Ауыл

Ырғызда әлеуметтік дүкен ашылды

Ырғыз ауданының орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында әлеуметтік дүкен ашылды.

Дүкеннің ашылуында аудан әкімі Меирхан Дуанбеков әлеуметтік дүкеннің аудан жұртшылығы үшін маңызы зор екенін айтып, дүкен иесі, жеке кәсіпкер Асылжан Қырымкереевтің бастамасына сәттілік тіледі.

Бұндай дүкен аудан орталығында алғаш рет ашылып отыр. Ғимараттың құрылысы осыдан бір ай бұрын басталыпты.

— Өзім Ырғыздың жігітімін. Бірақ бесінші сыныпта ата-анам қалаға қоныс аударды. Қалада білім алып, оқу орнын аяқтаған соң, сауда-саттықпен айналыстым. Қаладан дүкен аштым. Кейін Ырғыз ауданының  жұртшылығына Газель» көлігімен азық-түлік әкеліп сатып жүрдім. Осыдан бір ай бұрын аудан әкімшілігіне келіп, әлеуметтік дүкен ашқым келетінін айттым. Менің ұсынысымды басшылық қолдап, жер берді. Жиырма күннің ішінде құрылысты аяқтап, бүгін ашып отырмыз. Ырғыздық азаматтарға ризамын, барлығы көмектесіп, менің ісіме қолдау білдірді. Жалпы әлеуметтік дүкен ашудағы мақсатым — тұрғындарға қолжетімді бағамен азық-түлік тауарларын ұсыну. Сауда-саттықтың қыр-сырын жақсы білетін болғандықтан, қалада арзан жерден сатып алып, үстіне әрі кетсе он пайыз қосып сатамын, — дейді дүкен иесі Асылжан Қырымкереев.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, тіркеуде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар дүкеннен азық-түлікті төмен бағамен сатып алады.

Дүкендегі баға өзгелерге қарағанда әлдеқайда арзан және сол бағадан тағы бес пайыз төмен бағамен әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға сатылады. Ал бұл — тұрмысы төмен тұрғындар  үшін үлкен көмек. Әкімдікте отбасылардың тізімі бар. Әр тоқсан сайын тізімді дүкенге беріп отырамыз, — дейді аудан әкімінің орынбасары.

Бұл күні жаңадан ашылған дүкенге келушілер көп болды. Жұртшылық алма, қияр, қызанақ, өрік секілді жеміс-жидектер мен көкөністі арзан бағамен сатып алып жатты.

Ал түстен кейін аудан әкімдігінде аудан әкімдігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының Ырғыз ауданы бойынша өкілдігі және әлеуметтік дүкен иесі арасында  үш жақты меморандумға қол қойылды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button