Басты жаңалықтарСпорт

Төрт жыл күткен дода

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарына бір апта ғана уақыт қалды. Жанкүйерлер үшін бұл Олимпиада сүреңсіз түрде басталып кеткен де секілді көрінеді: допинг даулары, «қатыса ма, қатыспай ма» деген сауалдар төңірегіндегі таластар…  Мұның бәрі болашақ жарыстардың, жүлделердің тағдырына міндетті түрде әсер етеді.

Біздің де «осы жолы елімізден үш дүркін Олимпиада чемпионы шығады-ау» деген үмітіміз Риодағы Ойындардың алауы жанбай жатып өшті. Иә, әңгіме Илья Ильин туралы екені белгілі ғой. Илья бастаған төрт ауыр атлетіміздің жарыстан шеттетілуі «биылғы Ойындарға бес бірдей Олимпиада чемпионымен барамыз!» — деп асқақтап тұрған көңілімізді су сепкендей басты. Дегенмен, «әр істің қайыры бар» деп, Алладан жақсылық қана күтіп үйренген халықпыз. Шүкір, соңғы жылдары спортшыларымыздың жетістіктері тәп-тәуір, ауызды құр шөппен сүртетіндей халде емеспіз. Әлде де Риоға үлке-ен үмітпен қарай аламыз.

 

5 тамыз, «Маракана» стадионы…

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Ойындарға әлемнің түкпір-түкпірінен — 207 елден — 10,5 мың спортшы қатысады. Олар спорттың 33 түрі бойынша бақ сынасады. Рио Олимпиадасында барлығы 306 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Олимпиаданың ашылу салтанаты 5 тамыз күні «Маракана» стадионында өтеді. Әзірге нақтыланған жоқ, алайда интернетте Олимпиада алауын Пеле тұтандыруы мүмкін деген сөз тарады. Бразилияның атақты футболшысы Пеленің жасы қазір 76-ға қарап тұр.

 

Кім қанша спортшы апарады?

Олимпиадаға ең көп спортшы апаратын ел — АҚШ болмақ. Рио Ойындары жолдамасын жеңіп алған америкалық спортшылар саны — 555. Олимпиадаға қатысатын спортшыларының саны жөнінен екінші орында Бразилия тұр. Ойындар қожайыны 462 жолдамаға қол жеткізіпті. Риоға Германиядан — 425, Қытайдан 416 спортшы аттанады. Осылардың арасында, мысалы, Қытай құрамасы сапында 35 Олимпиада чемпионы бар.

ХХХІ Ойындар қарсаңында Ресей спортшылары төңірегінде дау ерекше өршіді. Алдымен олардың жеңіл атлетика құрамасының жарыстардан шеттетілетіні жөнінде хабар тарады. Одан қалды, бұл елді Олимпиадаға мүлде қатыстырмау туралы да мәселе көтерілді. Ақыры, өткен жексенбіде, Халықаралық Олимпиада комитеті орыс спортшыларын Ойындарға жіберіп-жібермеу мәселесін шешуді халықаралық спорт федерацияларына тапсырды. Ал кейбір батыстық БАҚ-тар таратқан ақпараттарға сай, ХОК Олимпиадаға Ресейден тек 40 спортшының ғана қатысуына рұқсат беруі мүмкін.

 

Біздің саңлақтар

Қазақстан Рио Олимпиадасына спорттың 26 түрі бойынша 105 жолдама жеңіп алды. Риоға аттанатын спортшыларымыздың төртеуі Лондон Олимпиадасының жүлдегерлері: Ольга Рыпакова (алтын), Әділбек Ниязымбетов (күміс), Иван Дычко (қола) және Гузель Манюрова (қола).

Допинг дауы салдарынан ауыр атлетшілеріміз екі жолдамадан айырылып отыр. 2015 жылғы Хьюстондағы (АҚШ) әлем чемпионатынан кейін, олардың Рио-де-Жанейро Олимпиадасына 10 жолдама жеңіп алғаны туралы жария етілді. 10 жолдама дегеніңіз — бір ел үшін мүмкін болатын ең жоғары меже. Яғни, ауыр атлетшілеріміз иемденген жолдамалар санының өзі — таңдаулылар болмаса, кез келгеннің уысына түсе бермейтін табыс еді. Бірақ «қазақстандық зілтеміршілер қанынан допинг табылыпты» деген «жырдың» бір ұшы осы жолдамалар санының он емес, сегіз боп қысқаруына әкелді.

Бір қызығы, бірер күн шамасында ғана қоржынымызға ойламаған жерден дзюдодан бір жолдама түсті. Бұл жолы канадалық спортшы Артур Маргелдион допинг дауына ілікті де, оның жолдамасы резервте тұрған біздің Дидар Хамзаға бұйырды. Дидар Хамза — 73 кг салмақ категориясы бойынша өнер көрсетіп жүрген спортшы. Биылғы мамырда өткен Гран-при жарысында ол Олимпиада ойындарының жүлдегері, моңғолиялық Ням-Очир Саинжаргалды жеңіп, жас та болса, мықтылығын көрсетті.

Сонымен, Риоға бұған дейін жария етілгендей бес емес, алты дзюдошымыз аттанып кетті.

 

Ту ұстаушы

Ашылу салтанатында еліміздің туын таэвондошы Руслан Жапаров көтеріп шығады. Руслан да — жас спортшы. Олимпиада жолдамасын үстіміздегі жылдың сәуір айында Филиппинде өткен лицензиялық турнирде ұтып алыпты.

Ту ұстап шығу үшін Русланның таңдап алынуы жұртшылықты таң қалдырды. Расында, дардай әлем чемпионы атағын иемденген спортшыларымыз тұрғанда, бұл қалай? Дегенмен, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің өз есебі бар: ұзаққа созылатын ашылу салтанатына жарысқа алғашқы күндерден қосылатын саңлақтарымызды қатыстырып, шаршатқысы келмейді. Ашылу салтанаты кезінде ту ұстаушы 7-8 сағат бойы тік тұруы тиіс. Тіпті де оңай емес. Ал Руслан жарысқа 17 тамызда ғана қосылады. «Оған дейін шаршағаным басылып, жарысқа жақсылап әзірленіп үлгеремін» — деп құлшынып тұр. Әрине, біз ту ұстаушымызға ерекше тілектеспіз.

Естеріңізге сала кетсек, 1996 жылғы Атланта және 2000 жылғы Сидней Олимпиадаларында — Қазақстанның туын боксшы Ермахан Ыбырайымов, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында — дзюдошы Асхат Жіткеев, 2008 жылы Пекинде — ауыр атлет Бақыт Ахметов, ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында грек-рим палуаны Нұрмахан Тінәлиев алып шыққан еді.

 

Үлесі жоқ өңір

Жуырда қазақстандық сайттарда (inform.kz, т.б.) тәуелсіз еліміз тарихында Олимпиадалардағы жетістіктерімізге қай өңірдің қандай үлес қосқаны жөнінде деректер жарияланды. Қазақ спортшылары 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бастап бес Жазғы Ойындарға қатысты. Осы жарыстарда 52 медаль иемденді. Олардың он алтысы — алтын, он жетісі — күміс және он тоғызы — қола. Өңірлерге бөлсек, Алматы облысы мен Алматы қаласының үлесінде — тоғыз-тоғыздан, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстары үлесінде — алты-алтыдан түрлі жүлделер бар екен. Қарағанды облысының қосқан үлесі де айтарлықтай: екі алтын, бір күміс және екі қола. Қызылорда облысы бір ғана спортшының, яғни Илья Ильиннің екі алтыны арқасында өңірлер үлесі бойынша жасалған кестеде төртінші тұр. Бір алтын, бір күміс медалі бар Солтүстік Қазақстан — жетінші орында. Ақмола облысы алтынсыз болғанымен, екі күміс, бір қоласы бар. Астана қаласы мен Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары 1 күміс және 1 қола жүлдегерден шығарыпты. Атырау мен Қостанай облыстарының үлесінде бір-бір қола бар. Павлодар облысы — мүлде жүлдесі жоқ өңір.

Ақтөбе ше? Жоғарыда аталған кестеде біздің өңір бір алтын медальмен 8-орында тұр. Бұл — боксшы Ермахан Ыбырайымовтың Сиднейде алған алтыны. Дегенмен, Ермахан Жамбылда туған, бокс әліппесін ол алдымен Жамбылда үйреніп, кейіннен Алматыда жаттықты. 1996 жылғы Ойындарда Алматы қаласы атынан өнер көрсетті. Сиднейге аттанарда да 2000 жылға дейін Алматыда жаттықты. Ақтөбеге Олимпиада басталар алдында көшіп келді де, бірер жылдан соң кері көшіп кетті. Кестеде көрсетілген біздің үлесіміздің тарихы осындай…

Ал Рио Олимпиадасына Ақтөбе атынан екі спортшы қатыспақ: еркін күрес палуаны Нұрислам Санаев пен зілтемірші Фархад Харки. Кенеттен пайда болған Нұрислам Санаев кім деп дағдармаңыз, ол — спортсүйер қауымға есімі жақсы таныс Артас Валентинович Санаа. Олимпиада алдында аты-жөнін өзгертуге шешім қабылдапты. Артас — Краснояр өлкесінде туған ресейлік палуан, соңғы жылдары Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр. Ал Фархад Харкидің Лондон Олимпиадасы алдында Қытайдан келгенін жақсы білесіздер. Естеріңізде болса, өткен Олимпиадаға да Ақтөбе өңірі легионерлер аттандырған болатын: ресейлік Александр Тарабрин мен Фархад Харки. Соңғысы Лондонға барғанмен, жарысқа қатысуға рұқсат берілмеді.

Өкінішке қарай, өз топырағымыздан шыққан спортшылардың жолдары болмай-ақ жүр. Біз осы жолы дзюдошы Рүстем Ыбыраев пен палуан Мейрамбек Айнағұловтан үміт күткенбіз. Рүстем 2012 жылдан бері біраз асуларды бағындырды, соған орай оның әлемдік рейтингтегі көрсеткіші Олимпиада жолдамасын иемденуге мүмкіндік беріп тұр, алайда ол әлем чемпионы Елдос Сметовтің салмақ дәрежесінде (60 кг) өнер көрсетеді. Ал Олимпиада — әлем біріншілігі емес, мұнда бір салмақ категориясында жарысқа бір елден екі спортшы жіберілмейді. Грек-рим күресінің палуаны Мейрамбек Айнағұловтың лицензиялық турнирлерде жолы болмады. Ендігі үміт — Токиода…

 

Біздің жаңалық…

Айтпақшы, биыл жеңіл атлетикадан Қазақстанның әйелдер құрамасы алғаш рет эстафеталық жарыста бақ сынайды. Құрамадағы желаяқ қыздарымыздың аты-жөндері: Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Анастасия Тулапина және Светлана Иванчукова. Ольга Сафронова — 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы болса, Виктория Зябкина — Азия ойындарының күміс жүлдегері. 2015 жылғы Универсиададағы эстафеталық жарыста осы төрт қыз алтынға қол жеткізген еді. Онда да жарыс түрі — 4х100 метр болған.

Олимпиадада осы жарыс түрі бойынша 16 елдің спортшылары бақ сынайды.

 

Сметов Винокуровтың ерлігін қайталай ма?

6 тамызда, яғни жарыстардың алғашқы күнінде қазақстандық саңлақтар арасынан дзюдошы Елдос Сметов өнер көрсетеді. Естеріңізде болса, Лондонда қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров алғашқы жарыс күнінде қоржынымызға алтын салған еді. Елдосқа да біз осыны тілейміз. Үміттенуімізге әбден негіз бар: Елдос Сметов — қазіргі әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия Ойындарының чемпионы, әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшы.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Олимпиадада саңлақтарымыздан күтеріміз көп.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button