Спорт

Ақтөбеліктер шымкенттен бірнеше медаль әкелді

Чемпионат

 Ақтөбелік жеңіл атлетикамен шұғылданатын мүгедек-спортшылар Шымкент қаласында өткен республикалық чемпионатқа қатысып, жеке біріншілікте қанжығалары майланып, бірнеше медальмен оралды.

Тірек мүшелері зақымдалған спортшылар мен көру мүшелері зақымдалған спортшылар арасындағы республикалық чемпионат жыл сайын тұрақты түрде өтеді. Бұл кезеңде еліміздің әрбір облысындағы үздік спортшылар  спорттағы кәсіби деңгейін, нормативтік нәтижелерін көтеріп, бұрынғы жеңімпаз деңгейлерін сақтап қалуға ұмтылады.

Ақтөбе облысының дене мүшелері зақымдалған мүгедектердің спорттық клубы жеңіл атлетикадан құрама команда бойынша нормативтік көрсеткіштері жоғары, облыстық іріктеу жарысынан үздік шыққан 12 спортшыны жіберген болатын.

Тірек мүшелері зақымдалған спортшылар арасында бірінші топтағы мүгедек Темірбек Матаев үштік сайыста ядро, диск, найза лақтырудан абсолютты чемпион атанып, өзінің чемпиондық титулын сақтап қалды. Бұған дейін республикалық 4-Паралимпиадалық Ойындардың күміс жүлдегері атанған зілтемірші Гүлім Кұрманбаева жеңіл атлетикадан республикалық чемпионатқа алғаш рет қатысып, екі алтын, бір күміс медальға қол жеткізді.

ҚР спорт шебері Михаил Холостенко ядро лақтырудан алтын алды. Көру мүшесі зақымдалған спортшылар арасында Жания Аяубаева екі алтын алса, Қаржау Тінеев, Жұмабек Жаукен, Қайырбек Оңғарбаев жүлделі орындардан көріне білді.

Тірек мүшелері зақымдалған спортшыларды Гүлмирам Сражова, ал көру мүшесі зақымдалған спортшыларды Борис Романюк жаттықтырады. Ақтөбе мұнай және газ колледжінің студенттері Тұрсынай Теңелова, Аян Достанов, Жандос Жаңабаев үш жылдан бері ерікті түрде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға көмек беріп келеді.

Спортшылар өздерінің жаттықтырушыларына және жаттығу кезінде көмектесіп жүретін ерікті жастарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button