Әлеумет

Қарызсыз… қарызданғандар

Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі жұртшылықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржы негіздері мен қор нарықтары туралы өте пайдалы түсініктер беріп жүр. Сол түсініктердің біріне назар аударалық.

— Сіз несиені өз атыңызға рәсімдемекшісіз, ал оны кім пайдаланатын болады? — деп менеджер клиенттен сұрады.

— Бұл  бір түрлі және орынсыз сұрақ екен! Әрине, мен! Басқа кім болушы еді?!  —  деп қарызданушы шамданды.

«Бұл орынсыз сұрақ емес, керісінше…», — деп жүздеген қазақстандық төтесінен жауап берер еді, өйткені олардың көбі алаяқтардың қармағына түсіп, өзге біреудің қарызын өтеп жүргендер. Бір қарағанда, бұл жерде ешқандай да заң бұзушылық жоқ та, несиелік келісім-шарттарда солардың қолы қойылған. Сонда қалайша өзгенің кесірінен өзін қарызға белшесінен батырған?

Әлбетте, әзірге біздің банктік несие тәжірибеміз шамалы-ақ, жалпы несиелік тарихымыз, былайша айтқанда бір беттен де аспайтын шығар, — дейді АӨҚО ҚРА баспасөз хатшысы Гүлмира Арбабаева. — Бірақ банктік несиелеу саласындағы аздаған тәжірибеден заңсыз әрекеттер аңғарылып,  алаяқтар қолданып келе жатқан арам жүйелер анықталуда. Адамдар мұндай жағдайға түрлі себептермен тап болады: бірі аңқаулығынан,  бірі жеке бас пайдасын ойлағандығынан, тағы бірі басшылықтың бұйрығын орындаса, енді бірі сауатсыздығынан. Соңғысы тіптен көп, өйткені  біздің елде халықтың қаржылық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығы енді ғана қалыптасып келеді. Осы орайда біздің жарияланымдарымыз бұл келеңсіздіктердің болмауына және тұтынушылардың дұрыс несиелік шешім қабылдауларына ықпалдасады деп үміттенеміз.

Сонымен, кең тараған арам жүйелер қайсы? Солардың бірі — банктен өзге біреудің атынан несие алу. Анықтаған жәйт, көп жағдайда адамдар мұндай әрекетке өз еркімен барады екен. Алайда, бәленің қайда жатқандығын біле бермейді.  Алаяқтар — күшті психологтар. Олар адамды «осыдан көп пайда көресің!» деп көндіреді. Қомақты қаражатқа ие болам деп дәмеленген адам несиені өз атынан алып, өзі қарызды өтеп отыруға келіседі.  Жүйенің барысы: алаяқ тапқан құрбанына өз атынан несие алуын сұрайды, соның есесіне оған «үстемақы» уәде етіледі. «Үстемақы» мөлшері жасалған операция мөлшерінің 10-15 пайызын құрайды. Мысалы, алаяқ 10 миллион теңгені алдырып, оның 1-1,5 миллион теңгесін өз атынан несие алушыға «үстемақы» ретінде береді. Қалған ақша ешбір рәсімделусіз алаяқтың қолында қалады. Ол болса, 2-3 ай несиені уақытылы төлеп, содан кейін ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бұдан кейінгі сценарийді «классикалық» деп атауға болады: банк құжаттар арқылы несие алушыны мекен-жайы бойынша тауып алып, қарызын, оның ішінде өсімі мен пайызы қосылған, қомақты қаражатты қайтаруын талап етеді. Несие алушы тек сонда ғана өз міндеттері туралы және қандай жағдайға тап болғандығын түсінеді. Сотқа шағымданғанымен, сот шешімі әдетте банк жақта болады, өйткені келісім-шарттарда несие алушының қолы тұр, сонымен қатар алаяқтың әрекеті нақты дәйектер мен куәгерлерсіз дәлелсіз болып табылады. Қарызданушы міндетін орындамаған жағдайда банк оның мүлкін тәркілеуге құқылы. Көп жағдайда адамдар автокөлігі немесе баспанасынан айырылып жатады.

Бірақ осындай тәуекелді келісім-шарттарға қол қоюға тек пайдақорлық қана итермелемейді. Кейде мұндай жүйелерге жақындарының мүддесі үшін келіседі: балалары, ата-аналары, ағайындары немесе әйелі, күйеуі үшін өз атынан несие алып, қарызды өзі өтеймін деп міндеттенеді. Алайда, нақты қарыз алушы қандай да бір себептерге байланысты — жұмысынан айырылу, төтен ауруға шалдығу, басқа жаққа кетуінен — банкке несиені келісім-шартта қол қойған адам қайтаруға міндетті.

Еріксіз несие алу фактілері де болады. Мұндай жүйелердің бірі Теміртау қаласында орын алған. Жергілікті ЖШС директоры таныстары мен қызметкерлерін өз аттарынан автокөлік алу мақсатындағы несие алуға, ал ақшаны бизнесті дамыту үшін қолына беруге көндіреді. БАҚ берілген ақпаратқа сүйенетін болсақ: Теміртаудағы ҚАЗКОМ филиалы 15 мыңнан 80 мың доллар көлемінде 34 тұтынушылық несиені пысықайдың қызметкерлері мен туыстары атына рәсімдеген. Банктегі қарыздың жалпы сомасы шамамен миллион долларға жеткен! Содан кейін директор жоғалып кетті. Сәтін салып, 2007 жылы қаңтар айында халықаралық іздеудегі алаяқты Санкт-Петербург пен Ленинград облысының ҚІІБ қызметкерлері қолға түсіріп, Қазақстанға жөнелтті. Сотта істің мән-жайы анықталды, «кейіпкердің» мүлкі тәркіленді, қылмыскер алты жылға бас бостандығынан айырылды.  Бірақ бұл оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы да жазаланды, өйткені олар алынған несиелерді әлі күнге дейін өтеуге міндетті.

Қарызға белшесінен бататын тағы бір топ адамдар: несие бойынша кепіл берушілер, мүлкін кепілге қоюшылар, тең қарызданушылар. Бұл көбінесе ипотекалық несие алу барысында рәсімделеді. Әлбетте аталған үш санат та заңды. Бұл өзінің тәуекелін барынша азайтатын банк үшін қажетті қадам. Көп жағдайда тең қарызданушы, мүлкін кепілге қоюшы, кепілдік берушінің бар болуы несие алу барысында басты шешуші шарт болады. Бұл ақшаны қолына алатын несие алушының мүддесі үшін қажет. Бірақ, туыстарының, достарының, таныстарының, әріптестерінің, тіпті аз таныстарының несие алуы кезінде кепілі болуға келісімін бермес бұрын, осы топтағы адамдарға қатысты заңда қандай жауапкершілік көрсетілгендігін жақсылап біліп алғаны абзал болар еді. Бүгінде банктердің несиелік қоржыны жұқарып барады, несие алушылар алған міндеттерін уақытылы орындауға шамалары келмеуде. Міне, осы орайда, заң бойынша несиесін өтей алмағандардың міндеті өз мүлкі, жеке қаражатымен кепіл болғандарға артылуда. Ал банк қызметкерлері қарызын өтеу туралы хабарлағанда, бұл хабар олар үшін тосын жағдай. Олардың пікірінше, қарыз алушыға тек сөз жүзінде кепіл болған. Алайда, бұл құр сөз емес, оның нақты құны да бар: мөлшері өтелмеген несие көлемінде. Осы орайда Халықтық банктің Бас заң кеңесшісі – Compliance бақылаушысы Фархад Қарағұсов «тең қарызданушы (созаемщик)» терминін былайша таратады: «тең қарызданушы» банктің негізгі қарыз алушысынан кейінгі екінші/үшінші қарыз алушы ретінде бірдей жауапкершілікке ие заңды тұлға немесе азамат».

— Займ сомасы қарыз алушылар санына қарай бөлініп берілуі мүмкін, сонымен қатар тек бір ғана адамға берілуі ықтимал (көп жағдайда осылай), — дейді маман. — Бірақ банктік келісім-шартта кім қарыз алушы, кім оның кепілі ретінде тең қарызданушысы деп көрсетілсе де шарт талабына сәйкес қаражат барлығына тапсырылды деп саналады. Осылайша қарызды қайтару бойынша міндеттер мен қарыз жүгі барлық қатысушылар арасында тең бөлінеді. Азаматтық кодекстің 287-ші бабына сәйкес несие беруші тараппен қойылған міндеттерді барлық қарыз алушылардан немесе солардың біреуінен талап етуге құқылы. Сонымен бірге егер несие беруші негізгі қарызданушының міндетін орындауда қанағаттанбаса, онда қалғанын өзге қарызданушылардан талап ете алады.

Атап өтерлік жайт, кепіл болушының мәртебесі тең қарызданушының мәртебесінен өзгешелігі, оған займ берілмейді. Қаражат қарызданушыға (тең қарызданушыға) беріледі, алайда кепіл болушы банк алдындағы барлық міндеттердің өтелуіне жауапты. Осы орайда кепіл болушы банкке барлық мүлкін кепілдікке қояды. Демек, кепіл болушы сөз жүзінде міндеттенеді деп айту артық. Кепіл атына зат несие берушіге негізгі қарыз алушы міндеттерін орындамаған жағдайда кепіл болып табылады. Азаматтық кодекстің 332-ші бабына сәйкес кепіл болушы несие берушінің алдында қарыздардың алған қаражаты мөлшерінде тең түрде жауапты. Сонымен қатар несие пайыздарын, өтелмеген сома үшін, қарызды қайтару бойынша соттағы шығындарды, несие берушінің өзге де шығындарын жабу да кепілден талап етіледі.

Бүгінде несие алуда, әсіресе, жылжымайтын мүлік үшін ұзақ мерзімді несиелерді  алу күрделенгендігін ескере, мамандар аталған жәйттер жиі қайталануы ықтимал деп болжауда. Онымен қоса, банктер қарыз алушыға қойылатын талаптарды қатаңдатуда. Осындай қарбаласты пайдаланып қалуға шебер алаяқтар «жығылғынға жұдырық» демекші құрбандарының бабын тауып амалын қарастыруда. Олар бес жылда коммерциялық банктердің тұрғынүйжинақтары жүйесін меңгеріп, несиелеудің бұл түрлеріне де «кілт» тапқан. Бір қарасаң, бұл мүмкін емес сияқты: тұрғынүйжинақтары жүйесі бойынша несие алмас бұрын несие мөлшерінің жартысын жинап алу қажет. Алайда Тараз қаласындағы «пысықай» азаматтар амалын тауыпты: олар банктегі алған несиесін келесі бір потенциалды клиенттеріне қайта берген, есесіне алаяқтардың торына түскен құрбандар алған несиесін уәде етілгендей аз пайызбен емес, екі еселеп қайтаруға мәжбүр болған.

Тағы бір жиі кездесетін тәсіл: адам ипотекада тұрған пәтерді сатып алады. Үйді сатушымен келісіп, оған барлық соманы сонымен қатар ипотеканы өтейтін сомасын толықтай тапсырады. Алайда, сатушы ақшаны алып, жоғалып кетеді, ал ипотека пәтердің жаңа иегеріне рәсімделеді. Осы орайда құрбан болған жан бағасы арзандап кеткен пәтердің жоғары пайызды ипотекалық қарызын өтеуге міндеттеліп қалады.  Мұндай жағдайлар елімізде көптеп кездеседі. Иә, алаяқтардың кез келген жағдайда кез келген уақытта дереу амалын тауып, арам пиғылдарын орындауға шебер болуы таң қалдырады. Зардап шеккендердің басым көбі, опық жеп, кейіннен «осының бәрі о басында тым оңай әрі пайдалы болып көрінді» деп күмәнданып жатады. Алайда қандай да бір күмән туындаса, бірден қаржы кеңесшісі немесе банк менеджеріне хабарласып, мәселенің мән жайын анықтап алған  жөн. Әлбетте, сонда ғана бар жағдай айшықталады.

Қаржы құжаттарына қол қоюда өте мұқият болу керек. Әсіресе, үлкен мөлшердегі несие алу кезінде. Өзге біреу үшін өз атыңнан несие алу, кепіл болу, тең қарызданушы болуға келісім бермес бұрын, отбасы мен жақындарың алдында, несие беруші банк алдында қандай міндет артылатындығын есте сақтап, қаржылық тәуекелдерді жіті саралау қажет. Тіпті «егер, мынандай жағдай болып қалса ше?» деген сауалды қою керек, —  деп айтылған оқиғаларға қатысты Қазкоммерцбанктің тәуекел-менеджері Сәуле Исабекова басылымдарда пікірін білдіруде.

Қаржы – нақты ғылым. Біздің кеңесшілер айтпақшы, келісім-шарт қатысушыларының құқықтары мен міндеттері о бастан-ақ жазылады, бұл орайда бәрі де ашық. Бірақ келісім-шартқа қол қоймас бұрын, оның шарттарымен жіті танысып, мойнына жүктеп алған қаржылық міндеттер бір жағдай бола қалса қалайша әсер ететіндігін мұқият таразылауы тиіс.

Көптеген банктер өздерінің сайттарында арнайы калькуляторлар ұсынады, соның арқасында келісім сомасына орай ай сайынғы төлемақы көлемін және қанша жыл бойы несие қарызын өтеуі тиістігін есептей алады. Өз несиеңді де өзгенің несиесін де, пессимистік сценарий  бойынша  есептеген дұрыс. Солай нақтырақ болады. Ал ұсыныстың заңды, тиімді болуына титтей күмән туындаса, қаржы құжатына қол қоюға асығудың қажеті жоқ. Әдетте айлалы жол іздегендер банк менеджерімен жүздестірмеуге тырысады. Сондықтан қайткен жағдайда да банк менеджерінің кеңесін естіп, тіпті заңгерлермен пікірлескен абзал. Ал егер арсыз әріптестермен шарттасқан жағдайда, ертең дәлелдей алатындай барлық қаржылық операцияларды нотариалды түрде рәсімдеген жөн.

Ал ең дұрыс жол — банктен тыс ұсынылатын барлық «тиімді», «заңды» ұсыныстарды елемеу, өйткені қаржылық тұрғыдан сауаты аз азаматтарды арбауына түсіруге олар бар күшін салуға тырысып бағары хақ.

А.АСЫЛБЕКОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button