым  тайғақтау екені және түсінікті. Дегенмен Еуропа кубоктарындағы додада Қазақстан командаларынан қалған жалғыз «Астана» қарымта кездесуде жаяудың шаңы шықпайтыны, жалғыздың үні  шықпайтыны туралы мақалды жоққа шығарар деп үміттенеміз.

Елордада «Астана» төмендегі құрамда ойнағанын еске саламыз: Ненад Эрич, Марин Аничич, Неманья Максимович, Азат Нұрғалиев (Серікжан Мужиков, 62-минут), Игорь Шитов, Абзал Бейсебеков (Агим Ибраими, 84-минут), Патрик Твумаси, Юрий Логвиненко, Жуниор Кабананга (Джордже Деспотович, 86-минут), Дмитрий  Шомко, Рохер Каньяс.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button