СпортТәуелсіздіктің 25 жылдығы

300 үміттің үлесі

Спартакиада

 Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Хромтау қаласында  Еуразиялық Топқа кіретін «Қазхром»ТҰК» АҚ  XIII спорттық ойындарын өткізді.  Үш күн бойы  компанияның барлық филиалдарынан үш жүзге жуық жұмысшы спорттың сегіз түрінен, яғни волейбол, мини-футбол, үстел теннисі, шахмат, кір спорты, баскетбол, городки және дартстан сайысқа түсті.

Дөң тау-кен байыту комбинатының денешынықтыру-сауықтыру кешенінің спорттық алаңы кәсіпорын жұмыскерлерінің ғана емес, қала тұрғындарының да назарын аударды. Олар өз командаларының шашбауын көтеріп, жанкүйер болып келді.

Спартакиаданың шарты бойынша, спорттың екі түрі, яғни  городки және дартс жарысына міндетті түрде кәсіпорын басшылары мен  кәсіподақ жетекшілері қатысты.

Жарыстың ашылу салтанаты көрермендерге ерекше қуаныш пен ұмытылмас әсер сыйлады. Жас футболистердің, гимнасшылардың, Кеншілер мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдарының және Еуразиялық Топтың корпоративтік «Шеберлер елі» байқауы жеңімпаздарының көріністері спорт мерекесінің көрігін қыздырды.

Жарыс соңында  «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Виктор Тиль:

— Осындай ауқымды спартакиаданың Хромтау қаласында өткізілгеніне  өте қуаныштымын. Жарыс жоғары деңгейде өтті.  Жалпы компания құрамындағы мекемелердің спортшылары еліміз бойынша үздік атанып жүр. «Қазхром» спартакиадасы —  біздің ұжымның  бірігуіне көмектесетін игі дәстүрлердің бірі, —  деді.

Жарысқа қатысушылар да өз әсерімен бөлісті. Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысшысы Светлана Юзюк:

—  Спартакиада керемет өтті! Әсіресе маған ұйымдастырушылардың қонақжайлылығы және Хромтау қаласының табиғаты ұнады, —  десе, Дөң тау-кен байыту комбинаты еңбекті қорғау бөлімінің тәуекелді бағалау жөніндегі жетекші инженері Олег Зарубин:

Осы жылы спартакиада ерекше қызықты өтті. Жарыста тек қана зауыт, шахта және  фабрика жұмысшылары ойнады. Әр команда жеңіс үшін барын салды, — деді.

Жарыс қорытындысы бойынша Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары бірінші орын алды. Екінші орынды  Дөң тау-кен байыту комбинаты, ал үшінші орынды Ақсу ферроқорытпа зауытының командасы жеңіп алды. Жабылу салтанатында «Қазхром» президенті Виктор Тиль компанияның XIV спорттық ойындары өткізілетін алаңды  жариялады. Келесі спорттық бәсеке  Ақсу ферроқорытпа зауытының спорт алаңында  өтетін болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок, дипломдармен марапатталды және ақшалай сыйлық берілді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button