ДенсаулықТарих

Аққағаз — ақ халат киген тұңғыш қазақ қызы

Қазақтың қайсар қыздарының бірі Аққағаз Досжанованың есімін біреу білсе, біреу білмес. Ұлтжанды азаматтардың арқасында ерлікке тең ерен істері мен өміржолы туралы мәліметтер  м жинақталып, жарияланып жүргенімен, ол туралы айтар әңгіме әлі түгесілген жоқ.

Қазақ қыздарының арасынан шыққан медицинаның алғашқы қарлығашы, Томскі медициналық университетінде оқып, Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген дәрігер Аққағаз Досжанова туралы бүгінгі дәрігерлер қауымының үн қатуы заңдылық. Ақтөбе өңірінде туып-өсіп, талай-талай белестерді бағындырған Аққағаз Досжанова секілді дәрігерге қандай құрмет көрсетілсе де лайық. Оның есімі Ақтөбе қаласындағы бір көшеде жарқырап тұрса несі айып.

Аққағаз Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясы, Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрте болысы, 5-ші ауылда туған. Бұл — қазіргі Мәртөк ауданына қарасты Бөрте ауылы.

Ата-анасынан ерте айырылған Аққағаз ағасы Сағындықтың қолында тәрбиеленіп, өседі. Аққағаздың дәрігерлік жолға түсуіне ағасы Сағындық Досжановтың тікелей ықпал жасағанын аңғарамыз. Қолда бар мәліметтерге қарағанда Сағындық Досжанов Орынбордағы орыс-қазақ балаларына арналған училищені, 1899 жылы мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдап, ағартушылық қызметтер атқарған. Ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсариннің ізбасар-шәкірті болған деседі. Орынбор, Ақтөбе жерлерінде мектептер ашып, басшылық еткен. Халел, Жанша Досмұхамедовтер басқарған Алашорда партиясының батыстағы бөлімшесінің белді мүшесінің бірі болғаны тарихтан белгілі. Сөйте жүріп қыздарын оқуға беруге қарсы шыққан басқа қазақтарға өнегелі жол көрсету мақсатымен қарындасы Аққағазды мектепке берген. Ағасының бұл қылығы алғыр да пысық қазақ қызына биікке өрлер баспалдақтың алғашқы сатысы іспетті көрінеді.

1914 жылы Орынбордың қыздар гимназиясын үздік бітірген зерек қыз Мәскеуде медицина курсында білімін жалғастырады. Ол жай оқып қана қоймай кең далада босып жүрен жұртының жоғын жоқтап, елінің ертеңін жақсарту үшін жасалып жатқан түрлі шараларға араласады. Мәскеудегі қазақ қайраткерлерімен пікірлесе жүріп, 1917 жылы мамыр айында өткізілген жалпы мұсылмандар съезінде мұсылман әйелдерінің арын арлап, сөз сөйлеп, төрт делегаттың бірі болып сайланады. Бұл дегеніміз — Ақтөбенің сахара даласында, Бөртедей белгісіздеу жерінде туып-өскен бармақтай қыз үшін жалаңаш жауға шапқанмен тең, ерлік емес пе?

Қайсар қыз оқуымен қатар ірі шаруаларға қатысып, елінің теңдігі жолында тынымсыз шапқылаймын деп, саулығына көңіл бөле алмай қалған секілді, Мәскеуге көп тұрақтай алмай 1918 жылы денсаулығына байланысты, фельдшерлік бөлімді қысқаша түгесіп, «Сестра милосердия» куәлігін алып, елге оралады. Салқын самал, саумал қымыз жағдайын жақсартып, 1-2 жылдан соң Мәскеуге қайта кетеді.

Аққағаздың оқуын тәмамдаған кезі Бірінші дүниежүзілік соғыстың өршелене түскен шағына тап келеді. Мейірбике есебінде майдандағы жаралыларға медициналық көмек көрсету үшін госпитальмен Польша шекарасына дейін табан тірейді. Одан госпиталь Томскіге қарай ауады. Томскіде қызметін атқара отырып, сондағы медицина университетіне қолындағы фельдшерлік курсты бітірген куәлігі арқасында 2-ші курсқа қабылданады.

Қайда жүрсе де қатарының алдында көрінген Аққағаз Досжанова үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбектің арқасында 1922 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітіріп, кәсіби маман болып шығады. Бұл қуанышты сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары С.Қожановтың шаңырағында алаштың арда ұлдары Т.Рысқұлов, Ә.Омаров, С.Асфендияров, Б.Сүлеев, С.Айзунов, Н.Төреқұлов, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, т.б. бас қосып, атап өткені жөнінде ақпарат бар. Бұл А.Досжанованың зиялы қауым ортасындағы абырой-беделін анық байқатады.

Аққағаз оқуымен қатар төңірегіндегі болып жатқан түрлі оқиғаларға бейжай қарай алмай, соларға байланысты өзінің ой-пікірін білдіріп, мақалалар жазып та жүрген. 1921 жылы 11 қыркүйекте «Степная правда» газетінде ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы «Түркістан» деген мақаласы жарық көрген. Медицина тақырыбындағы еңбектерінен бөлек, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» тәрізді журналдарда жазбалары жарияланып тұрған.

 ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚ КОМИССАРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ҚАУЛЫСЫ

№238 «14» желтоқсан 1922 жыл.

Биыл Аққағаз Досжанова жолдас Түркістан мемлекеттік университетінің медицина факультетін тәмамдады.  Ол — қырғыз (қазақ) қыздарының арасындағы Кеңестер Одағында арнайы жоғары білім алған тұңғыш адам.

Түркістан Республикасы Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Т.РЫСҚҰЛОВ.

 Сол кездегі елдің басына төнген әлеуметтік, экономикалық жағдайларға байланысты оқуын мерзімінде бітіре алмайды. Аққағаздың қандай жұмыс жасамасын қолына алған істі табанды атқарғаны айтылады. Мысалы, курстасы, Өзбекстан Республикасының медицина ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Зульфия Умидова оның оқып жүрген шағында-ақ жұмыс жасағанын, қаладағы жалғыз перзентхана бөлімін басқарғанын айта келіп, мынадай естеліктер қалдырған екен: «1920 жылдары ұзаққа созылған азамат соғысының салдарынан халық шешек, оба ауруларынан апатқа ұшырап жатты. Ол сол кезде Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұқара қалаларынан жиналған панасыздарға қамқор болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі жетім қалған панасыз балаларды емдеп, жинап, оларды интернат үйлеріне орналастырып, үкімет қамқорлығына өтуіне белсене атсалысты. Аққағаз құрбыларымен бірге сан мыңдаған адамдарға күн демей, түн демей медициналық жәрдем беріп, адам жанына арашашы болды».  Панасызға пана болған, анасызға  ана болған көңілі жұмсақ, жаны жайсаң, жүрегі жылы жандар аз өтпеген ғой. Аққағаздың мына қылығы да сондай асыл мінезді, кісілігі мол адамның, өз ісіне адал нағыз іскер дәрігердің   қамқорлығын еске түсіреді.

Орта Азия мемлекеттік университетінде қатар оқыған, Ташкент қалалық білім бөлімі жанындағы балалар мен интернат үйлерінің меңгерушісі болған Әлімгерей Ершин атты азаматпен бас қосқан дәрігер Шахбаз атты ұлын өмірге әкелді. Өз баласымен бірге ағасы Сағындықтың, қайын жұртының да балаларын қанатының астына алады.

Оның 1932 жылы Шымкент қаласында өкпе туберкулезі сырқатынан көз жұмғанын еске алсақ, бұл жайттың өзі ауыр тұрмыс пен дүйім жұртты меңдеген кесірлі дерттерден қорықпай, қасқайып жүріп тер төккен қажырлы тұлғаның қайсар бейнесін еске салады.

Аққағаз Досжанова — ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде өзіне төнген қауіп-қатерден сескенбестен халықтың шын жанашырына айналған алғашқы дәрігерлердің бірі. Ол күн-түн қатып атқарған әрбір ісі арқылы жарқын болашақ, жаңа өмір шырағын жағуға үлкен үлес қосқаны айдай ақиқат. Аласапыран заманда қара басының амандығын күйттемей, қалың қарашаның мұң-зарына құлақ түріп, бар қажыр-қайраты мен күш-жігерін көпшіліктің кемтар күйіне жұмсаған, бүкіл ғұмырын ем-дауаға мұқтаж сырқат жандарға  арнаған ардақты дәрігердің асыл бейнесі бүгінгі медицина қызметкерлеріне, жас дәрігерлерге үлгі қылып көрсетуге лайықты тұлға деп танимыз.

Әңгімені түйіндесек, сөзімізді Ақтөбе даласында дүниеге келген жерлесіміздің есімін жаңғыртып, Ақтөбе қаласынан бір көшеге аты берілсе деген өтінішпен аяқтағымыз келеді. Аққағаз Досжанова секілді ақ халаты мен аппақ арын биік сақтап, бүкіл дәрігерлер абыройын асқақтата көтерген, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер қарлығашты құрметтеу бүгінгі ұрпақтың, соның ішінде жерлестерінің міндеті деп түсінеміз. Бұл оған әбден лайық!

 Әсет ҚАЛИЕВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button