Спорт

Соңғы минуттардың салмағы

Еуропа чемпионаты барысында соңғы минуттардың беделі аспандап тұр.

Чемпионат басталғалы жеңісті Францияға әуелі 89-минут, екінші турда 90-минут, Испанияға 87-минут, Англияға 90+2 минут сыйлады.

Сондай-ақ бір голды Ресей 90+2 минутта, Германия 90+2 минутта, Италия 90+3 минутта, Франция 90+6 минутта, Уэльс 90+2 минутта, Солтүстік Ирландия 90+6 минутта соқты.

 

№13. Бір құраманы бір футболшы опындырды

 

«В» тобы. 2-тур. Ресей-Словакия — 1:2

Гол авторлары: Владимир Вайсс, 32-минут (0:1); Марек Гамшик, 45-минут (0:2); Денис Глушаков, 80-минут (1:2).

15 маусым. Лилль. «Пьер Моруа» стадионы.

Бұл кездесуде словактар ресейліктерден артық өнер көрсетті деуге де келмес. Бәрін «бүлдірген» — Марек Гамшик. Ол әуелі Владимир Вайсқа нәтижелі пас берді де, он минут өтер-өтпесте өзі тамаша гол соқты. Екеуінде де ресейлік қорғаушылар ақталуға жатпайтын өрескел қателік жіберіп алды. Бірақ ресейліктердің ең болмаса бір ұпай алып қалуына 80-минутта Денис Глушаков соққан гол да, команданың төпелей шабуылдар ұйымдастыруы да жеткіліксіз болды. Үш ұпайды талантты серкесі бар Словакия қанжығасына өңгерді.

Сөйтіп, екі турдан соң Ресей — 1 ұпай, ал Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне бірінші рет қатысып отырған Словакия 3 ұпай жинады.

 

№14. Тағы да пенальти, тағы да Станку

 

«А» тобы. 2-тур. Румыния-Швейцария — 1:1

Гол авторлары: Богдан Станку, 18-минут, пенальти (1:0); Адмир Мехмеди, 57-минут (1:1).

15 маусым. Париж. «Парк-де-Пренс» стадионы.

Бұл кездесудегі тең есеп бұл екі құраманың шама-шарқы теңдес екенін байқатады. Ойын басталысымен швейцариялықтар бірден шабуылға көшкенімен, румындар лайықты төтеп беріп, одан әрі қарсыластарын ойын ережесін дөрекі бұзуға мәжбүр етті. Солайша пенальти тағайындалды да, оны бұдан бұрынғы кездесудегідей тағы да Богдан Станку мүлтіксіз орындады. Екінші таймда қарымта гол соққан Швейцария жеңіске өңмендей ұмтылды, бірақ таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Осылайша Румыния алғашқы 1 ұпайға ие болса, Швейцария көрсеткішін 4 ұпайға жеткізді.

 

№15. Тоқсан минуттық торуыл

 

«А» тобы. 2-тур. Франция-Албания — 2:0

Гол авторлары: Антуан Гризманн, 90-минут (1:0); Димитри Пайе, 90+6 минут (2:0).

15 маусым. Марсель. «Велодром» стадионы.

Албания құрамасы тағы да таңғалдырды. Өткен турда Швейцарияның 5-минутта соғып кеткен шапшаң голы, оның үстіне 37-минутта бір ойыншысының жасыл алаңнан қуылуы жолын тұсаса, бұл жолғы үмітін 90, 90+6 минуттарда соғылған екі гол кесті. Әйтпесе, обалына не керек, бұл кездесуде албандықтар француздардың тоқсан минут бойғы торуылына шыдас беріп-ақ еді, өздері де шабуыл жасап бақты. Әйтсе де бұл екі жеңіліс те Джанни Де Бьязи даярлаған албандық футболшылардың абыройына аса нұқсан келтіре қоймас. Ең бастысы, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне басқан алғашқы қадамын бұл құрама ілтипатқа ие болумен бастады. Ал Франция құрамасы мен оның бас бапкері Дидье Дешам туралы әзірге асқақ сөздер айтылмай тұр.

Сонымен екі турдың қорытындысы бойынша Албания еш ұпайсыз қалса, 6 ұпай жинаған Францияның 1/8 финалға шыққаны мәлім болды.

 

№16. Екеудің ісі

 

«В» тобы. 2-тур. Англия-Уэльс — 2:1

Гол авторлары: Гарет Бэйл, 42-минут (0:1); Джейми Варди, 56-минут (1:1); Даниэл Старридж, 90+2 минут (2:1).

16 маусым. Ланс. «Феликс Боллар-Делелис» стадионы.

Бірінші таймнан ағылшындардың жүні жығылыңқырап тарқасты. Уэльс футболшылары шабыттана ойнақ салып, гол соғып кетті. Қатты қауіптенген ағылшындық бас бапкер Крис Коулман екінші таймда Кейн мен Стерлингтің орнына бірден Варди мен Старриджді шығарды да, шешуші рольді осылар атқарды. Джейми Варди 56-минутта есепті теңестірсе, 90+2 минутта Даниэл Старридж Англияға жеңіс сыйлады. Әрине, бұл екі құраманың қай-қайсысында да алты аласымыз, бес бересіміз жоқ. Дегенмен қосымша минутта қақпасына өкінішті гол енгізіп алған, биыл мұндай додаға алғаш рет қатысып отырса да, ағылшындарды азапқа салып, қызық ойынымен жанкүйерді тоқсан минут бойы теледидарға телміртіп қойған Уэльс футболшыларына ерекше сүйсінгеніміз рас.

Осымен Англия 4 ұпайға қол жеткізсе, алғашқы турда Словакияны жеңген Уэльстің қоржынында 3 ұпай бар. Ал Уэльстің келесі қарсыласы бір ғана ұпай бар Ресей.

 

№17. Екінші рет қайталанған есеп

 

«С» тобы. 2-тур. Украина-Солтүстік Ирландия — 0:2

Гол авторлары: Гарет Макаули, 49-минут (0:1); Найал Макгинн, 90+6 минут (0:2).

16 маусым. Лион. «Стад-де-Лион» стадионы.

Бірінші турда Германиямен (ұтылса да) аянбай тайталасқан Украина бұл кездесуде ұйқылы-ояу күн кешкендей болды. Тағы да дәл сондағыдай 0:2 есебімен жеңілгенімен украиндардың бұл ойындағы қимылдарынан тәуір эпизодтарды теріп алу қиынның қиыны болып қалды. Бұларды тіпті кездесуді азғана уақытқа тоқтатуға мәжбүр еткен жаңбыр да, бұршақ та сергіте алмады. Ал жинақы ойнаған, сәл тиімді мүмкіндікті құр жіберіп алмауды алдын ала ойластырған солтүстік ирландиялықтар зор қуанышқа бөленді: алғаш қатысып отырған Еуропа чемпионатындағы алғашқы голын соқты, алғашқы ұпайын жинады, алғашқы жеңісіне жетті.

Сөйтіп, Солтүстік Ирландия екі турдың нәтижесінде 3 ұпайға ие болса, Украина түк ұпайсыз қалды.

 

№18. Алғашқы 0:0 есебі

 

«С» тобы. 2-тур. Германия-Польша — 0:0

16 маусым. Сен-Дени. «Стад-де-Франс» стадионы.

Өткен турда соншама қарсыласқан Украинаны салқын ақылмен жеңген Германия бұл жолы да үш ұпай алатындығы күмән тудырмаған. Бірақ олай болмады. Тіпті кездесудің бірінші таймында Германия да, Польша да қақпаға тікелей бірде-бір қауіпті соққы жасай алған жоқ. Сірә, екі құрама да оңбай қателесуден қатты сақтанған болса керек. Шабуылдар ойынның екінші бөлігінде басталды. Дегенмен бұл 45 минуттың ішінде де жанкүйерлер гол соғылғанына куә бола алмады. Сөйтіп, чемпионат басталғалы бірінші рет 0:0 есебі тіркелді. Тағы бір ерекшелік, бұл тең ойын Украинаның 1/8 финалға барар жолын  біржола жапты.

Сонымен қазір Германия мен Польша 4 ұпайдан жинап, иық тірестіріп тұр.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button