Спорт

«Ақтөбе» бір ұпай олжалап оралды

Премьер-Лига

Бұл турда соғылған 18 голдың 13-і екі кездесудің еншісіне тиді. 2-орында келе жатқан «Ертіс» өз алаңында 10-орында тұрған «Шахтермен» тең ойнауға мәжбүр болды. «Астана» жеңіс әперген екі голды 88, 90-минуттарда соқты.
Бұған дейін үш тур бойы жеңіске жетіп келе жатқан «Жетісудың» ақтөбеліктерден қорқасоқтағаны ойынның басынан-ақ білінді. «Ақтөбе» жүдемелете үш рет бұрыштама доп соғу мүмкіндігіне ие болды. Әттең, еш нәтиже шықпады. Алаң иелері екендігі естеріне түскен талдықорғандықтар тек таймның екінші бөлігі басталар шақта ғана шабуылға көшті. Дегенмен қорғаушылардың бекемдігі мен қақпашы Станислав Павловтың сенімді қимылы алаң иелеріне тізгін билігін бере қойған жоқ. Таймның соңына таман «Ақтөбе» белсенді қимылға көшті. Тағы да бұрыштама доптар орындалды. Бірақ бұл жолы да Самат Смақов қарсыластар қақпасының маңайына тастаған доптарды тиімді пайдаланудың реті келмей қойды. Сөйтіп, үзіліске дейін гол соғылмады.
Екінші таймды талдықорғандықтар шабуылмен бастады. Бірақ осының алдындағы кезеңдегідей жағдайлар қайталана берді, алаң иелерінің өткір де еркін шабуылдар жасауына мүмкіндік берілмеді. Ал сауатты тәсілдерге негізделмеген, әйтеуір шабуылдау мақсат етілген жүгіріс-жүрістер мен тәуекелге сүйенген жүйесіз соққылар табысқа жетудің кепілі бола бермейтіні белгілі. Оның үстіне ақтөбеліктер де қарсыластар алаңына түрлі жорықтар жасап, әлсін-әлсін оқыс қимылдар көрсетіп отырды. Сырт алаңда жүргендерін ұмытпаған ақтөбеліктердің де бір есебі іштерінде жатқанында кімнің дауы болды дейсіз. Сондай шақтардың бірінде, 70-минутта «Жетісудың» қақпасының алды опыр-топыр болды да қалды. Бұрыштамадан келген допты талдықорғандықтар кері серпіді, біздің жігіттер қайта қайырып әкелді, не керек, Дидар Жалмұқан кері айналдыра әуелете тастаған допты, Сандро Цвейба теріс қарай тұрып, өз басынан асыра тепті де, жібек торды дір еткізді — 0:1.
Дегенмен бұл есепті ұзақ ұстап тұрудың реті келмеді. Бұл ретте бұған дейін орталық аймақты да, қос қанатты да сақ күзетшідей бақылаған қорғаушыларымызға кінә артудың да жөні жоқтай-ақ. 72-минутта Ильяс Әмірсейітов айып нүктесіне қойылған допты шамамен қырық метрдей жерден әуелете шірене қатесіз тепкені сондай, бұл ойында шеберлігін танытып-ақ баққан Станислав Павлов қалт қапы қалды — 1:1.
Екі команда бұдан соң да тыным тапқан жоқ. Аса дәлдікпен айшықталмағанымен де екі команданың да есепті өзгертерліктей ұмтылыстары болды-ақ. Дегенмен ойын осы екі голмен аяқталды.
Сөйтіп, бірінші кездесуде талдықорғандықтарды 3:2 есебімен жеңгенімізді қоса есептегенде чемпионаттың бірінше кезеңіндегі екі ойында «Жетісудан» 4 ұпай олжаладық.
«Жетісу»-«Ақтөбе» — 1:1
Гол авторлары: Сандро Цвейба, 70-минут (0:1); Ильяс Әмірсейітов, 72-минут (1:1).
Ескерту қағазын алғандар: Д.Савич, 8-минут («Жетісу») — М.Ситдиков, 74-минут; Е.Сорокин, 90+3 минут («Ақтөбе»).
«Жетісу»: Андрей Пасеченко (капитан), Кадио, Марко Джалович, Мартин Клайн, Гиорги Мойсов (Максим Азовский, 72-минут), Душан Савич, Марко Симоновски (Илья Калинин, 60-минут), Серік Сағындықов (Михаил Харун-Заде, 81-минут), Ильяс Әмірсейітов, Андрей Шабаев, Бауыржан Тұрысбек.
«Ақтөбе»: Станислав Павлов, Куасси Куаджа, Егор Сорокин, Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Егор Азовский, Дидар Жалмұқан (Мұрат Тілешев, 87-минут), Виктор Крюков, Самат Смақов (капитан), Тоқтар Жаңғылышбай (Кирилл Шестаков, 59-минут).
2 маусым. Талдықорған. «Жетісу» стадионы. 1000 адам.
* * *

Басқа кездесулер:
«Тобыл»-«Ордабасы» — 1:0
Гол авторы: Сергей Хижниченко, 57-минут (1:0).
«Ертіс»-«Шахтер» — 0:0
«Қайрат»-«Атырау» —5:2
Гол авторлары: Владимир Аржанов, 17-минут (0:1), Бауыржан Исламхан, 22-минут (1:1), Исаэль, 28-минут (2:1), Андрей Аршавин, 45+1 минут (3:1), Бауыржан Исламхан, 65-минут (4:1), Жерар Гоу, 85-минут (5:1), Александр Куртеян, 87-минут (5:2).
«Оқжетпес»-«Ақжайық» — 4:2
Гол авторлары: Иван Антипов, 7-минут (0:1); Нганбе, 10-минут (1:1); Ристо Ристович, 35-минут (2:1); Марат Хайруллин, 44-минут (3:1); Нганбе, 51-минут (4:1); Қуаныш Бегалин, 81-минут (4:2).
«Тараз»-«Астана» — 0:2
Гол авторлары: Джордже Деспотович, 88-минут (0:1); Серікжан Мужиков, 90-минут (0:2).
* * *

14-турдың нәтижелері:
Бұл турда 18 гол соғылды.
Алаң иелері 11 гол соқса, қонақтар 7 доп өткізді.
3 кездесуде алаң иелері, 1 ойында қонақтар жеңді, 2 тең есеп тіркелді.
9-шы және 12-ші турлардағы секілді бұл турда да 6 ойын 6 түрлі есеппен аяқталды.
5:2 және 4:2 есептері чемпионат басталғалы бірінші рет тіркелді.
Екі футболшы екі голдан соқты: Б.Исламхан («Қайрат); Нганбе («Оқжетпес»).
Шапшаң гол иелері: И.Антипов, 7-минут («Ақжайық»); Нганбе, 10-минут («Оқжетпес»); В.Аржанов ,17-минут («Атырау»).
Кездесулер барысында 29 ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ.
Мергендер көшінің басында 8 голдан соққан Роман Муртазаев («Ертіс») пен Жерар Гоу («Қайрат») тұр.
Чемпионат басталғалы 83 кездесу өтті. 38 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 26 тайталаста қонақтар басым түсті, 19 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 187 гол соғылды (алаң иелері — 107, қонақтар — 80), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,57 гол енді.
Біздің мергендеріміз:
Самат Смақов — 5 гол (төртеуі — он бір метрлік айып добы);
Дидар Жалмұқан — 3 (1);
Никита Бочаров — 2;
Тоқтар Жаңғылышбай — 2;
Бобир Давлатов — 1;
Асланбек Кәкімов — 1;
Сандро Цвейба — 1.
«Ақтөбе» өз алаңымызда 6 кездесу өткізіп, 3 ойында жеңіске жетті, 2 тең ойын нәтижесі тіркелді, 1 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 8:6. Ұпай — 11. Сырт алаңда 8 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 3 ойынды тең аяқтады, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 7:10. Ұпай — 9.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

Команда О Ж Т Ұт Д Ұп

1.Астана 14 12 1 1 22-7 37
2.Ертіс 14 9 4 1 23-6 31
3.Қайрат 14 8 2 4 26-12 26
4.Оқжетпес 14 7 3 4 20-15 24
5.Ордабасы 14 6 2 6 17-19 20
6.Ақтөбе 14 5 5 4 15-16 20
7.Жетісу 14 4 4 6 15-21 16
8.Тобыл 13 4 3 6 15-16 15
9.Атырау 13 3 4 6 10-17 13
10.Шахтер 14 3 4 7 5-15 13
11.Ақжайық 14 2 2 10 8-22 8
12.Тараз 14 1 4 9 11-21 7

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.
* * *

11 маусым, сенбі күні өтетін 15-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тобыл» командасын қабылдайды. 17 сәуірде сырт алаңда өткен ойында қостанайлықтарды жерлестеріміз 2:1 есебімен ұтқан болатын. Гол авторлары: А.Кәкімов, Н.Бочаров («Ақтөбе») — К.Дудченко («Тобыл»).
Басқа ойындар:
11 маусым, сенбі
«Астана» (Астана) — «Жетісу» (Талдықорған)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Ертіс» (Павлодар)
«Атырау» (Атырау) — «Оқжетпес» (Көкшетау)
«Ақжайық» (Орал) — «Тараз» (Тараз)
«Шахтер» (Қарағанды) — «Қайрат» (Алматы)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button