Денсаулық

Мен — донормын!

Меморандум

 Халықаралық донор күніне орай облыстық қан орталығы мен Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалы  меморандумға қол қойды.  Мақсат —  адамдардың өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосып жүрген донор азаматтарға алғыс айту, көпке үлгі қылу.

Шара аясында «Мен — донормын!» акциясы ұйымдастырылды. Жалпы жыл басынан бері қалада алты рет осындай акция өткізілсе, оның екеуі мекемеде ұйымдастырылды. Осы шараға қатысқан 200 адамның 58-і тұрақты қан доноры базасына тіркелді. Олар қажет кезде қан тапсыруға арнайы шақыртылатын болады.

Сондай-ақ «Ерікті өтеусіз қан донорлығын дамыту» стратегиясы бойынша 500-ге тарта адамға ақпараттық парақшалар таратылып, донор қызметінің маңыздылығы түсіндірілді. «Қазақтелеком» АҚ, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, Қазақ-орыс университеті, С.Бәйішев атындағы  Ақтөбе университеті, Актөбе гуманитарлық колледжі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекетттік медицина университеті, №6655 әскери бөлімше мен ауылдық әкімдіктердің өкілдері акцияға белсенді түрде қатысты.

Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Үдербайдың айтуынша, Ақтөбе қалалық білім бөлімімен де тығыз қарым-қатынас орнатылып, мектептерде «Бір тамшы қан», «Донор бол!», «Мен — донормын!» тақырыптарында шығармашылық, сурет  байқаулары ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік сурет» номинациясын жеңіп алған Ақтөбе қаласындағы №17 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Лиана Канның «Жүректен жүрекке»  суреті қан орталығына тапсырылды.

Сондай-ақ  Алға ауданында да акция өтті. Аудандық ішкі істер, білім бөлімі және аурухананың қызметкерлері қан тапсырды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button