Спорт

«Ақтөбе» — алғашқы алтылықта!

Премьер-Лига

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев чемпионат басталар шақта «Ақтөбе» клубының директоры Дмитрий Васильев пен бас бапкер Юрий Уткульбаевқа командамыз бірінші кезеңді алғашқы алтылықтың сапында аяқтауы керектігі туралы тапсырма берген болатын. Сол кезде: «Оу, қайдағы алтылық! «Ақтөбеңіз» биыл Премьер-Лига қатарынан шығып қалмаса, шүкіршілік айтыңыздар» деген сыңайдағы қарсы әңгімелер гулеп қоя берді.

Расында да, биыл түгелдей дерлік жаңарған команданың қадамдарына әу баста басқалар түгілі шын жанашырлардың өздері күдіктене қарап еді. Дегенмен «Ақтөбе» бірінші кездесуде Шымкентте «Ордабасы» командасынан ұтылғанымен (1:3), екінші турда сырт алаңда «Таразбен» тең түсті (1:1). Одан соң қақпамызға елордададағы ойында «Астана» 83-минутта әзер бір гол соқты да (0:1), футболшыларымыз сол елордада, «Астана-Аренада» өткен төртінші ойында «Жетісуды» (3:2), оған ілестіре Қостанайда «Тобылды» жеңді (2:1). Ал алтыншы турда чемпионат басталғалы қарсыластарын бет қаратпай келе жатқан (1:0; 3:0; 3:0; 2:0; 2:0) «Ертістің» ентігін басты (1:1). Қысқасы, алғашқы алты турда «Ақтөбе» бесінші орынға шыға келді. Енді басқа командалардың жерлестерімізбен есептеспеске амалы да қалмады.

Міне, осылайша «Ақтөбе» чемпионаттың бірінші кезеңінде алға қойылған мақсатты толық орындады. Әрине, ащы жеңілістер болды, жарақат алып кеткен ойыншыны ауыстырар дәл сондай дәрежедегі футболшы табылмаған уақыттар кездесті, «Ақтөбе» командасы туралы сырттан жылы пікірлер айтылмай қойған кезеңдерді бастан кештік. Қалай болғанда да, команда барлық мәселе тек қымбат бағалы футболшыларға ғана тіреліп тұрмағанын дәлелдеді, сондай-ақ жергілікті футболшыларды тәрбиелеудің мүмкіншілігі табылатынын көрсетті. Ал осал тұстарымыз әбден сараланып, кешегі трансферлік кезеңде командамыз жаңадан сенімді ойыншылармен толықты.

Ал алғашқы алтылықты анықтап берген 22-турға келсек…

Чемпионаттың бірінші кезеңінің бұл соңғы турында «Тобыл» да, «Атырау» да жеңіске жетті. Бір қызығы, ірі есеп нәтижесін көрсеткен «Тобыл» бес голды да «Ақжайықтың» қақпасына ойынның екінші таймында өткізді. Үштікке ілігуден дәмесі бар «Оқжетпес» өз алаңында «Ертістен» 0:2 есебімен ұтылып қалды. Тель-Авивте «Маккабиге» (Израиль) шамасы жетпеген «Қайрат», әрине, Алматыда «Таразды» жеңді (3:1). «Шахтер» мен «Астана» кездесуі 9 тамызға қалдырылды.

Жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ордабасы» командасын қабылдады. Бұл күні бірде күшейіп, бірде бәсеңсіп, ақ жауын тынбастан себеледі де тұрды. Ең қуаныштысы, осындай қолайсыз ауа райына қарамастан Қобыланды батыр атындағы стадионға жақсы үміт жетелеген жанкүйерлер мол жиналды. Сол үміт ақталды да.

Су кешкен футболшылар, обалына не керек, жан аямай ойнады. «Ақтөбе» бірінші тайм бойы шабуылдаудан тынбады. Лассина Дао соққан допты Алмат Бекбаев қайтарса, Алексей Щеткинге дәлдік жетіспей қалды. Бұдан соң Кирилл Шестаков тепкен допты тағы да Бекбаев дарытпады. Тағы да Щеткин допты қақпадан сәл сыртқары жіберіп алды. Әрине, су басқан алаңда өрнекті ойын көрсету тіпті де қиын болғаны мәлім. Доп суға жүзіп жүрді деуге болатындай.

Екінші таймда бірден Никта Бочаров, оған іле-шала Куасси Куаджа басқа ойыншылармен алмасқан соң жерлестеріміздің қарқыны бәсеңсіп қалды. Рас, Щеткин мен Дао белсенділіктерін жоғалтқан жоқ. Дегенмен гол соғудың мүмкіндігі табылмай қойды. Расына келгенде, табылды да. 69-минутта Бағдат Қайыров оң қанаттан тамаша әдіспен асырған допты Лассина Дао баспен соғып қарсыластар қақпасына сүңгітіп-ақ жіберді. Дегенмен төрешілер бұл голдың офсайдтан соғылғанын желеу етіп, есептемей қойды.

Бұдан әрі желпіне беру жер соқтырып кетуі де мүмкін еді. «Ақтөбеге» алғашқы алтылыққа ену үшін бір ұпай да жеткілікті болатын, ал «Ордабасы» командасына сырт алаңнан бір ұпай олжалап оралу және аз табыс емес екені мәлім. Осылайша ойынның соңына таман екі команданың да қарқыны басылып, екі жақ та тең ойынмен қанағаттануды мақұл көрді.

Кездесу соңында болған баспасөз мәслихатында «Ақтөбенің» бас бапкері Юрий Уткульбаев өз жігіттеріне ризашылығын білдірумен қатар, жаңбырлы күнге қарамастан қай кездегідей де соншама зор қолдау көрсеткен жанкүйерлерге шын жүректен шыққан мол алғысын жолдады. Ал «Ордабасы» командасының бас бапкері Бахтияр Байсейітов сүйікті командасы үшін шын жаны ашитын ақтөбелік жанкүйерлерді қатты қадірлейтінін айтты.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 0:0

Ескерту қағазын алғандар: Б.Қайыров, 65-минут; К.Шестаков, 74-минут («Ақтөбе»)

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Куасси Куаджа (Егор Азовский, 49-минут), Лассина Дао (Әбілхан Абдукаримов, 90-минут), Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Никита Бочаров (Сандро Цвейба, 46-минут), Вук Митошевич, Бағдат Қайыров, Виктор Крюков, Кирилл Шестаков (капитан), Александр Щеткин.

 «Ордабасы»: Алмат Бекбаев, Александр Гейнрих (Бекзат Бейсенов, 76-минут), Абдулай Диакате, Доминник Чатто, Александр Симчевич, Гогита Гогуа (Отар Марцваладзе, 64-минут), Ренат Абдулин, Талғат Адырбеков, Қайрат Әшірбеков (Мардан Төлебек, 60-минут), Мұхтар Мұхтаров (капитан), Бақдәулет Қожабаев.

24 шілде. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. 5200 адам.

Бұл екі команда осыған дейін 38 рет кездесті. 22 рет «Ақтөбе» жеңіп, 5 кездесуде «Ордабасы» басым болды, ал 11 ойын тең есептермен аяқталды.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Оқжетпес»-«Ертіс» — 0:2

Гол авторлары: Роман Муртазаев, 27-минут (0:1); Казбек Гетериев, 67-минут (0:2).

89-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Әлібек Бөлешев («Оқжетпес»)

жасыл алаңнан қуылды.

«Қайрат»-«Тараз» — 3:1

Гол авторлары: Бауыржан Исламхан, 10-минут (1:0), Дәуренбек Тәжімбетов, 19-минут (1:1); Андрей Аршавин, 41-минут (2:1); Жерар Гоу, 90+3 минут (3:1).

«Ақжайық»-«Тобыл» — 0:5

Гол авторлары: Душан Савич, 50-минут (0:1); Душан Савич, 56-минут (0:2); Арурас Жулпа, 75-минут (0:3); Нұрбол Жұмасқалиев, 84-минут (0:4); Сергей Хижниченко, 89-минут (0:5).

«Атырау»-«Жетісу» — 1:0

Гол авторы: Пшемыслав Трытко, 79-минут (1:0).

*   *   *

22-турдың нәтижелері:

Бір кездесу кейінге қалдырылған бұл 22-турда 12 гол соғылды. Бес кездесу бес түрлі есеппен аяқталды.

Алаң иелері 4 гол соқса, қонақтар 8 доп өткізді.

2 кездесуде алаң иелері, 2 ойында қонақтар жеңді, 1 кездесу тең есеппен аяқталды.

Бір ірі есеп нәтижесі (5:0) тіркелді.

Шапшаң гол авторы — Бауыржан Исламхан, 10-минут («Қайрат»).

Бір ойында Душан Савич («Тобыл») екі гол соқты.

Кездесулер барысында 16 ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ.

Екі пенальти орындалып (Б.Исламхан, «Қайрат»; Р.Муртазаев, «Ертіс»), екеуін де қақпашылар дарытпады.

Мергендер көшінің басында 15 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») тұр.

Чемпионат басталғалы 131 кездесу өтті. 63 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 40 тайталаста қонақтар басым түсті, 28 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 316 гол соғылды (алаң иелері — 173, қонақтар — 143), сөйтіп әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,41 гол енді.

Біздің мергендеріміз:

Дидар Жалмұқан — 5 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Самат Смақов — 5 (4);

Никита Бочаров — 4;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1;

Сандро Цвейба — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Дмитрий Голубов — 1;

Лассина Дао — 1;

Алексей Щеткин — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 11 кездесу өткізіп, 5 ойында жеңіске жетті, 3 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 13:13. Ұпай — 17. Сырт алаңда 11 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 10:19. Ұпай — 10.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

1.Астана      21       17       2          2          34-12    53

2.Қайрат      22        14       4          4          50-22    46

3.Ертіс          22       12       5          5          37-18    41

4.Оқжетпес 22       11       4          7          32-23    37

5.Ордабасы           22        9         6          7          26-27    33

6.Ақтөбе      22        7         7          8          23-32   28

7.Атырау      22       7          7          8          21-23   28

8.Тобыл        22        8         4          10       28-26    28

9.Жетісу        22       6          5          11       22-32    23

10.Тараз       22        5         4          13       22-30    19

11.Шахтер    21        4         6          11       8-27      18

12.Ақжайық 22       3          2          17       12-44   11

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*  *   *

 

Үш бірдей команда 28 ұпайдан жинап, бұлардың арасынан алтыншы орынға «Ақтөбе» лайық болды. Премьер-Лиганың 2016 жылғы регламенті бойынша чемпионаттың және бірінші кезеңнің қорытынды кестесінде басымдық (бірінші орыннан басқасы) мына жайлар бойынша анықталады:

12.6.1. Өзара кездесулер есебі бойынша (ұпай саны, жеңіс саны, қарсы қақпаға өткізілген және өз қақпасына жіберілген доптар айырмашылығы, өткізілген доптар, сырт алаңда өткізілген доптар);

12.6.2. Барлық кездесулерде өткізілген және жіберілген доптар;

12.6.3. Барлық кездесулердегі жеңістер саны;

12.6.4. Барлық кездесулерде ең көп өткізілген доптар саны;

12.6.5. Барлық кездесулерде сырт алаңдағы кездесулерде ең көп өткізілген доптар саны.

Ал бұлардың барлығы тең болған жағдайда кезек жеребеге беріледі. Бірақ бұл жолы жеребенің қажеті болмады. Өйткені өзара кездесулер төмендегідей есептермен аяқталған болатын:

«Ақтөбенің» басымдылығы: «Тобыл»-«Ақтөбе» — 1:2; «Ақтөбе»-«Тобыл» — 0:1;

«Ақтөбенің» басымдылығы: «Ақтөбе»- «Атырау» — 1:0; «Атырау»-«Ақтөбе» — 1:1;

«Атыраудың» басымдылығы: «Тобыл»- «Атырау» — 1:2; «Атырау» — «Тобол» — 0:0.

Осылайша екінші кезеңде алғашқы алтылықта «Астана», «Қайрат», «Ертіс», «Оқжетпес», «Ордабасы» және «Ақтөбе» командалары ойнайтын болды. Қалған командалар екінші алтылықта бәсекелеседі.

Ал кейінге қалдырылған «Шахтер»-«Астана» кездесуінің турнирдің қорытынды кестесіне еш әсері тимейді.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Баланы орыс мектебіне бердің бе, бітті, ол бала қайтып қазақ болмайды
    Мен – алыс-жақын шетелдерде 18 жыл жұмыс істеп, сонан кейін Қазақстанға қайта оралған қазақпын. Сондағы айтпағым – біздегі кейбір «мәселелер» туралы.
    Шетелде бәрі ашық, бәрі жария істеледі ғой. Мәселен, үйдегі бір баламыз өте қорқақ делік. «Баламыз тым қорқақ…» дейміз де, өзіміз жайбарақат жүре береміз. Ал шетелде әлгі баланы психологқа, дәрігер-ғалымға алып барады. Өйткені, қорқақтық – ауру. Ауыр дерт.
    Шетелде жүргенімде осы ше­телдіктердің елгезектігіне талай рет таңғалдым. Егер Жапо­ния­да жапон балалары жапон тілін білмей, өзге тілде сөйлей бастаса (әрине, Жапо­ния бұған ешуақытта жол бер­мейді! Мен мұны тілге тиек ре­тінде алып отырмын), сол күні-ақ бүкіл Жапонияда дабыл қағылады. Бұл не? Бұл қандай құбылыс? Бұл неден шыққан? Жапон баласының жапон тілін білмеуі деген не сұмдық? Мем­лекет қайда қарап отыр? Үкімет ше? Не керек, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін тексеріліп, мемлекет тарапынан тиісті шара қолданылады. Ал бізде ше? От­басын былай қойыңыз, тұтас ауыл, тұтас аудан, тұтас облыс қазақша сөйле­месе де ештеңе демейміз.
    Германияда дәл қазір 8 мил­лионға жуық түрік тұрады. Бұлардың дені – қара жұ­мысшы­лар. Бірақ, Германия үкіметі «Бізде 8 миллион түрік тұра­ды ғой, бұларға өз тіліндегі мектеп, газет-журнал, мәдени орталық ашып берейік» деген емес. Деге­ніңіз не, сол 8 миллион түрік тарапынан осындай ұсыныстар болған кезде, оған қатаң тыйым салып, түріктерді ендігәрі аузын ашпайтындай етіп тастайды. Ал енді біз түрлі ұлттардың мәдени орталық­тарын, мектептерін ашып тастадық. Бұл қай мырзасыну?
    Шетелде жүргенімде, әсі­ресе, «орыс тілінде жазатын қа­зақ жазушысы» дегенді шетел­дік әріптестеріме түсіндіре алмай-ақ қойдым ғой. Сонан кейін олар мән-жайды сұрайды. Мен түгел айтып шығам. Содан соң олар «Е,е, ондай жазушыны орыс жазушысы» деп атасаңдар да болады ғой. Жазушының ұлтын анықтайтын не? Тілі. Тіл – жазушының қай ұлттан екендігін білдіретін бірден-бір шарт. Кімде-кім қай ұлттың, елдің мәдениетін ойы мен бойына көбірек сіңірсе, ол сол тілде жазады. Орыс тілінде жаза ма, ол – орыс жазушысы. Және де ол сол жазғанымен, аз да болса орыс әдебиетінің, орыс тілінің, орыс мәдениетінің аясын ке­ңейтті. Соған үлес қосты. Демек, ол – орыс жазушысы. Оны «қазақ жазушысы» деп неге өздеріңді өздерің алдайсың­дар?» дейтін. Қазір қарап отырсам, солардікі дұрыс екен.
    Ал біз әлі күнге дейін орыс тілін, орыс әдебиетін, орыс мәдениетін, орыс өнерін дамытып жүрген қазақтарды «қазақ жазушысы», «қазақ мәдениет­танушысы» және т.б. деп өзі­міз­ді де, өзгені де алдап жүріппіз.
    Баланы орыс мектебіне бердің бе, бітті, ол бала қайтып қазақ болмайды. Өле-өл­генше орыс тілінің, орыс мәдениетінің мүд­десін көздеп өтетін болады. Біз байғұс ең болмаса осыны да айта алмаймыз ғой. Ал шетелде мұның бәрі ашық, жария айтылады. Біз де осындай ашық­тыққа, жария­лылыққа қашан қол жеткізер екенбіз?

    Сағадат СЫРЫМҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button