Спорт

Амангелдінің есімі ардақталды

Құрмет

Ұлы Абай «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол!»,- деді. Бір отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың, ауданның сүйінер ұлына айналған Амангелді Қартбаевқа 20 жасында жабысқан дерт оның көрер жарығын ерте үзді. Қысқа ғұмырында біраз белесті бағындырған ол өзінің сүйікті спорты самбодан спорт шеберіне үміткер болып үлгерді…

Амангелдімен құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен жолдастарының бәрі де бүгін орда бұзған отызда. Олар Амангелдіге деген құрметін ізгілікті іспен үйлестірді. Яғни, дзюдодан балалар арасында Амангелдіні еске алуға арналған облыстық турнир биыл ауқымды түрде өтті. Баласына арналған құрметтен Қартбаевтар отбасы мен олардың туыстары да сырт қалған жоқ.

Ауданның білім мен денешынықтыру және спорт бөлімдері, Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қолдаған жарысқа облыстың әр түкпірінен 12 командаға топтасқан 140-тан астам балғын спортшы қатысты. Дзюдоның әдіс-тәсілдерін шебер меңгеріп, әлі жеткендер алып та жықты, шалып та жықты.

Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер және барлық команда жетекшілері естелік сыйлықтармен марапатталды. Осы жарыста 50 кг салмақта оза шауып, бәйге алған өз құрдастарының баласы Әлішер Ысқақовқа Қартбаевтар отбасы арнаулы естелік сыйлық ұсынды.

Әрине, мұндай ауқымды шараны атқару үшін көптің көмегі қажеттігі рас. Сондықтан Қартбаевтар отбасы осы жарыстың басы-қасында жүріп, қолұшын созып, атсалысқан ауылдың азаматтарының бәріне алғыс айтады. Ал біз Амангелдінің құйрықты жұлдыздай жарқ еткен аз ғана ғұмырында ауданның «сүйінер ұлы болғанына» куә болдық.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button