Білім

Балдырған

Қанатты әлем

Ертегілердің кейіпкері

Көптеген ертегілер «Ерте, ерте, ерте екен, ешкі жүні бөрте екен, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп басталатынын білесіңдер.

Қырғауыл — расында да, құйрығы ұзын, әсем құс.

Қоразы тіпті әдемі: оның көк жасыл мойны жалт-жұлт етіп құлпырып тұрады, арқа жағы сарғыш, бауыры жирен қызыл. Ал мекиенінің арқасы сары, бауыры қызыл қоңыр болады. Дене тұрқы 85 сантиметрдей, салмағы 1-1,5 килограмдай.

Еуропа мен Азияға кең таралған бұл құстар көбінесе орманды-бұталы, өзен жағалауларындағы қамысты-қопалы жерлерді мекендейді.

Қырғауыл — өсімтал құс. Ұясын қалың қамыстың, шөптің, ну орманның арасына — жерге салады. Сәуір-мамыр айларында мекиені 7-18 жұмыртқа туады да, оны 21-27 күн басып, балапан шығарады.

Қырғауыл негізінен өсімдіктердің жеміс-жидек, дән, бүршік, түйнегімен қоректенеді. Өсімдік қандаласы, шегіртке сияқты зиянкестерді жеп те пайда келтіреді.

Менің пікірім

Достық

Достық — адамдардың бір-бірін жаны қалап, шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес, мұраттас болуы. Бір-біріне пейіл-ықыласы түскен, жан-жүрегі қалаған, көзқарысы мен ой-ниеті үйлескен, мінездері сыйымды адамдар ғана дос бола алады.

Қай кезде де, қай жаста болса да, адам өміріндегі достықтың орны бөлек. Сондықтан оған өте жауапкершілікпен, байсалды қарау қажет. Досты асықпай таңдаған жөн. Ол да күтіп, аялауды, бағып-қағуды қажет етеді.

Қазақта осыған байланысты мынадай нақыл сөздер қалыптасқан: «Жақсы дос ашып айтар, жаман дос қосып айтар», «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Осы қанатты сөздер арқылы біз дос пен дұшпанды оңай ажырата аламыз.

Достық — өте нәзік, мөлдір дүние. Сол дүниені сақтай, бағалай білейік.

Гүлімай ЗИНУЛЛИНА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Өз елім

Туған жерім Қазақстан — өз елім,

Сені ойласам өртенеді өзегім.

Ыстық маған жұлдыздарың, ай, күнің,

Ыстық маған ағып жатқан өзенің.

Әрбір тасың қымбат маған әрқашан,

Жетеледің арманымды алға сан.

Өн бойымда перзенттік бір мақсатым —

Еңбегімді туған елге арнасам.

Сенен алыс кетсем қайтіп төземін,

Бақытымның сенде екенін сеземін.

Жүрегімде жүрші менің мәңгілік,

Туған жерім Қазақстан — өз елім.

Фарида РАЕВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.

Менің аулым

Алтын қазына

Ауыл. Қастерлі, қасиетті ұғым. Рухани мәдениеттің алтын ошағы, ұлы жолдың биікке жетелер қайнар көзі, кешегіні бүгінге жалғастыратын алтын көпірдің мықты тіреуі.

Ауыл — халқымыздың алтын бесігі.

Ауыл десе, көз алдыңа кең пейілді, дархан мінезді адамдар, төсінде қойы мен қозысы маңыраған, түйесі мен ботасы боздап, сиырлары мөңіреп, тай-құлыны шабысып, жазира даласында қызығы тарқамаған думанды тіршілік елестейді. Шынында да солай-ақ…

Әрбір адамның кіндік қаны тамған жері, өз аулы болады. Менің де туған жерім — Байқадам аулы болғанымен, қазір Бегімбет аулында тұрамын.

Аулымның құммен көмкерілген даласы, жиделі бал татыған құдығы, тобылғылы саласы, жұпар иісі аңқыған ауасы мен үшін өте қымбат.

Бегімбет пен Байқадам ауылдарының арасында патшаның отаршылдық саясатына қарсы күрескен, тәуелсіздік жолында жаулармен айқасқан, ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Есет Көтібарұлының кесенесі орналсқан.

Менің оқитын мектебім тарихшы ғалым Бекежан Сүлейменов атамыздың атымен аталады, жері құтты, қойнауы тарихқа толы аулымды мен әр кез мақтан етемін.

Абылай ҮСЕНҒАЗИН,

Б.Сүлейменов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Бегімбет селосы,

Шалқар ауданы.

Қазба байлық

Құндылығын қайтарып алған металл

Бұдан сан мыңдаған жылдар бұрын адам металдарды балқытуды және өңдеуді үйренген. Мысалы, қалайы қара қоңыр түсті касситерит тасынан оңай қорытылды. Бірақ қалайы жеке күйінде жұмсақ әрі осал болады. Егер оны мыспен қосып балқытса, мыстан гөрі әлдеқайда қатты металл-қола алынады, ол әсем сары түсті болып келеді.

Қоладан мүсін құйып, қылыш соққан, ыдыс және ақша жасаған. Бұл кезең «қола дәуірі» деп аталады.

Уақыт өтіп жатты. Адамдар темір қорытуды үйренді. Темір қоланы екінші орынға ығыстырды да, қоламен бірге қалайы да өзінің бұрынғы құндылығынан айырылды. Өйткені таза қалайы аз қолданылды.

Ендігі жерде қалайының аса қажеті болмайтындай көрінді. Бірақ ХІХ ғасырдың соңында адам азықты консервілеуді үйренді. Консервілер дайындау үшін орасан көп қалбыр қажет болды. Оларды кәдімгі темірден жасауға болмайтыны анықталды, өйткені оны тот басады және өзі азықтық заттарда болатын қышқыл әсерінен бүлінеді. Темірді қорғайтын зат іздегенде қалайы еске түсті. Қалайының жұп-жұқа қабаты темірді бүлінуден сақтады. Сөйтіп қалайы металдар арасында тағы да елеулі орындардың біріне ие болды.

Ал радиоқабылдағыш ше? Әрбір радиосхемада жүздеген түйісулер бар, әр түйісу қалайы дәнекердің қатқан тамшысы, ол жеке бөлшектерді жалғастырып тұрады және электр тогын жақсы өткізеді.

Осылайша көне қола дәуірінен келген қалайы қазіргі электроника мен атом ғасырының аса маңызды металдарының біріне айналды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button