Әлеумет

Тоғыз толғам

Адам ғұмыры былай қарағанда біліне бермейтін белестерден тұрады. Сол белестердің әр асуында күтіп тұратын кедергілері, тапжылмай жатып алатын тосқауылдары болады. Олардан абыроймен өту екінің бірінің еншісіне жазыла бермейтіні және аян. Бүгінгі күні тоқсан деген қонағы санаулы ауылдың шетіне ат басын тіреген Пана Әлиұлы Оралбаев соның бәрінен өтіп, талай тарихы бар оқиғалардың куәсі болып келеді. Сол жайттарды біз тоғыз толғамға сыйдыруды ниет еттік. Сонымен…

Бірінші толғам немесе балалық шақтың базары. Арал теңізі жағасында суға шомылып, құмға күйіп өскен баланы әкесі жетелеп әкеліп, Шалқар қаласындағы теміржол мектебінің есігінен енгізген күні қазірге дейін жадында. Әліппені қолға алып, әріп тани бастаған сол алаңсыз шақтары үлкен болашақтың бастауы екен ғой.

Сол тұстағы қазақтан шыққан санаулы ғана білімдар ұстаздардың бірегейі Мейірхан Орынбасаровтың алдынан сауатын ғана ашқан жоқ, сонымен бірге тәлім-тәрбие өнегесін де өрістетті.

Бала кезден қалған бір белгі – әкесі Әлидің баптап, жүйрік ат ұстайтындығы. Бала көңіл желден жүйрік жануардың үстінде алыс қияларға шарықтайтын. Ту қиырларға барғысы келетін. Ал сол ойлары кейін орындалғанының өзіне таң қалатыны бар…

Сосынғы бір ұмытпайтыны – қос ананың құшағында өскені. Сағира, Табиға деп аталатын екі шешесі тату-тәтті, отағасыларының қабағына қарап тіршілік етті.

Екінші толғам немесе «Талапты ерге нұр жауар». Отызыншы жылдардың ортасында елдегі жағдай қаншалықты ауыр болып, бір жағы ашаршылық, екінші жағы қуғын-сүргін қиқулары білініп тұрғанымен, халық балаларының оқу-тоқуына көңіл бөле бастаған еді. Баласының зеректігін байқаған әкесі Әли, ағасы Хасен оның  мектептегі біліммен шектеліп қалмауына көңіл бөлді. Сөйтіп, оны Арал қаласында заман талабына сай жаңадан ашылып жатқан жұмысшылар факультетіне оқуға берді. Ондағы оқытушылардың көбісі орыстар еді. Тіл кедергісі алдынан шыққанымен шәкірт бала намысқа тырысты, үлкендердің үкілі үмітін ақтау үшін де алға ұмтылды. Тамшының тас жаратыны секілді, ақырында орыс тілі де оңтайына соға бастады. Бірге оқитын орыс балаларының да бұған ықпалы тигені рас-ты. Осылайша, жұмысшылар факультетін қызыл дипломмен бітіріп шықты. Енді білім жолындағы сапарды ары қарай жалғастыра беру керек болды. Ол Алматыдағы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне емтихансыз қабылданды.

Үшінші толғам немесе үлкен істің бастаулары. Соғыс басталған 1941 жылдың шілде айында Пәкең университетті қызыл дипломмен бітірді. Жиырмадан енді асқан жас жігіттің бойында өмірге құштарлық, жалындап тұрған жігер бар-ды. Өйткені университет қабырғасында ол кәдімгідей жетілді, түледі. Мәскеу, Ленинград, Киев, Қазан қалаларынан келген білікті ғалымдар, ақ бас профессорлардан дәріс алды. Математиканың сан тарау құпияларын, шытырман есептерін шешу жолдарын игерді. Енді сол білімді шәкірттерге үйретсем деп арман жетегінде жүргенде, қанқұйлы соғыс амалсыздан үстіне шинель кигізді. Ол Қызыл армия қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы жаяу әскер училищесіне қабылданды. Онда бес ай оқығаннан кейін лейтенант шенінде Орталық майданда ұрысқа аттанды. Миномет батареясының командирі болғандықтан да нағыз оқ пен оттың ортасында жүруіне тура келді. Алғашқы шайқастың өзінде-ақ жау шабуылын тойтару мүмкіндіктері туды. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны да сол тұста. Бірде ауыр шайқаста қатты жараланып, содан бес ай әскери госпитальда жатқан кезі де болды. 1945 жылы мамыр айында Берлинді алуға дайындыққа қатысты. Бірақ ол Жеңісті сонау Өзбекстанның Ферғана қаласында тойлады. Аяқ астынан бұйрықпен жаңадан шыққан артиллерия қару-жарағын сынақтан өткізу осында жіберген сол кезде.

Соғыстан оралысымен Шалқар қаласындағы №1 орта мектептің директорлығына тағайындалды.  Майданнан оралған сыптай офицер жас мұғалім Күміс арудың қолынан ұстап, тілегін білдірді. Бәлкім, олардың өміріндегі ең бақытты кезең осы шығар.

Төртінші толғам немесе партия қызметінде. Ол кезде өз қызметінде іскерлік көрсеткен жігерлі жігіттерді партия қадағалап отыратын. Сосын сыннан өткізіп барып, жауапты міндеттер жүктейтін. 1953 жылы Пана Әлиұлын Шалқар аудандық партия комитетіне шақырды. Әуелгіде партия кітапханасының меңгерушісі болды, сосын көп ұзамай ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. Негізінен кадрларды тәрбиелеу және орналастыру шаруаларымен тікелей шұғылданатын осы бөлімнің басшысы болу ол кезде үлкен жауапкершілік жүктейтін. №1 мектепте алдынан білім алған шәкірттерінің алды осы кезде өздерін танытып, басқару қызметтерінде көріне бастады.

Бесінші толғам немесе алыс айдындар. Алпысыншы жылдардың басы оның өміріне жаңа өзгерістерін ала келді. Тәжірибе жинақтаған әрі өзінің жоғары талап деңгейінен көріне білетіндігін танытқан кадр енді бұл жерде отыра бермеуі керек-ті. Ол кезде бір қағида бар: партия айтты – заң. Таңдау жасауға немесе ойланып отыруға жол берілмейді.

1960 жылдың қараша айында Пәкең Ойыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Сол тұстағы бір жағдай әлі күнге дейін көз алдында. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев ұйымдастыру пленумы өтісімен жедел түрде еңбек демалысына шығып кетті. Жаңадан барған адамға тізгінді амалсыздан тартыңқырап ұстауға тура келеді. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Бақи Шановпен ақылдасып отырып, біраз жайттарға қанықты. Жергілікті жағдайды жақсы білетін әрі селолық кеңестің төрағасы Өткелбай Қошқарбаевты қасына алып жүріп, өзі шаруа жайын жақсы білетін білім ордаларын аралады, денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйімен танысты. Әрине, ол кезде партиялық қызмет деп аталғанымен оның шаруашылық мәселелеріне тікелей басшылық жасайтыны жасырын емес-ті. Сондықтан кеңшарларға іссапарға шығып, мал шаруашылығының маңызды түйіндерін шешуге тырысты. Қысқасы, ауданның бірінші басшысы демалыстан оралып келемін дегенше қыр астында тұрған қыс қамына қатысты сан алуан шаруаларды бір жолға салып алғандай болды.

1963 жылы партиялық құрылымдарда өзгерістер туындауына байланысты Пәкең Хромтау өңіріне қызмет аударды. Осында аудандық партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.

Алтыншы толғам немесе ағалықтың алды. Сонымен, өмірдің бір орында тұра бермейтінін дәлелдегендей, ердің жасы елу де екпіндеп келіп қалыпты. Алда алпыс деген асу көрініп тұрды.

Жетпісінші жылдардың басында облыс орталығының іргесінен Ақтөбе ауданы ашылды. Жергілікті тұрғындар Жилянка деп атап кеткен шағын ауыл аз күнде іргесін жайып, көркейе бастады. Осында тура он жыл қызмет атқарыпты. Сол жылдары негізгі міндеті облыс орталығын азық-түлікпен, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету болып саналатын ауданның негізгі басшылары орыс ұлтынан еді. Қазақ кадрларын өсіруге ашық тосқауыл қойылмағанмен, көзге түспес кедергілер кездесіп жататын. Соған қарамастан Пәкең жан-жағына жіті қарап, жүрегінде жалыны бар жігіттерді тарта білді. Бір кездегі өзі білім берген шәкірті Зәкіратдин Байдосов бұл кезде осы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы еді. Сөйтіп, ұстаз бен шәкірт тізе қосып қимылдады.

Жетінші толғам немесе жұмыс істейтін зейнеткер. Алпыс аз жас емес. Ол кезде осы тұста зейнет демалысына шығарады. Бірақ Пана ағаның бойында әскер қатарында шыңдалған жігер, ойда кернеп тұрған от әлі жалынын бәсеңдеткен жоқ еді. Сондықтан да зейнет жасына келдім екен деп үйде  құр отыра алмасын ұқты. Рас, осы жасқа дейін аз шаруа тындырған жоқ. Төрт ауданда еңбек етті. Енді көпке пайдасын тигізетін, кейінгі буынға тәлім-тәрбие берерлік бір іс тізгінін қолға ұстаған дұрыс болар деп ойлады. Оның да реті келді. Жоғары басшылықта жүрген азаматтар Пәкеңе Ақтөбе қаласындағы №2577 автоколоннаның кадрлар бөлімін басқаруды ұсынды. Жұмысы күні-түні қайнап жататын ірі кәсіпорында да оның өмірлік бай тәжірибесі, адамдармен тіл табысу, кадр таңдау, іріктеу қабілеттері көп көмегін тигізді.

Сегізінші толғам немесе сергектік сыры. Жетпісті толтырып, нағыз еңбек демалысына шықты. Қазақ «жас шағымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілейді. Сол зейнетті расын айту керек, Пәкең бір кісідей көрді. Қандай да болмасын тағылымдық-тәлімдік ірі шараларда облыс басшылығы құрметтеп шақырады, төрге отырғызады. Мереке сайын жан-жақтан құттықтаулар келіп жатады. Нақ осы тұста Күміс апай екеуі алаңсыз тірлік кешіп, балаларының ортасында той-думанның талайын өткізді. Сондайда екеуінің қол ұстасқан жарасымды тірлігіне, сергек қимылдарына көпшілік ризалықпен қарайтын. Кейбіреулер тіпті сергектіктің сыры неде деп сұрап жататын әзілді-қалжыңды түрде.

Тоғызыншы толғам немесе тағылым түйіндері. Тірліктің тоғызыншы тарауы көп ойлардың түйінін алға тартады екен. Осы тұста бағзы заманнан бірге келе жатқан, қызметтес-сырлас болған талай жолдастары қатарын сиретті. Алды ашылып, бірыңғай артқы буын қалғандай. Алпыс жылға жуық бір шаңырақ астында түтін түтетіп, қабақтан ұғысып, тату-тәтті ғұмыр кешкен Күміс апай осыдан екі жыл бұрын бақилық сапарға жол шекті.

Пана Әлиұлы өмірден көрген-білгендерін, кейінгі толқынға керек болар-ау деген жайттарды қашаннан қағазға түсіріп жүретіні бар-ды. Зейнет демалысына шыққаннан бергі уақыт ішінде соларды жинақтап, «Адал еңбек – азамат абыройы», «Өнегелі өрістер» атты екі кітап шығарды.

Ұзақ жылғы еңбегінің жемісіндей көрінетін Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендері басқа да марапаттаулары бүгінде өткеннің естелігіндей көзге жылы ұшырайды.

Пәкең мен Күміс апай жеті баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-жеткізді, олардан отыз екі немере, үш-төрт шөбере сүйіп, олардың қолынан су ішті.

…Пана ақсақал бүгінде Ақтөбе қаласындағы еңселі, биік үйде, балаларының қамқорлығында қарттықтың қадірлі шағын бастан өткеруде. Өзінің ізін қуған інілер, бір кезде білім алған шәкірттер сәлем беріп келіп тұрады. Өткен-кеткенді еске түсіреді. Алғы күннің амандығын тілейді.

Баяғы үйреніп қалған әдет қой, Пәкең әлі де демалыс дегенді білмейді. Бір мезгіл теледидар қарайды, айналаның жаңалықтарына құлақ түреді. «Ақтөбе», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», басқа да газет-журналдарды бір санын жібермей, алдырып оқиды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button