Ауыл

Расулдың құлпынайы

Ойыл ауданының Екпетал ауылының тұрғыны, жас бағбан Расул Ерсейітов өзі өсіріп отырған құлпынайдың сұрпына «Ойылдың элиталық құлпынайы» деген атау беру керектігін айтады. «Орыстар құлпынайға Виктория, Элизавета, I Петр деген атаулар беріп жатады ғой. Біздің олардан қай жеріміз кем?» — дейді ол.

«Ақтөбе стартапта» ұтқан қаржының игілігі

Біз Расулды бақша алқабынан таптық. Ол өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Ақтөбе стартап» бизнес-жобалары байқауынан 2,5 миллион теңге ұтып алған еді. Сол қаржы жас бағбанға бірталай қолдау болғанға ұқсайды. Жас бағбан енді үйінің ауласындағы 3 сотық жермен шектелмейді. Қосымша 1,5 гектар алқапқа қоршау тұрғызып, сол жерге құлпынай еккен.

— Міне, өзіңіз көріп тұрсыз. Қоршау жасамасаң, малы бар жерде бақша егу де оңай емес. Бұдан бөлек тағы 5 гектарға жуық жер бар. Барлығын бірден игеріп кету оңай емес. Дегенмен, болашаққа арналған жоспарларым көп, — дейді Расул.

Ол құлпынай алқабын суаруға қажет суды ауылдың орталықтандырылған сумен қамту жүйесінен алады. Арнайы есептегіш құралын орнатқан. Судың шығыны көп болмайтынына сенімді. Өйткені тамшылап суару жүйесін құрып алған.

Расул құлпынай егу ісін алғаш рет өз ауласында қолға алғанда да осы тамшылатып суару жүйесін пайдаланып, оның тиімділігіне көзі жеткен еді.

— Бұл жүйе ең алдымен суды үнемді пайдаланады. Сосын су жерге жақсы сіңеді. Мысалы, бақшаны атыздың бойына су жіберіп суарсаң, судың шығыны көп болады. Оған қоса, осындай қатты ыстықта су жерге сіңіп үлгермей, бу болып ауаға ұшып кетеді. Топырақ екі күнде құп-құрғақ болып шыға келеді. Ал мына жүйе арқылы 12 сағат бойына тамшылату арқылы жіберілген ылғал ашық күннің өзінде топырақта 5 күн бойына тұрады, — дейді Расул.

Ол құлпынай егілген топырақтың бетіне түрлі ағаштардың қураған жапырақтары мен шөп қалдықтарынан құралған шірінді төсеп тастаған. Бұл да топырақтың құрамындағы ылғалдың ұзақ тұруы үшін ойлап табылған амал.

Осы амалдарының арқасында Расул құлпынайларын 5 тәулікте бір мәрте ғана суарады.

Шағын жұмыртқадай құлпынайдың салмағы — 60 грамм

Әрине, «бейнетсіз зейнет жоқ». Оның үстіне қай жұмыстың да өзіне тән бейнеті мен қиыншылықтарының болатыны белгілі. Құлпынай егу де сол сияқты. Оны егіп қана қоймай, баптап, күтуің қажет. Расул да жаңа алқаптың топырағын құнарландыруға көп көңіл бөліп отыр. Ұзындығы 72 метр болатын әрбір атызға 1 автокөлік шірінді көң жұмсалады екен. Топырағын дұрыстап дайындасаң, құлпынайдың ерекшелігі сол, оны отырғызған топырақты 5 жылға дейін қозғамайсың.

— Бұл құлпынай — Ойылдың жергілікті құлпынайы. Ойылдың басындағылар да дәл осы құлпынайды егеді. Бірақ көп адам оның топырағын дұрыс дайындамайды. Сазды жерге егеді. Сазды жер суарған кезде босағанымен, кепкеннен соң қатып қалады. Тамырын бір қатырып, бір босатып отырғасын оның беретін өнімі де өте ұсақ болады. Сосын барып «біздің құлпынай ұсақ» дейді барлығы. Ал мен құлпынайды егу үшін алдымен оның топырағын жақсылап дайындаймын. Жерге шірінді көң төгемін. Соның нәтижесінде біздің құлпынайымыз да ірі болады. Көлемі шағын жұмыртқадай. Салмағы 60 грамның шамасында, — дейді Расул.

Ол осы Ойылдың жерінен өсіріліп отырған құлпынай туралы тың пікірін де айтты. Жас бағбан бұл құлпынайдың сұрпын, атын Ойылдың құлпынайы деп қою керек деген пікірде.

— Менен сатып алушылардың бірі «Бұл құлпынайдың аты қандай?» деп сұрады. Мен Ойылдың құлпынайы десем, ондай құлпынай бар ма еді дейді. Сосын «Бұл элиталық сұрып, Ойылдың құлпынайы деп аталады» дедім. Орыстарда құлпынайдың неше түрлі аттары бар ғой: Виктория, Элизавета, I Петр, тағы басқа. Біздің олардан қай жеріміз кем?! Сол «викториялармен» салыстыратын болсақ, олар кішкене қаттырақ келеді. Ал біздікі ауызға салғанда су сияқты. Тісің тиер-тимес өзі еріп кетеді. Мұның салмағы да жеңіл. Үлкен бір шелегінің өзі 5 келіні шаққа тартады, — дейді ол өзі сұрыптап шығарған өнімі туралы.

Салмағының жеңіл болуының сатушыдан гөрі алушыға тиімді екені белгілі. Осыған байланысты «Салмағының жеңіл болғаны, керісінше саған тиімсіз емес пе?» деймін оған. Бұл сауалыма:

— Есесіне, сатып алған адам риза болады. Екі литр көлеміндегі құлпынайдың салмағы 1 келіні тартады, — дейді ол.

Расул еккен құлпынайынан әрбір жазда 3 мәрте өнім алады екен. Яғни маусым, шілде және тамыз айларында бір-бір мәртеден өнім жинайды. Тіпті төртінші мәрте де өнім алуға болады. Бірақ алды салқын болғасын қыркүйектің аяғында шыққан түйнектер үсіп кетеді.

Ол биылғы жылдың өнімдерінің алғашқы кезегін жинап алып, сатып та үлгеріпті.

— Үйімнің ауласындағы жерден шамамен 200 келіге жуық өнім жинадық. Жоспарым бойынша, негізі 350 келіге дейін өнім көздеген едік. Бірақ жауынның зиянын көріп отырмыз. Қазіргі жаңбырлар ащы болады. Бұрынғыдай емес. Жаңбырдан кейін құлпынайларымның жапырақтары ауырып, жиырылып, бүктетіліп қалады. Содан кейін оның үстіне тұщы су бүркемін. Жаңбырдың суы сондай-ақ құлпынайдың түйнектерін де ағызып жібереді. Биыл шыққан түйнектің жартысы болмағанымен, 30-35 пайыз ағып кетті, рәсуа болды. Бірақ табиғатқа қарсы еш шара қолдана алмайсың, әрине, — дейді Расул.

Бағбандық қазаққа жат емес

Біздің елде мынадай пікір бар. «Өзбекке көршілес оңтүстіктің қазақтары болмаса, бағбандықпен айналысып, жерге егін егу бізге қол емес». Отырған жеріміздің ауа райының қаттылығының да әсері болар, біздің халықтың көбіне мал шаруашылығымен айналысатыны да белгілі. Расул бірақ бұл пайыммен келіспейтінін айтады.

— Бұл — жалқау адамның әңгімесі. Қазақ қытай құсап та, кәріс пен өзбек құсап та, талмай еңбек ете алады. Және жермен жұмыс жасау да қазақтың қолынан келетін іс, — дейді ол.

Ерте көктемнен бастап тірлікке кірісіп, ала жаздай жермен жұмыс жасайтын бағбанның қорасы да, онда қоятын малы да жоқ көрінеді. Оның малы — осы бақша. Бала-шағасын бақшадан тапқанымен асырайды. Балалары сүт-айран, қаймақ-майдан да таршылық көрмейді. Ал кейбір ауылда тұратын, қорасында бірнеше сиыры бар адамдардың үйлерінен қаймақ түгілі, тіпті айран да таба алмайтын кездердің болатыны жасырын емес.

Расул әңгімесінде егіншілікті оның аталары да кәсіп еткенін мақтанышпен айтады.

— Өзімнің атамды еміс-еміс білемін. Ол дүниеден өткенде 3 жастағы бүлдіршін баламын. Жұрттың айтуынша, ол кісі де осы егіншілікпен жақсы айналысқан. Өзен, көлдердің бойларында егін еккен. Жерді таңдап жүріп егін егетін көрінеді. Қырлы жерлерге қарбыз-қауын өсіреді екен. Нағашы әжем де Қаракемер деген жерде тұрды. Бірнеше жыл сол әжемнің қасында болдым. Әңгімелерін тыңдайтынмын. «Сенің атаң ана жерге барып тары егетін де, күзде тарыларын жұртқа үлестіретін. Ауылдың адамдары «мына ауан Сапар Ақшатаудың арғы жағына барып тары егіп жатыр» деп күлкі қылатын. Сосын өзін ауан деген адамдарға күзде 2-3 шелектен тары таратып беретін еді» дейтін әңгімелерінде. Нағашы әжем де бақшаны жақсы шығаратын. Күзде оның қызанағы мен қияры үйге сыймай кететін. Мүмкін, бағбандық маған қаннан келген қасиет деуге де болатын шығар… Ал енді балалық шағымда Ойылдағы үйіміздің шағын ауласына еккен бақшадан алатын өнімдеріміз де мол болатын. 1993-94 жылдары әкем «Ойыл» кеңшарының бақшасын қарады. Одан кейін кеңшардың картобын ектік. Барлығын көріп өстік, — дейді Расул.

Расулдың жасағандарынан әлі алда жасайтындарының көп екендігіне күмән жоқ. Оның армандары да жетеді. Қаржылық мүмкіндігі болса, құлпынайды жылыжай жағдайында өсіргісі келеді. Оның айтуынша, жылыжайда өнім алу мерзімін қараша, желтоқсан айларына дейін созуға болады. Қосымша жатқан жерлерін түрлі жеміс ағаштарының бағына айналдыру да ойында бар.

— «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген. Осы Екпеталда Кеңестер одағы кезінде үлкен алма бағы болды. Ең болмаса, соның жағдайына жеткізе алсам, — деп армандайды ол.

Ал оның үйінің шағын ауласында құлпынайдан бөлек жүзім, өрік, шие және алма ағаштары өсіп тұр. Дүкеннен алған «польшалық» алмасының дәнінен өсіп шыққан ағаштағы алманың көк түйнектері де көп екен.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ. 

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button