Спорт

Қос шабуылшы соққан қос гол «Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

Премьер-Лига

21-турда «Тобыл» өз алаңында «Оқжетпестен»ұтылса, «Атырау» сырт алаңда «Астанадан» жеңілді. «Ордабасы» Шымкентте «Тараздан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Өткен турдағы секілді бұл турда да «Қайрат» жеңіске 3:2 есебімен қол жеткізді.

Бұл турда жерлестеріміз қарағандылықтарды қабылдады. Өзін жайсыз сезінді ме, Дидар Жалмұқан 9-минут шамасында жасыл алаңды тастап шықты да, оның орнына шабуылшы Лассина Дао кірді. Таймның бірінші жартысында ақтөбеліктердің жаппай алға ұмтылмай, абайлап шабуылға шығып отырғанының негізгі себебі осы еді. Ойынға бірден қос шабуылшымен кірісу «Ақтөбенің» дағдысында жоқ болатын. Бірақ, амал қанша, осылай істеуге тура келді. Осындай кібіртіктеуді байқаған қарағандылықтар әлсін-әлсін шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Бірақ біздің жігіттер тым сипақтамай, жаңа өзгеріске тездетіп бой үйретті де, таймның орта тұсына таман қарсыластар алаңына лап берумен болды, енді қарағандылықтар абыржи бастады. Сондай сәттердің бірінде, 22-минутта осы ойында жан аямаған Бағдат Қайыров оң қанаттан айып алаңына әуелете әдемі пас тастады да, сол тұста жортып жүрген Лассина Дао қақпаға ту сыртымен қарап тұрып, әлгі келген допты қақырата қайшылай тепті, қақпашы Игорь Шацкий шарасыз халде тұрды да қалды — 1:0.

Екінші таймда қарағандылықтар алғашқы 45 минутта нәтиже бермеген шабуылдарына қайтадан жан кіргізудің қамын ойлаумен болды. Бірақ тағы да ақтөбеліктер тізгіннен айрылмады, оны былай қойғанда, бұлар қарсыластар қақпасына барар жолды аршудың қамын қарастыруды үдетті. Н.Бочаров нысананы дәл көздей алмай қалды. Л.Дао мен К.Шестаковтың соққыларын қорғаушылар тоқтатты. Сондай-ақ Вук Митошевич әлсін-әлсін ана тұстан да, мына тұстан да жарқ етуді ұлғайтты. Сол Митошевич 58-минутта қарсыластар қақпасының сол жақ бұрышынан, көп қорғаушының арасынан жол тауып, аса бір оңтайлы пас тастады да, Алексей Щеткин шалт қимылдап, жібек торды дір еткізді — 2:0.

«Шахтер», әрине, әрісі есепті теңестіруді, берісі біреу де болса, қарымта гол соғуды ойлап, қарқынды қарсы шабуылдар ұйымдастырғысы келді-ақ. Ойыншыларын алмастырды. Бірақ бірде «Ақтөбенің» мығым қорғанысын бұзып-жару мүмкін болмады, енді бірде қай кездегідей де қақпашы Самат Отарбаев шеберлік көрсетті. Сөйтіп жүрген кезде екі таймға жалғастырылған қосымша минутта «Шахтер» өз қақпасына тағы бір гол енгізіп ала жаздады. Қарағандылықтардың жаппай шабуылға ұмтылған сәтін тамаша пайдаланған Игорь Бойчук алаңға шығар-шықпастан Вук Митошевичке тамаша пас тастады. Обалына не керек, Митошевч жүгіре шыққан Игорь Шацкийді алдап соғып, допты қақпаға бағыттап-ақ үлгеріп еді, жанұшыра жеткен қарағандылық қорғаушы Иван Садовничий аяғын тосып үлгерді.

Осылайша «Ақтөбе» соңғы үш ойында бір рет тең ойнап, екі рет жеңіске жетті.

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0

Гол авторлары: Лассина Дао, 22-минут (1:0); Алексей Щеткин, 58-минут (2:0).

Ескерту қағазын алғандар: В.Митошевич, 56-минут («Ақтөбе») — Ф.Серечин, 69-минут; М.Байжанов, 72-минут («Шахтер»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Куасси Куаджа, Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров (Игорь Бойчук, 88-минут), Вук Митошевич, Дидар Жалмұқан (Лассина Дао, 9-минут, Игорь Азовский, 70-минут), Бағдат Қайыров, Виктор Крюков, Кирилл Шестаков, Алексей Щеткин.

«Шахтер»: Игорь Шацкий, Корнелис Уббинк (Вячеслав Путинцев, 65-минут), Иван Садовничий, Юлиус Сзоке, Филип Серечин, Стефан Зошак, Марко Симоновски, Михаил Габышев (Айбар Нұрыбеков, 78-минут), Игорь Пикалкин (Оралхан Өміртаев, 86-минут), Мақсат Байжанов, Сергей Скорых.

Төрешілер: Марат Ысқақов (Астана), Сергей Васютин (Алматы), Максим Панин (Қостанай).

17 шілде. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.

Бұл екі команда осыған дейін 54 рет кездесті. 22 рет «Ақтөбе» жеңіп, 15 кездесуде «Шахтер» басым болды, ал 17 ойын тең есептермен аяқталды. Доп айырмашылығы 58 («Ақтөбе») — 48 («Шахтер»).

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Тобыл»-«Оқжетпес» — 1:0

Гол авторы: Игорь Юрин, 64-минут (0:1).

«Астана»-«Атырау» — 2:1

Гол авторлары: Владимир Аржанов, 7-минут (0:1), Азат Нұрғалиев, 20-минут (1:1); Азат Нұрғалиев, 39-минут (2:1).

«Ордабасы»-«Тараз» — 0:3

Гол авторлары: Андрей Яковлев, 4-минут (0:1); Әлішер Сүлей, 13-минут (0:2); Әлішер Сүлей, 40-минут (0:3).

«Жетісу»-«Ақжайық» — 2:0

Гол авторлары: Марко Джалович, 68-минут (1:0); Борис Кадио, 70-минут (2:0).

 «Ертіс»-«Қайрат» — 2:3

Гол авторлары: Семир Керла, 5-минут (1:0); Бауыржан Исламхан, пенальти, 16-минут (1:1); Леандре Тавамба, 22-минут (1:2); Леандра Тавамба, 39-минут (1:3); Роман Муртазаев, 45+1 минут(2:3).

 

*   *   *

21-турдың нәтижелері:

10,20-турлардағы секілді  бұл 21-турда да 16 гол соғылды.

Алаң иелері 8 гол соқса, қонақтар да дәл сондай 8 доп өткізді. Өткен турда да тура осылай болған.

3 кездесуде алаң иелері, 3 ойында қонақтар жеңді, тең есеп болған жоқ.

Бір ірі есеп нәтижесі (3:0) тіркелді.

Шапшаң гол авторлары — Андрей Яковлев, 4-минут («Тараз»); Семир Керла, 5-минут («Ертіс»); Владимир Аржанов, 7-минут («Атырау»); Бауыржан Исламхан, пенальти, 16-минут («Қайрат»).

Бір ойында екі гол соққандар: Азат Нұрғалиев («Астана»); Әлішер Сүлей («Тараз»); Лаендре Тавамба («Қайрат»). Осымен А.Нұрғалиев екінші турда қатарынан екі голдан соқты.

Кездесулер барысында 22 ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ.

Мергендер көшінің басында 14 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») тұр.

Чемпионат басталғалы 126 кездесу өтті. 61 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 38 тайталаста қонақтар басым түсті, 27 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 304 гол соғылды (алаң иелері — 169, қонақтар — 135), сөйтіп әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,41 гол енді.

Біздің мергендеріміз:

Дидар Жалмұқан — 5 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Самат Смақов — 5 (4);

Никита Бочаров — 4;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1;

Сандро Цвейба — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Дмитрий Голубов — 1;

Лассина Дао — 1;

Алексей Щеткин — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 10 кездесу өткізіп, 5 ойында жеңіске жетті, 2 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 13:13. Ұпай — 17. Сырт алаңда 11 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 10:19. Ұпай — 10.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

 

1.Астана      21       17       2          2          34-12    53

2.Қайрат      21        13       4          4          47-21    43

3.Ертіс          21       11       5          5          35-18    38

4.Оқжетпес  21       11       4          6          32-21    37

5.Ордабасы 21        9         5          7          26-27    32

6.Ақтөбе       21        7         6          8          23-32   27

7.Тобыл        21        7         4          10       23-26    25

8.Атырау      21       6          7          8          20-23   25

9.Жетісу        21       6          5          10       22-31    23

10.Тараз       21        5         4          12       21-27    19

11.Шахтер    21        4         6          11       8-27      18

12.Ақжайық 21       3          2          16       12-39   11

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.  

*   *   *

 

23 шілде, жексенбі күні өтетін бірінші кезеңнің соңғы, 22-турында «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ордабасы» командасын қабылдайды. Маусымның беташар турында, 13 наурызда Шымкентте өткен ойында 1:3 есебімен ұтылғанбыз.

Басқа ойындар:

23 шілде, сенбі
«Шахтер» (Қарағанды) — «Астана» (Астана)

24 шілде, жексенбі
«Қайрат» (Алматы) — «Тараз» (Тараз)
«Оқжетпес»  (Көкшетау) — «Ертіс» (Павлодар)
«Ақжайық» (Орал) — «Тобыл» (Қостанай)
«Атырау» (Атырау) — «Жетісу» (Талдықорған)

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button