Әлеумет

ЕЛДІКТІҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ

Дүйсенбі күні Астана төріндегі Тәуелсіздік Сарайының алдында мемлекеттігіміздің басты бейнесі ретіндегі «Қазақ елі» атты монумент ашылды. Республиканың түкпір-түкпірінен келіп салтанатқа қатысқан 70 мыңға жуық адам қатысты.

Киіз туырлықты қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған жиырма жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанды күллі әлем танып білді. Әсіресе, Азияның жауһарындай Астананың даңқы алысқа кетті. Бүгінде бүкіләлемдік дәстүрлі діндер басшыларының басын дүркін-дүркін қосып, сол арқылы адамзаттың ортақ қазынасы — бірлікті насихаттап отырған елордаға әлем жұртшылығы сүйсіне қарайды.

Әдетте Астана еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен қоса аталады. Өйткені ел экономикасы еңсе тіктей алмай жатқан шақта  қаншама қарсылықтарға қарамай, елорданы еліміздің қақ ортасына апарып тіккен Елбасы шешімінің саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дұрыс екендігін уақыт көрсетті.

Елордада бой тіктеген әрбір ғимаратқа жанашырлықпен қарап, жаңа астананың бас архитекторына айналған Президентті аузы дуалы қауым «Астананың кіндік әкесі» атандырғаны мәлім. Сондықтан Астана қалалық мәслихат депутаттарының «Қазақ елі» монументіне Президенттің бейнесін де енгізу туралы ұсынысы жалғыз олардың ғана емес, бүкіл халықтың қалауы еді.

Салтанат басталған сәтте жиылған қарақұрым елдің жүзінде қуаныш һәм мақтаныш бар еді. Әсіресе, қилы-қилы заманды көрген ақсақалдар жағы «тәубә, тәубә» десіп тұрды.

Сөз бастаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тәуелсіз мемлекетіміз бен оның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев туралы тебірене әңгімеледі. Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев та бүгінгі салтанаттың жөні бөлек екенін, Елбасы жүргізіп отырған саясат бүкіләлемдік қауымдастықтар тарапынан зор қолдауға ие болып отырғанын баса айтты.

Сенат төрағасының сөзінен кейін монументтің бетіндегі перде сыпырылғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі жарқ ете қалды. Осы сәтте жиналғандар ду қол шапалақтап, еліміздің басты алаңы қуанышты үндерді алысқа таратып жатты.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, республикалық «Ұланның» сарбаздары салтанатты шерумен өткеннен кейін тілектер әрі қарай жалғасты.

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, дегдар Әбіш Кекілбайұлының, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның,  Қазақстанның Еңбек ері Геннадий Зенченконың, «Хабар» телеарнасының директоры, қазақ тілінде еркін сөйлейтін Юлия Кушнареваның лебіздері де елдік мұрат, Елбасының мемлекет құрудағы орасан зор еңбегі хақында болды. (Салтанатты жиында айтылған лебіздер бүгінгі номерімізде тұтас беріліп отыр — ред.).

5,2 гектар аумақты алып жатқан «Қазақ елі» монументінің биіктігі — 91 метр. Бұл біздің 1991 жылы тәуелсіздік алғанымызды білдіреді. Монументтің ұшар басында орнатылған биіктігі 3,3 метрлік, күн астында қанат жайған Самұрық құс — егемен еліміздің ертеңі мықты екендігін аңғартатын деталь. Ал одан сәл төменде қазақы ою-өрнектермен бедерленген төрт қалқан қорғанысымыздың берік екендігін аңғартады. Ақ мәрмәрдан жасалған тұғыр халқымыздың аппақ көңілін, қонақжай қалпын һәм еліміздегі ұлтаралық татулықты айғақтайды.

Стелланың төменгі белдеуіндегі 3,7х6,9 метрлік тас тұғырда төрт қола  барельеф орналасқан. «Халық және тұңғыш Президент», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» деп аталатын төрт барельефтің әрқайсысының өз «айтары» бар. Мысалы, «Халық және тұңғыш Президент» барельефінің дәл ортасында мемлекеттігіміздің негізін қалап, бүгінгідей еңселі ел дәрежесіне жеткізген еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата Заңға оң қолын қойып, Ант қабылдап тұрған рәсімі бейнеленген. Ел тәуелсіздігінің символы, конституциялық құндылықтарымызды сақтаудың бірден-бір кепілі Президентпен бірге бақуат тіршілік кешіп жатқан халықтың да бейнесі бедерленген.

«Қаһармандық» атты  барельефте қазақ жерін қорғап қалған даңқты бабаларымыздың ерлігі хронологиялық желілер арқылы өрбиді. Ел қорғау ісінің — ең басты борыш екендігін әйгілейтін барельеф бүгінгі ұрпақтың кіндігін найзасын жаудың кеудесіне тіреп тұрып сөйлеген бабалар рухына жалғаған туынды.

«Жасампаздық» — қазақ халқының көшпелі кезінен бастап ғарышты игергеніне дейінгі аралықты бейнелейтін барельеф. Қарапайым еңбек адамдарының мемлекеттің әл-ауқатын арттырудағы орасан зор еңбегін тасқа қашаған туынды — ауызбіршілігі мықты елдің алмайтын асуы болмайтынын көрсетеді.

«Болашақ» барельефінде тәуелсіз елдің тұғырын одан әрі нықтап, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу арқылы мемлекетіміздің айбынын асыратын жастардың бейнесі бедерленген. Барельефтің дәл ортасындағы отау құрып жатқан екі жас — біздің мемлекеттің «шағын мемлекет» — отбасы құндылықтарына ерекше мән беретінін аңғартады.

Монумент «Бірлік» атты ансамбльдік мүсіндер композициясымен аяқталады.

Қазақстанның төрткүл дүниенің ортасында, ал ел ордасы — Астананың Еуразия құрлығының дәл кіндігінде орналасқандығын бейнелейтін «Қазақ елі» монументі алаңымен қоса есептегенде 11 гектар жерді алып жатыр.

Тәуелсіздіктің туын тіккелі бері қазақ елінің мемлекеттік алуы жолында қан төккен хандарымыз, батырларымыз бен билеріміздің ескерткіштері еліміздің қай түкпірінде де бой көтергені мәлім. Ал мынадай тұтас кешен тұңғыш рет еңсе тіктеп отыр.

«Қазақ елі» — қазақтың өткені мен бүгінін сабақтастыратын, кез келген қазақстандықтың бойында мақтаныш сезімін тудыратын бірегей туынды. Қазақстан секілді қуатты елде тұру — мақтаныш, ал сын сәтте тарих таңдауы Нұрсұлтан Назарбаев секілді көреген тұлғаға түскені — қазақ елінің басына бұйырған бақ. Салтанатты сәтке куәгер болғандардың пікірі осындай.

Ел өміріндегі ең ерекше оқиға болған бұл салтанатқа құрамында Ақтөбе облысынан ақсақалдар мен облыс мәслихатының депутаттары, партия мүшелері мен жастар, БАҚ өкілдері бар арнаулы делегация қатысты. Біз олардың бірқатарының пікірлерін білген едік.

Өтеміс ӘКІМОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

— 1962 жылы мен Целиноград қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесіне қатысқан едім. Ол кезде Целиноградтың көшелерінен қазақты кездестіру өте қиын еді.

Міне, бүгінде сол қала қазақ елінің жүрегіне айналды. Қиын кезде астанасын ауыстырып, аз ғана жылда әлем жұртшылығының назарына іліккен мұндай әдемі шаһар салу — әлемдік  тәжірибеде көп кездеспеген оқиға. Бұл — біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігерінің мықтылығының, орасан зор еңбегінің арқасында дүниеге келген қала.
Ал енді бүгін ашылған «Қазақ елі» монументі — еліміздің аяққа нық тұрып,  қуатты мемлекетке айналғандығының көрінісі. Осы елдің азаматы ретінде мен ерекше толқып тұрмын. Лайым Тәуелсіздігіміз баянды болсын, Алла Елбасымызға ұзақ ғұмыр бергей!

Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:

— Еліміздің өткені мен бүгінін жалғастыратын мұндай кешен елімізде тұңғыш рет пайдалануға беріліп отыр. Бұл — әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді оятатын ғажайып кешен. Мемлекетіміздің негізін қалаған, әлем мойындаған ірі реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі де өте сәтті шыққан.

Менің пікірімше, бұл кешенді насихаттау жұмыстарына ерекше көңіл бөлу керек. Мысалы, «Қазақ елі» монументі оқулықтарға енгізілуі керек. Сонда болашақ ұрпақ тәуелсіздіктің бізге оңайлықпен келмегенін һәм мемлекетіміздің іргетасын қалап, оны әлемдік қауымдастық мойындаған іргелі елге айналдырған тұлғалардың еңбегін сезініп өсер еді.

Еркеш ҚАЛИЕВ, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

— Әлемнің мықты елдерінде мемлекеттің болмысын ашып тұратын ескерткіштер бар. Сол секілді «Қазақ елі» де біздің мемлекетіміздің кешегісі мен бүгінгісін, қуаты мен келешегін айғақтайтын көркем туынды.

Жиырма жылға жетпейтін уақыт ішінде осындай қуатты мемлекет құрып, оның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындаған еліміздің Президенті, «НұрОтан» халықтық-демократиялық партиясының көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қандай құрметке де лайық! Сондықтан да бүгінгі ғажап кешеннің бір бөлігінде Елбасы мүсінінің болуы да, меніңше, өте дұрыс шешім.

Сақыпжамал САТТАРОВА, облыстық мәслихаттың депутаты:

— Адам үшін қажетті рухани құнды байлықтардың бірі — ескерткіштер. Біздің жеріміз ежелгі тарихи ескерткіштерге кенде емес. Қазір жаңа құндылықтармен толығуда. Соның бірі — Астанамыздың қақ төрінде орналасқан «Қазақ елі» монументі.

Біз бір топ ақтөбелік делегация осы монументтің ашылу салтанатына қатысу бақытына ие болдық. Халықтың ықыласымен қойылған бұл монументтің ашылу сәтінде мен де толқу үстінде болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын еске алдым. Сол жылдар мен қазіргі уақытты сараладым.

«Қазақ елі» монументі — еліміздің сан ғасырлық тарихына, ата-жұртымызға, өткеніміз бен бүгінгімізге, келешекке қойылған мәңгілік ескерткіш.

Қазақстандықтар бұл ескерткішті қасиеттеулері тиіс. Бұл монумент әрбір ұрпақтың еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Нәзира ТАБЫЛДИНОВА, облыстық мәдениет басқармасының бастығы:

— Астанамыздың қақ ортасынан ойып тұрып орын алған «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанатына келгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл — үлкен жаңалық, мемлекет үшін символдық белгі. Мемлекеттіліктің нышаны Америкада «Бостандық» статуясы, Францияда «Эйфель» мұнарасы болса, қазақ жұрты үшін «Қазақ елі» монументінің орны дәл сондай болады деп ойлаймын.

Бұл — жай ғана ескерткіш емес, бұл танымдық, тағылымдық мазмұны бар кешенді жоба. Жалпы, елордада осындай әрі сәнді, әрі мемлекеттілігіміздің белгісіндей мағынасы мол ескерткіш ашылатындығынан  көпшілігіміз хабардар едік. Бүгін сол мақсат, көптің тілегі орындалды. Қазақ елінің мәртебесі де осы мұнарадай биікке өрлей берсін.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Ақтөбе – Астана – Ақтөбе.

********

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі:

Замананың өзі нұрсұлтан назарбаевты таңдады

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бас алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы.

Евразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен ұлықтанып келеді. Оған Ұлы Уақыттың өзі куә. Осы тұрған Сіз бен біз – Өзіміз куә.

Еркіндік және Теңдік. Егемендік және Тәуелсіздік. Қай халық үшін де аса қадірлі ұғымдар. Қазақ үшін тіпті де қасиетті ұғымдар. Мұны түсіну үшін, түсініп қана қоймай, түйсіну үшін – үлкен ұғым керек. Елім деп соққан зор жүрек керек, жерім деп соққан жан-пида сезім керек.

Адам болып өмірге келу де, азамат болып қалыптасу да, тізгін ұстап ел басқару да, сол елдің тұғырлы тұтқасына айналу да алдымен Тәңірдің, сосын халықтың арқасы. Тағдыр Қазақстанға бұрын-соңды болмаған тарихи мүмкіндікті сыйға тартса, сол еркіндік пен теңдіктің, егемендік пен тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі қазақтың кигіз шежіресіне көне түркінің тасқа басқан таңбасындай мәңгі қашалатын мол мұра.

Халықты жасайтын – тарих, тарихты жасайтын – жеке тұлғалар.  Қазақстан Президенті – сондай тұлғалардың бірі де, бірегейі де. Соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде елдің ел болғаны, ес жиып, етек жауып, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылғаны, шежіре үшін көзді ашып-жұмғанша қысқа мерзімде Қазақстанның бұрын-соңды болмаған экономикалық және рухани биікке көтерілгені сол кісінің саяси жетістігі деп білемін.

Бүгін – Егемендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз табанды болған кезең. Ұлтымыздың рухани қуатын, қайыспайтын қара нардай қайратын, арыс алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан уақыт – Елбасының ұзақ жылғы табысты өмір жолының заңды жемісі де, тарих алдындағы жеңісі де.

Олай болса, Ұлтқа Ұстаз болып отырған Елбасының асқақ рух, сирек азаматтық еркі, қайрат пен ақылы, парасат пен пайымы, көрегендік пен көсемшілдігі, ақиық ақын Махамбетше айтқанда, жайылып жатқан жерді «елге толтыруды, жағалай жатқан сол елді малға толтыруды» көксеген көкейтесті арманы, «малым жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», деп жатса-тұрса ердің емес, елдің қамын жеген мемлекетшіл қайраткерлігі – қашан да өрелі өнеге, үлкен үлгі.

Сондықтан, Астана қаласының Мәслихаты бастамасымен ашылғалы тұрған осынау райы ерекше рәміз – біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың, ұлттық сана-сезіміміз бен тарихи таңдауымыздың, Ел мен оны жетектеген Елбасыға деген қадірлі құрметіміздің, халық үшін керекті, тарих үшін деректі айғағымыздың дәл көрінісі деп қабыл алайық, ардақты ағайын!

Әр халықтың жүріп өткен жолында тірлігін тезге салып, тағдырын талқыға жаншырдай алмағайып кезеңдер кесе көлденең жататыны аян. Мұндай өткелек кезеңдер Қазақстанның тарихында мемлекеттілігін орнатқанға шейін де, орнату барысында да, одан кейін де кезікті. Алайда, тап осындай сәттерде тарихтың нәсібі өзінің саяси ерік-жігері мен еңсерлі ерлігі арқылы мемлекет тұтастығы мен ұлт бірлігін аман сақтап қалатын біртуар тұлғаларды сыйға тартады екен.

Ондай адамдардың аты мәңгі-бақи ұрпақтар жадында қалып, алғысына бөлене береді. Өйткені, олардың өмірі уақыттан оза шауып, іс-әрекеттері бірнеше ғасыр өткеннен кейін де келер ұрпақ буынының бой таластырар рухани өресіне айналды. Бұлғақ буып, бүліншілік қысқан шақта көш бастаған сол көсемдер мемлекет пен елдіктің іргесін ілгектей жиып, тірнектей бекіте отырып, жасампаз болу, жасанта түсу жауапкершілігінің батпан жүгін арқаға таңды.

Тап сондай жағдаятты біз жиырма жылдай бұрын бастан кештік. Алып империяның опырыла құлауы халықтарды тәуелсіз де лайқатты дәурен сүру үмітінен біржола айырып, сойқан соғыс пен зорлық-зомбылықтың түпсіз шүңгитіне батыру қаупін төндірді. Міне, сонда мемлекетке данагөй қасиет дарыған, рухы күшті әрі саяси күш-жігері мол көшбасшы керек болды.

Ғасырлар тоғысында, ел мен халық ең ауыр, бірақ абыройлы сынақ – тәуелсіздіктің сынағын арқалап шыққанда, замананың өзі Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Егер оны абыроймен өткеріп шықсақ, онда бұл, ең алдымен, өз ішімізде тыныштық сақтап, өзгелер үшін бейбітшілік бастауына айналған нақ сол тәуелсіздіктің рәмізі – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің теңдессіз еңбегі, әрі тарихи миссиясы деп білеміз.

Ақиқатқа жүгінер бүгінгі сәтте әрқайсысымыз елдің егемен мемлекет ретінде қалыптасуы Елбасының сарқылмас саяси күш-қуаты мен экономикалық білімдарлығының арқасы екенін мойындауға тиіспіз. Өйткені, өткен жол, өнгек іске уақыт өлшемімен төрелік айтпайды, оны тек атқарылған шаруаның ауқымымен бағалайды. Сол іс ағзам шаруалардың ең ұлығы – Қазақстанның жаңа орталығы – елдің жан-жүрегіне айналып, келешегіне нұрлы жол салған Астана мынау.

Қазақстанның бүгінгі таңдағы жетістіктері, шын мәнінде, Мемлекет басшының жетістіктері. Сондай-ақ, тап қазір Елорданың басты алаңына жиналғандар санының қисапсыздығы да халықтың өз көсемімен етене қауышуының қуатты рухани серпіні елді өркендетудің негізгі қозғаушы күші бола беретіндігінің айқын дәлелдейді. Президентпен қауышу, ұлтпен қауышу өздеріңізбен қауышу баршамыздың бірлігімізді ұластыра, елдігімізді тұтастыра түседі.

Бүгін, міне, баршамыз төңірегіне жиналған «Қазақ Елі» монументі архитектуралық-мүсіндік кешенінің ішкі астары – рухани мағынасы осында жатыр. Кешен ата-бабаның аңсаған арманын, замандастарымыздың жасампаздық құлшынысын, келер ұрпақтың белсенді іске құштарлығын бойына жинақтаған.

Сондықтан бұл уақиға біздің баршамызды толғандырып, бүкіл сезім-түйсігіміз бен ой-ниетімізді толқытады, өйткені азаттық пен тәуелсіздік дегеніміздің өзі, ең алдымен, біздің ел болашағы алдындағы, сондай-ақ жеке тұлғасы төрт басты ұстыны: * Тәуелсіздік; * Отан қорғау; * Жасампаздық; *Болашаққа құлшыныс негізінде бүкіл елдің бірлігін бейнелейтін Қазақстанның Тұңғыш Президентінің алдындағы жауапкершілігіміздің шарқын білдіреді:

Сондай-ақ, мұнда төрт маңызды құндылық:

саяси тұрақтылық; ұлтаралық келісім; экономикалық прогресс; әлеуметтік тыныштық рәміздік тұрғыдан көрініс тапты.

Осы ұстындар мен құндылықтардың бәрінің бұлжымай сақталуын қамтамасыз етуге тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша ғұмырын арнап келеді.

«Уақыт тас тоздырады» дейді. Бірақ, ол дара туған тұлғаның есімін ұмыттыра алмайды. Өйткені, оған тарих шексіздігінің мәні астасып жатыр, уақыт жүйткіп өткенімен оның ізгі амал, даңқты ісі ешқашан жадтан өшпейді.

Тәуелсіздіктің жарқын бейнесіне айналған дара тұлға халықтың азат та айбынды болуға құштар аңсары сияқты тарихта мәңгі жасай береді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Парламент Сенатының Төрағасы:

“Қазақ елі” монументі халқымыздың асқақ рухын паш етеді

Бүгін біз бүкіл қоғам, әлеумет болып дәуірлік маңызы бар оқи­ғаға – “Қазақ елі” монументін ашу салтанатына жиналып отыр­мыз. Дана халқымыз: “Еркіндік қайда болса – елдік сонда, бірлік қайда болса – ерлік сонда” деп айт­қанындай, “Қазақ елі” мону­менті еліміздің сан ғасырлық та­рихы­на, ұлтымыздың ұлы перзент­теріне, асыл мұратына, атажұр­ты­мызға арналған мәңгілік ескерт­кіш. Шын мәнінде бүгінгідей бай­тақ елімізде, жауһар Астанамызда осындай мағынасы терең мону­менттің орнауы қазақ халқы үшін тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Еліміздің басты ес­керткіші ұрпақтар байланысын, уақыт үндестігін бейнелейді. Бұл – ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын. Міне, сондықтан да біздер үшін оның маңызы аса зор.

Қазақ халқы талай аумалы-төк­пелі замандарды бастан кешті. Алай­да, еркіндікті аңсаған қайсар ру­хы­мыз, қайрат-жігеріміз бізді әр­дайым алға жетеледі. Ұлтымыз­дың ұлы жеңістері ешқашанда оңайлықпен келген жоқ. Тәуел­сіз­дік жолына түскен сын сағаттарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев нар жүгін мойымай көтеретін қа­жырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бас­тады, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Пре­зидентіміз елінің үмітін ақтауда аянбай, орасан зор еңбек сіңірді. Ол халқының әл-ауқатын арт­ты­руды өз өмірінің басты қағидасы ретінде таңдап алды. Елбасымыз алған бағытынан таймай, мемлекет тізгінін нық сеніммен ұстап келеді.

Әлем жұртшылығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әйгілі ре­фор­матор, ұлт лидері деп таниды. Қазақстанның қол жеткізген барша табыстарын Елбасымыздың есімімен байланыстырады.

Қазақ жақсылыққа жаны құ­мар, пейілі кең, парасаты биік, міне­зі дарқан халық. Бауырмал жұр­тымыз зұлмат жылдарында қу­ғын-сүргінге ұшыраған көптеген ұлт­тарға қамқорлық жасады. Мем­лекеттік мәртебе алған ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін, бай мәдени мұрасын қайта жаңғыртқан хал­қы­мыз бүгінде барлық ұлттар мен ұлыс­тардың ынтымағы мен дос­тығына, береке-бірлігіне ұйытқы болуда.

Шын мәнінде Президенті­міз­дің бас­тауымен біз қысқа мерзімде Отанымыздың шаңырағын биік­те­тіп, іргесін нығайттық. Ұлттық мүд­демізді қорғап, рухани байлы­ғымызды молайттық. Бәсекеге қабілетті экономикамызды құрып, ғаламдық өр­кениеттің ажырамас бөлшегіне айналдық, мәртебесі биік, абыройлы мемлекет болдық. Байыпты сыртқы саясатымыздың арқасында қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа қол жеткіздік. Барлық көрші елдермен арадағы мем­ле­кет­тік шекарамызды анықтап, бекіттік.

Халықаралық қоғамдастық Қа­зақстанды адамзат тарихында бірін­ші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел, дүние­жүзі­лік қауіпсіздік пен бейбітшілікке айтулы үлес қосқан мемлекет деп құрметтейді. Халықтар достығын, діндер татулығын және рухани келісімді сақтауға бағытталған ізгі бас­тамаларымыз жоғары баға­лануда. Келесі жылы Қазақстан ТМД мемлекеттері, Орталық Азия және бүкіл түркі тілдес мемле­кеттердің арасынан бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалық ететін тұңғыш мемлекет болмақ. Әлемдік мұсылман қауым­дас­ты­ғының беделді мүшесі ретінде біз­дің еліміз 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына да төраға болып сайланды. Бұл да Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев стратегия­сы­ның дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан кең қолдауға ие болға­нын паш етеді. Бүгінгі бас қосып отырған салтанат еліміздің та­рихын­да алтын әріптермен жазы­ла­тын естен кетпес ерекше оқиға. Астана бүкіл әлемге “Орталық Азия­ның гауһары”, “Арман қала”, “Болашақтың жаңа символы” ре­тінде танылды. Астана – Отаны­мыз­дың жүрегі, халқымыздың ты­нысы, ұлттық жаңғыруымыздың, рухани өрлеуіміздің рәмізі, берік негізі. Біздің бас қаламыз – еліміз өркендеуінің айқын нышаны, сенімінің алтын бесігі.

Астана шын мәнінде біздің ұлттық идеямыз, болашаққа бағ­дары­мыз. Сондық­тан елорда төрінен сал­танатпен бой көтер­ген  “Қазақ елі” монументі – ғасырдан ғасырға, атадан балаға мұраға қа­ла­тын ай­рықша рәміз. Ол біздің ба­балар аманатына адалдығы­мыз­ды, ұрпақтар алдындағы пары­зы­мызды, аялы да асыл үмітімізді бей­нелейді.

Бүгінгі күні Қазақстан өзінің лидерінің басшылығымен иннова­циялық қарқынды даму жолына түсіп отыр. Мұндағы басты бағдар білім, ғылым, мәдениет пен ден­саулық сақтау істерін дамытуға бағытталған. Елбасы экономиканы жаңа технология­лардың негізінде жаңғырту мен индустриялан­дыру­дың болашағы аса зор көпжылдық жоспарын қолға алып отыр.

Біздің ең басты үмітіміз жас­тарда. Ұлт лидері сіздерден оқы­ңыз­дар, жасаңыздар, еңбек еті­ңіз­дер деп талап етеді. Қазақстанды жаңғырту міндеті, оны алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына қосу міндеті сіздердің мойын­дарыңызға жүктеліп отыр.

Біз, Қазақстан халқы өзіміздің жаңа Астанамызбен және оны құрған, жасаған Президентімізбен мақтанамыз. Біздің еліміздің жү­регі Астана қаласында соғады. Елі­міз үшін аса маңызды шешімдер осында қабылданады. Астана – біз­дің халқымыздың жарқын бо­лашаққа ұмтылысының символы.

Заңғар көкке ұмтылған “Қазақ елі” монументі халқымыздың ас­қақ рухын паш етіп, бірлік пен татулыққа, жақсылық пен жасам­паздыққа шақырады. Бүгінгі тарихи сәтте баршаңызды “Қазақ елі” монументінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мем­лекетіміздің баянды болашағы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын.

Спикердің сөзінен кейін “Қазақ елі” монументі салтанатты түрде ашылды.

Шерхан МҰРТАЗА, халық жазушысы:

Көбеймесек көсегеміз көгермейді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды. Бүгінгі күні ол халқымыздың санының көбейгенін қалап отыр. Үкімет көп бала туған аналарға үлкен қамқорлық жасауда. Осы үрдісті қолдауымыз керек. Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғанымызбен, санымыз әлі де тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: “Біз жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз”, деген еді. Мұхтар Әуезов те: “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, деген. Бізге көбею керек. Осыған Президент өзі бас болып қамқорлық жасап жатыр. Осыны іске асыратын бізге мықты Үкімет керек. Сонда ғана біздің мәртебеміз биік болып, ешқашан қор болмаймыз. Сонда ғана біз барлық кедергілерді жеңеміз. Халқымыздың басына бақ қонсын. Қазақстан аман болсын. Қазақ елі аман болсын.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, сенатор:

Ордалы астана тұрғызу олжалы жорыққа шығудан қиын

Осыдан он үш ғасыр бұрынғы бабалары­мыз айтқан: “Елім бар жұрт едім ғой – елім қайда?! Төрім бар жұрт едім ғой – төрім қайда?!” – дейтін қаһарлы ұранмен қал­шыл­датқан желтоқсанның үскірігіне қара­май, ұл-қыздарымыздың көшеге шыққа­нына – міне, биыл жиырма үш жыл бол­мақ. Қатал режім қаһарына мініп, қыл бұрау салып баққанымен, оны тәңір естіп, тарих қолдап, тәуелсіздік алғанымызға жақында он сегіз жыл толмақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін алты жыл өте, көштің басын Сары­арқаға бұрдық. Жетінші жылы іске кірістік. Одан бері он бір-ақ жыл өтіпті. Неткен болмашы уақыт?! Бірақ, сол он бір жылдың ішінде бабаларымыздың әлгі он үш ғасыр бойына орындай алмай келе жатқан асыл арманы – Баянды Елі дүниеге келіп, Есіл­дің екі бетіне самаладай-самаладай ғима­рат­тар самсатып, әлем сүйсінген зәулім Астана салыппыз. Неткен көп іс тындырғанбыз?! Бұл тек ертегілерге ғана сыятын ерен іс. “Тіл- аузымыз тасқа! Тәубе-тәубе!” – дейік.

Өйткені, ертедегілер етегі тола еңіре­ген­дей, ұлдар әкесіне, інілер ағасына тартпай, арбағанға еріп, алдағанға көніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналып, тіл, дін ұмытылып, діл азып, атымыз өшіп, затымыз жойылып кете жаздағанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Өшкен жанып, өлген тірілді деген осы емес пе?!

Бір кезде Білге Қаған: “Баз кешсек – өкінерміз, жаңылыссақ – түзелерміз. Бірік­сең етті, елім!” – деп еді. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем. Жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болуымыз, жарық дүние түгел таңқалған астана салуымыз – соның айғағы. Мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жайбара­қат жетіппіз. Ол бірлікті елі, білікті төрі бар са­лиқалы қауымдардың ғана қолынан келмек.

Ордалы астана тұрғызу олжалы жорыққа шығудан әлдеқайда қиын. Ол өткенде­гі­лердің арманын орындап, бүгінгілердің мүд­де­сін түгендеп, ертеңгілердің мерейін тасы­татындай болуы керек еді. Құдайға шүкір, ондай жасампаз күш-жігер елімізден, оны рәсуа етпей, өрелі іске жұмылдыра алар пәтуа төрімізден табылды. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде данышпан халқымыз өз тағдырын кімге сеніп тапсыруды білді. Тұңғыш Президент – ерекше Президент. Талай жыл билеп-төстеген отаршылдықтан арылу, атақонысымызды, ұлттық дербес­тігімізді түгел мойындатып, іргелі ел ету, жан-жақпен жарастықты қарым-қатынас орнатып, қандай жолмен ойдағыдай дами алатындығымызды айқындау, соған лайық саяси құрылым түзіп, мұндайда болмай қоймайтын заңсыздықтармен ұтымды күресіп, жалпақ қауымды жаңа үрдіске бастау соның еншісінде.

Біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бойында ондай терең білік, қапысыз көрегендік, биік талғам, ойдағысын іске асырмай тынбайтын табандылық пен ыждаһат жетіп артылады. Ол әншейін көшке ерген жетім тайлақтай салпақтай бермей, қайткенде іргелі ел, жоралы жұрт бола алатындығымызды даусыз мойындататындай өрелі мақсатты дер кезінде дәл тауып қоя білді. Кемеңгер хал­қымыз оны жете түсініп, ойдағыдай жүзеге асыра алды. Соның арқасында: “Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ”, дейтіндей керемет шаруа тындырылды.

“Ораздының отыз қонағы бір келеді” дегендей, бұл қуанышымызға төрткүл дүние­нің өкілдері түгел куә болып үлгерді. Он жылда осы дәуірдегі озық үлгідегі сәу­лет­ті астана салған Қазақ елінің заманға сай кемел мемлекет болып, жарқын келешекке лайық келелі істер тындыруға әзір екендігін өз көздерімен көрді. Аз жылдар ішінде жер-жаһандағы осы заманғы зымыран атаулы­ның бәрі шүйліге қадалған халықаралық қатер аймағы – хартлендтен сан алуан ұлт, тіл, дін өкілдерінің бастары бірігіп, тілектері қосылған шын Жиделі Байсынға айнал­ғанына таңқалды. Жер бетіндегі ядролық қарусыздануды алғаш қамтамасыз ету ар­қылы ұлттық, экономикалық, экология­лық қауіпсіздікті да бірдей шешудің өнегесін көрсетті. Санаулы жылдарда салауатты жол­дардан өтіп, салиқалы қорытындылар түйді. Бәсекесіз тұрмайтын нарық жағдайындағы дағдарыстың алдын алу жолдарын қарас­тырды. Аса толғақты кезеңдегі экономи­калық, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді үйлестірудегі инновациялық саясаты Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына дейін жоғарылатты. Қазіргі Қазақстан қай саланы да халықаралық стандарттарға сәйкес дамытатын мүмкіндіктерге ие. Жаңа халықаралық мәртебе оза дамыған елдер санатына қосылу үдерісімізді жеделдете түседі деп сенеміз. Осы заманғы ұлттық даму арнасымен әлеуметтік әділет, ғылыми инновация, интеллектуалдық прогресс және демократия жолымен алға баса беретініміз даусыз. Біткен істер өте мәнді. Бітпегені одан да маңызды. Жеткен жеңістерді жемісті жалғастырып, тарихи сабақтастықты өркениетті жолмен одан әрі өрістете білу – осы заманғы ұлттың басты парызы.    Ал Қазақстанның дәл сондай осы заманғы екендігіне күллі әлем куә. Осы мақсат жолында тарихтың талай қатал сынағын тай­салмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тарлан көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз, әрине, айрықша болмақшы. Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылыққа толы ер­теңімізді белгілейтін ақ мәрмәр монументтің ортақ тұлғасы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы әбден орынды. Тәуелсіздіктің қуанышына кенелген шат-шадыман ағайынның асқақ көңілі алып самұрықтай аспанға самғайды. Әлем сахнасына өз Конституциямызды қабылдап көтерілген күнімізді еске салады.

Бұл – Ел жолында жүк қалдырмас Ер­лікке ескерткіш. Бұл – абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дарқан Елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орын­даған ардақты ұлын аялаған халықтық Махаббаттың ескерткіші. Жасампаз халық, жаңашыл қауым екендігімізге ел жолындағы еңбекті әділ әспеттей білгендігімізбен сендіреміз.

Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері:

Қолдағы қазынамызды бағалай білейік

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан Қазақстан халқын бүгінгі оқиғамен құттық­таймын. “Қазақ елі” монументінің ашылуы – символикалық мәні зор оқиға. Бұл – Қа­зақ­станның өткенін, қазіргісін және бола­шағын бірге ұштастырып тұрған айшықты белгі. Ол қазақ халқының көп ғасырлық тарихындағы өткен жолын, ой-арманын көрсетіп тұр.

Тәуелсіздік алған жылдары біздің мем­ле­кеттілігіміз төрт аяғынан тең болып қа­лып­тасты. Бүгінгі күні Қазақстанды бүкіл әлем саяси тұрақтылық пен экономикадағы қарқынды дамудың белгісіндей көреді. Сонымен қатар, біздегі халықтар достығы мен дінаралық тұрақтылықты өздеріне үлгі етеді.

Қазақстанның бүгінгі барлық жетістік­те­рін дүние жүзі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Мемлекет басшысының әлемдегі бейбіт­ші­лікті, достық пен келісімді, этносаралық төзімділікті сақтау жолындағы маңызды бастамаларын барлық әлем қолдайды.

Мен ауыл шаруашылығының қызметкері ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бізге көрсеткен қамқорлығы үшін қатты құр­мет­теймін. Ол кісінің көмегінің арқасында қол жеткізген жоғары технологиялы жаңа техникалардың арқасында біздің облысымыз биыл 6,1 млн. тонна астық жинады. Бұл – бұрын болып көрмеген рекордты көрсеткіш.

Президенттің “Нұр Отан” ХДП-ның ке­зек­тен тыс ХІІ съезінде қолға алған Ин­дус­трия­лық-инновациялық даму бағдарла­ма­сын біздің облысымыз табысты түрде жүзеге асыруда. Ондаған жобалар іске асырылып, өндіріс өнімдері артып келеді. Бұл біздің облыстың Қазақстанның гүлденуіне қосқан сүбелі үлесі.

Мен барша отандастарымды қол жеткен табыстардан айырылмауға, оны еселей тү­суге шақырамын. Қолда бар қазынамыздың құнын бағалай білейік.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button