Ауыл

Ауыл: шілдедегі шаруалар

35 ШАРУАШЫЛЫҚ 1 КООПЕРАТИВКЕ БІРІКТІ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кооперативтер құру міндетін қойып отырғаны мәлім. Расында да, бұлай болмайынша ұсақ шаруашылықтармен үлкен табыстарға жету қиын.

Осыны түсінген Кемпірсай және Ащылысай селолық округтерінің  35 аула шаруашылықтары  бірігіп, жылдың басында «Жусалы» өндірістік кооперативін құрды.

Оны тәжірибелі ауыл шаруашылығы маманы Жарқынбек Ықыласов басқарады. Қазір бұл кооперативтің қарамағында 145  ірі қара бар, негізінен сиыр. Кооператив жетекшісінің айтуынша, осы шілде айында алғашқы субсидия алынды.

Кооперативтің  3 мың гектар жайлымдық, 40 гектар суармалық, 400 гектар егістік және шабындық жерлері бар.

Бүгінгі таңдағы кооперативтің міндеті аналық малдың басын көбейтумен байланысты болып отыр. Сол кезде ғана сүтке субсидия алуға болады. Мұнымен бірге, алдағы жылы кооператив қой отарын жасақтауды ойластыруда.

Бұл жерде мәселе түсінікті, малдың саны неғұрлым көп болған сайын, мемлекеттің қолдауы да ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдікпен алуға болады. Сол арқылы өндірілетін өнімнің көлемін арттыру, өндірістің тиімділігін арттыру қажет. Ауылдық тауар өндірушілердің басты мақсаты да осы.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

 

ШАҒЫН НЕСИЕ — ШАРУАҒА ДЕМЕУ

Жылдың төрт мезгілінде мал бағып, оның басын көбейту және өнімдерін молайту жолында жанкешті еңбек етіп жүрген ауыл еңбеккерлерінің төзімділігі мен сабырлылығына таң қалмасқа болмайды. Осындай еңбекқор азаматтардың бірі —

 «Кемпірсай» шаруа қожалығының басшысы Еркін Бежанов.

Ол «Жұмыспен қамту —2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңге несие алып,  мал базын салып жатыр. Бүгінгі күні оның шаруашылығында 100-ден астам ірі қара малы бар. Оның 30-ы — аналық сиыр.

  • Несие алып, ауылдың шетіне қыста мал тұратын баз салуды ойлағанмын. Енді сол ойымды жүзеге асырып, қазір баз салып жатырмын. Оны жарықпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттің қолдауымен қуаты 25 киловольт-ампер болатын трансформатор қондырдым. Күзде баздың құрылысы аяқталып, биыл қыста малымызды осында ұстаймыз, — дейді Еркін.

Шаруашылық басшысы биыл Хромтау ауданының Абай ауылындағы «Жантізер» шаруашылығынан асыл тұқымды бұқа сатып әкеліпті. Сондай-ақ биыл оған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен 400 гектар жер берілген.

  • Қазір шаруа қожалығында жүз шақты ірі қара малымыз бар. Соған жем-шөп дайындап жатырмыз. Болашақта өзім ақ бас сиыр тұқымын көбейткім келеді. Өткен жылы ірі қара малына субсидия алдым, — дейді шаруа.

Оның айтуынша, қазір мал тұқымын асылдандыруға, оның санын көбейтіп, өнімдерін молайтуға қазақтың ақ бас сиырынан артық мал тұқымы табылмайтындығына шаруалардың көзі жетіп отыр. Себебі, қазақы ақ бас сиырдың төлдері ірі, еті мен сүті мол, әрі құнарлы болып келеді. Ақ бас сиыр күтімі келіссе, оңайлықпен азбайды.

«Кемпірсай» шаруа қожалығы бүгінгі күні 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның екеуі биржа арқылы жұмысқа қабылданған.

Айта кету керек, бүгінгі күні аудан бойынша жеке сектордағы мүйізді ірі қара мал аналықтарын асылдандыру үшін «Қосестек Агро» ЖШС 94 бұқа, «Темірхан» шаруа қожалығы 26 бұқа, «Қарабұлақ» шаруа қожалығы 8 бұқа, «Тассай» шаруа қожалығы 2 бұқаны жеке қоғамдық табындарға қосқан.

Д.ҚАЗИХАН.

Қарғалы ауданы. 

 

 

138 МЫҢ ТОННА ШӨП ЖИНАЛАДЫ

Ауданда мал азығын дайындау жұмыстары маусым айының басында басталды. Ауа райының жауын-шашынды болуы өңірде шөп шығымын жақсарта түсті.

Биыл хромтаулық мал өсірушілер 138 мың тонна шөп жинауды жоспарлап отыр. Қазір мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Диқандар демалыссыз жұмыс жасап жатыр. Әдеттегідей бұл істе Бөгетсай және Тасөткел селолық округінің шаруалары алдыңғы орында келеді.

Биылғы жылы шаруа қожалықтарының ғана емес, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, жергілікті тұрғындардың малын шөппен толықтай қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Шөп тіпті Ақтөбе қаласындағы мал базарында сатылуға шығарылды. Бүгінгі күні ауданға көршілес облыстардан шөп сатып алушылар жиі келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Сағымбаев шөп уақытында шабылғандықтан, жоғары сапаға ие екенін айтады.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы. 

 

 

Экологиялық акция

45 ЖАС БЕЛСЕНДІ 4 БҰЛАҚТЫҢ КӨЗІН АШТЫ

Бұлақтың көзін ашу қай кезде де сауабы мен пайдасы мол іс. Аудандық жастар ресурстық орталығының бастауымен тұңғыш рет «Бұлақ көрсең —көзін аш» экологиялық акциясы бастау алды.

«Жасыл ел» жасағының жауынгерлері мен белсенді жастар біріге отырып, Алға қаласының мал жайылымы аумағындағы төрт бұлақтың көзін тазалады. Лай мен балшығы шығарылып, арнасы кеңейтіліп, тазартылды. Жастардың бойында имандылық, еңбексүйгіштік, туған жерге деген құрмет  қасиеттеріне баулитын бұл шараға қырық бес белсенді патриот қатысты.

Жастар бұлақтарға Өркен, Ақдидар, Ақбұлақ, Айнабұлақ деген атаулар берді.

Жастар ресурстық орталығының мүшелері енді Бестамақ, Бесқоспа, Маржанбұлақ, Қарабұлақ ауылдық округтерін аралап, сауапты істерін жаз бойы жалғастырмақшы.

Әсел АБДУЛЛИНА,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button