Спорт

Гол жауған күн

Премьер-Лига

16-турда «Қайрат» Алматыда «Ордабасы» командасынан ұтылып жатып (0:2), есепті 85-минутта әзер теңестірді. Сырт алаңда жеңіске жеткен «Астана» тіпті өрлей түсті. Соңғы үш орындағы командалар түгелдей ұтылды.

Бұл турдың бір ерекшелігі, гол қақпаларға топылдай кірді.

Бұл турда жерлестеріміздің Павлодарда «Ертістен» ірі есеппен жеңілуін ақылға сыйымсыз оқиға ретінде қабылдаудың қажеті шамалы. Сондай-ақ «Ақтөбені» енді жалы көтерілмейтін дәрменсіз клубтар қатарына қоса қоюдың да реті келіңкіремейді. Тап қазір командамыз қандай клубтың да (қоржыны толық, қаржысы мол «Астана» мен «Қайрат» командаларынан басқа) басына келіп-кетіп тұратын жайға тап болып тұр. Өзіңіз есептеп көріңіз, жасыл алаңда өзіндік орны бар қанша футболшымыз жарақатына байланысты ойынға қатыса алмай қалып отыр: Самат Смақов, Бобир Давлатов, Михаил Петролай, Тоқтар Жаңғылышбай, Абат Айымбетов, кешегі ойында Самат Отарбаев және жарақат алып қалды.

Рас, өткен турдан бастап Әбілхан Абдукаримов қатарға кіргізілді. Павлодардағы кездесуге командаға жаңадан алынған 25 жастағы сербиялық қорғаушы Вук Митошевич, 21 жастағы қорғаушы Саят Жұмағали қатыстырылды. Дегенмен әр футболшыны ойын барысында өзіне лайық міндетін атқаратын тұсқа орналастыру, қажетті ақыл-кеңесті ұқтыру уақыттан озып-қалып қоя беретін сағат тілін бұрай салу емес. Турнир кестесінде қашаннан бері екінші орында келе жатқан, бізге азу тісін көрсеткен «Ертістің» өзі, міне, екінші айналым басталғаннан бергі бес турда бір рет ұтылып, екі рет тең ойнауға мәжбүр болды.

Қалай болғанда да, түрлі себептерге байланысты бұл турда ірі есеппен ұтылған үш команданың бірі болдық. Әрине, бас бапкерге бұл жағдайдан шығудың емін тез арада табу оңай да болмас, дегенмен «Ақтөбе» шаң қауып қалатын командалар қатарына түсе де қоймас.

«Ертіс»-«Ақтөбе» — 4:1

Гол авторлары: Фернандес, 2-минут (1:0); Роман Муртазаев, пенальти, 35-минут (2:0); Елдос Ахметов, 48-минут (3:0); Дидар Жалмұқан, 55-минут (3:1); Усман Джаллоу, 82-минут (4:1).

Ескерту қағазын алғандар: П.Әлиев, 50-минут («Ертіс») — Е.Азовский, 35-минут; В.Крюков, 65-минут, М.Ситдиков, 67-минут («Ақтөбе»).

«Ертіс»: Давид Лория (капитан), Томаш Йирсак (Пірәлі Әлиев, 14-минут), Карлуш Фонсека, Семир Керла, Усман Джаллоу, Фернандес (Фаль, 67-минут), Казбек Гетериев (Әлібек Аяғанов, 87-минут), Руслан Есімов, Елдос Ахметов, Роман Муртазаев, Сергей Малый.

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, (Станислав Павлов, 27-минут), Куасси Куаджа, Егор Сорокин, Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Вук Митошевич (Әбілхан Абдукаримов, 74-минут), Егор Азовский (Саят Жұмағали, 60-минут), Дидар Жалмұқан (капитан), Виктор Крюков, Кирилл Шестаков.

15 маусым. Павлодар. Орталық стадион. 4 500 адам.

 

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Қайрат»-«Ордабасы» — 2:2

Гол авторлары: Мардан Төлебек, 4-минут (0:1); Александр Симчевич, 50-минут (0:2); Жерар Гоу, 68-минут (1:2); Жарко Маркович, 85-минут (2:2).

«Тобыл»-«Астана» — 1:2

Гол авторлары: Неманья Максимович, 17-минут (0:1); Евгений Лёвин, 45-минут (1:1); Асхат Тағыберген, 58-минут (1:2).

«Оқжетпес»-«Шахтер» — 3:0

Гол авторлары: Жасұлан Молдақараев, 6-минут (1:0); Жасұлан Молдақараев, 42 минут, пенальти (2:0); Даниил Чертов, 68-минут (3:0).

«Тараз»-«Жетісу» — 2:3

Гол авторлары: Душан Савич, 28-минут (0:1); Душан Савич, 53-минут (0:2); Душан Савич, 67-минут (0:3); Малик Мане, 84-минут (1:3); Йоана Мера, 90-минут (2:3).

90+2 минутта екінші рет ескерту қағазын алған Бауыржан Байтана жасыл алаңнан қуылды.

«Ақжайық»-«Атырау» — 0:4

Гол авторлары: Валерий Коробкин, 17-минут (0:1); Владимир Аржанов, 33-минут (0:2); Вячеслав Шарпар, 63-минут (0:3); Александр Куртеян, 73-минут (0:4).

56-минутта пенальти орындаған Ортиз («Ақжайық») қақпашыдан айласын асыра алмады.

 

*   *   *

 

16-турдың нәтижелері:

Бұл турда чемпионат басталғалы ең көп доп — 24 гол соғылды.

Алаң иелері 12 гол соқса, қонақтар да дәл солай 12 доп өткізді.

1 кездесуде алаң иелері, 4 ойында қонақтар жеңді, 1 кездесу тең есеппен аяқталды.

9-шы, 12-ші және 14-ші турдағы секілді бұл турда да алты ойын алты түрлі есеппен аяқталды.

4:0 есебі чемпионат басталғалы бірінші рет тіркелді.

Бірінші рет бір турда 3 ірі есеп нәтижесі тіркелді.

Душан Савич («Жетісу») — 3 гол; Ж.Молдақараев («Оқжетпес») — 2 гол соқты.

Шапшаң гол иелері: Фернандес, 2-минут («Ертіс»), Мардан Төлебек, 4-минут («Ордабасы»); Жасұлан Молдақараев, 6-минут («Оқжетпес»); Неманья Максимович, 17-минут («Астана»); Валерий Коробкин, 17-минут («Атырау»).

Кездесулер барысында 25 ескерту қағазы көрсетіліп, 1 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Мергендер көшінің басында 10 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») тұр.

Чемпионат басталғалы 95 кездесу өтті. 45 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 30 тайталаста қонақтар басым түсті, 20 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 226 гол соғылды (алаң иелері — 126, қонақтар — 100), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,37 гол енді.

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 5 гол (төртеуі — он бір метрлік айып добы);

Дидар Жалмұқан — 4 (1);

Никита Бочаров — 2;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1;

Сандро Цвейба — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 7 кездесу өткізіп, 3 ойында жеңіске жетті, 2 тең ойын нәтижесі тіркелді, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 8:7. Ұпай — 11. Сырт алаңда 9 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 3 ойынды тең аяқтады, 4 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 8:14. Ұпай — 9.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

 

1.Астана      16       14       1          1          25-8    43

2.Ертіс          16       10       4          2          27-9    34

3.Қайрат      16       9          3          4          33-14  30

4.Оқжетпес  16       8          3          5          24-17  27

5.Ордабасы 16       7          3          6          21-21  24

6.Ақтөбе       16       5          5          6          16-21  20

7.Атырау      15       5          4          6          16-18  19

8.Жетісу        16       5          4          7          18-24  19

9.Тобыл        15       5          3          7          17-18  18

10.Шахтер    16       3          4          9          5-23    13

11.Ақжайық 16       3          2          11       10-27  11

12.Тараз       16       1          4          11       14-26  7

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай. 

 

*   *   *

 

19 маусым, жексенбі күні өтетін 17-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайрат» командасымен кездеседі. Бірінші айналымда алматылық командадан 0:3 есебімен ұтылған болатынбыз.

Басқа ойындар:

19 маусым, жексенбі

«Атырау» (Атырау) — «Тараз» (Тараз)
«Шахтер» (Қарағанды) — «Ақжайық» (Орал)
«Астана» (Астана) — «Ертіс» (Павлодар)

«Ордабасы» (Шымкент) — «Оқжетпес» (Көкшетау)
«Жетісу» (Талдықорған) — «Тобыл» (Қостанай)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button