АуылБасты жаңалықтар

Мал тұқымы қалай асылданады?

 Ойыл ауданының орталығынан бес шақырым қашықтықта орналасқан «Толғанай» шаруа қожалығы асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін мәртебеге ие. Бүгінде шаруашылықта мыңнан астам қой бар. Сәуір айынан бастап мұндағы шаруалар қайткен күнде де қойдың төлін аман алып қалудың, қой санын көбейтудің қамына кіріседі.

 

Жоғалтқан уақыттың өтеуі

 Шаруа қожалығының басшысы Ұлан Шыңбаев шаруашылықты 1999 жылы құрып, алғашында ауылдан мал жинапты. Сол кездегі қиындықтарға қарамай, қой өсіруді қолға алған оған көпшілік сын көзбен қараған екен. Мінезінің бірбеткейлігімен Ұлан жергілікті жерден 500-дей мал жиып, малшы жалдап бақтырыпты. Сол жылы қойдың көбі қыстан шыға алмай, ақырында 100 қой мен 25 қозыны ғана аман сақтап қалған. Содан шаруа көп ойлана келе, Ақтөбе қаласындағы екі бөлмелі үйін сатып, елге асылтұқымды мал әкеліп, өсіруді ұйғарады. 2001 жылы Батыс Қазақстан облысындағы асылтұқымды еділбай қойын өсірумен айналысатын шаруашылықтан 74 қой, 3 қошқар сатып алады.

Шаруа қожалығын құрған соң сол жылдары аукционға түскен ауыл маңындағы кеңшардың баздарын бұзып, әкелдік. Жарық жүргізіп, ұңғыма қаздық. Ауыл адамдарының көмегімен қожалықтың жеріне үй салып, баз тұрғыздық. Қазір мұнда төрт үй, екі баз, сондай-ақ, техникалар тұратын қойма мен қой қырқатын қоралар бар. Тұратын орнымыз жайлы, ауылға да жақын. Күн сайын үйден мал ауылға қатынап, малшыларға бас-көз болып тұрамыз. Шаруашылығымыз күннен-күнге өсіп келеді, — дейді шаруа қожалығының иесі.

Бүгінде «Толғанай» шаруа қожалығында 1 мыңнан астам қой, 85 ірі қара, 25 жылқы бар. Негізінен асылтұқымды қой өсірумен айналысатын шаруа қожалығы қазір өнімін көбейтіп, шаруашылығын өркендетуге бар күшін салуда. Жем-шөп те жеткілікті, малшылар да өз істеріне адал. Бағымы жақсы болғасын малдың да күйі жақсы. Қазір малшылар бар күшін көктемгі төл алуға жұмсауда.

Ұлан Шыңбаевтың айтуынша, малшылар еңбекақысын ай сайын алып тұрады. Қойшы 70 мың, сиыр бағушы 50 мың теңге алады. Отын-су мен тұрмысқа қажетті заттардың барлығы шаруа қожалығының мойнында. Көктемгі төлдеу кезінде оларға қожалықтың мүшелері мен жалдамалы жұмысшылар жәрдемдеседі.

  • Менің негізгі мамандығым — дайындаушы. Біраз жыл қалада жұмыс жасадым. Алайда елге келіп, мал шаруашылығымен айналысқанды құп көріп, ағаларыммен бірге осы қожалықты ашқан едік. Отбасында 5 ұл, 1 қызбыз. Әкем осыдан он жыл бұрын дүниеден озды. Анам аудан орталығында ағамның қолында тұрады. Қазір шаруашылықтың ісіне ағам Жомарт пен нағашым Орақ екеуі көмектеседі. Толғанай — ағам Жомарттың үлкен қызы. Шаруа қожалығын сол ағамның қызының есімімен атаған едік, — дейді шаруа.

«Толғанай» шаруа қожалығы жылына 600-700 қой сатады. Қойлары тірілей 60-70 келі, сойғанда кемі 40-45 келі болады. Ұлан Шыңбаевтың айтуынша, еділбай қойы төзімді, қара күзде қар түскенше далада жайыла береді. Ауруға төзімді, қозылары әлді, туған соң тез тұрып кетеді. Ал қошқарлары ірі, мықты. Қазір қожалықта мұндай 47 қошқар бар.

  • Қазір шаруа қожалықтарының көбі асылтұқымды мал өсіруге бет бұрған. Олардың дені Батыс Қазақстан облысынан әкеледі. Ол өңірдің малы жақсы, ауа райы бізге келетіндіктен мал жерімізге тез үйренеді. Өзім Чапаев кеңшарында асылтұқымды еділбай қой шаруашылығымен айналысатын Сергей Шонайбеков деген азаматтан аламын. Ол таза еділбай қойын өсіріп сатады, таратады. Малы жақсы, күйлі. Жер-жерден келіп, алатындар көп. Сондай-ақ, ол малдың тұқымын одан әрі қарай жақсарту мақсатында шетелдерден ұрықтар әкеліп, қан алмастырады, — дейді Ұлан.

Әңгіме арасында ол асылтұқымды қой шаруашылығы мәртебесін алуға көп уақыт жоғалтқанын жасырмады. Аудан басшылары мен ауыл шаруашылығы мамандары бұған соншалықты күш салмаған көрінеді. Алайда шаруаның жолы болып, сол жылы ауданға жаңадан әкім болып тағайындалған Мұхтар Жұмағазиев шаруа қожалығының малын көріп, Алматыдан ғалым шақыртыпты. Содан Ұлан  тұқымы жойылып бара жатқан қой өсірумен айналысатынын дәлелдеп, мәртебе алып, үкіметке құжаттарын өткізіпті.

Бағым мен бап

Өткен жылдан бастап шаруа қожалығы қой өсірумен қатар асылтұқымды ірі қара өсіруді де қолға алыпты. Ұлан Шыңбаев былтыр Батыс Қазақстан облысынан 45 ақбас, он шақты қара ала сиыр тұқымын әкеліп, оның 20-сы төл беріпті.

  • Мал өсіргесін асылтұқымдысын өсіру керек. Әсіресе, қазақтың ақбас сиырының тұқымына жететін мал жоқ. Қазір біз асылтұқымды қой өсірумен қатар қазақтың ақбас сиырының тұқымын көбейтуді қолға алып отырмыз. Алдағы уақытта асылтұқымды ірі қараның санын 200-250-ге дейін жеткізгім келеді. Биыл тағы Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев кеңшарынан 50 шақты ақбас сиырын әкелмекшімін, — дейді қожалық иесі.

Ол қойдан гөрі ірі қараны бағудың машақаты көп екенін айтады. Өйткені сиырды 3 ай сайын ектіру керек, жасына, тұқымына қарай сұрыптап, жемдеу керек. Қысқасы, асылтұқымды сиырлардың қазақы ауыл сиырларына қарағанда бағымы әлдеқайда күрделі.

Қазір малдың бәрі көкке шығып жатыр. Сиырлар наурыз айынан бастап төлдеп, малшылар біраз әбігерге түсуде. Бұйырса, көп ұзамай сүтті сиырларымызды сауып, дастарқанымыз аққа толады, — дейді шаруа.

Қолдау және кәсіпкерлік

Ұлан Шыңбаев малына азық дайындау үшін жазда механизаторлар жалдайды. Оларға 100 мың теңге айлық төлейді, оған қоса оларға шөп береді.

  • Қазір қожалықта 3 трактор, 2 шөпшапқыш, тіркемелер мен шөп көтергіштер бар. Жыл сайын шілдеден бастап тамыздың аяғына дейін шөп шауып, қысқа екі мың рулон шөп дайындаймыз. Қыста оның 700-800-дей рулоны артылып қалады. Алайда ешкімге шөп сатпаймыз. Қыстан қалғаны келесі жылға қалады, — дейді шаруа.

Ұлан үш жылдан бері мемлекеттен асылтұқымды қой өсіргені үшін субсидия алып келеді. Өткен жылы саулық басына 1,5 мың теңгеден, сиырға 18 мың теңгеден алыпты. Сондай-ақ, мал азығын дайындауға үкімет қайтарымсыз 240 мың теңге беріпті. Бұл қожалықты ұстауға, жұмысшыларымен есеп айырысуға жетіп жатыр. Сондай-ақ, бұл болашақта мал басын көбейтуге де мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, бұл субсидия — мемлекеттің шаруа қожалығына жасап отырған қолдауы.

  • Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, жылқы, түйе ұстағым келеді. Сондай-ақ, қожалыққа газ тарту да ойымда бар. Әзірге газ тек аудан орталығына ғана тартылып жатыр. Аудан басшыларына өтінішімді білдірген едім, алайда ешқандай жауап болмады. Көктем айларында мал төлдеген кезде жас төлдерді бағып-қағу қиын. Қора-баздардың іші салқын. Сондықтан біздің шаруашылық орналасқан жерге көгілдір отын келсе жақсы болар еді, — дейді Ұлан.

Ол  қазір шаруа қожалығын дамытумен қатар кәсіпкерлікпен де айналысып, бірқатар адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Аудан орталығындағы 220 орындық «Зарина» тойханасын садақаға, той-томалаққа жалға береді. Тойхананың жұмысын Ұланның зайыбы Марта жүргізеді. Ал үлкен ұлы Аян оқуын аяқтап, енді шаруашылыққа көмектеспек.

Кейіпкеріміз Ұлан Шыңбаев қазір шаруасын дамытып, тұрмысын түзеумен бірге имандылыққа да бет бұрған. Бес уақыт намаз оқиды. Екі рет қажылыққа барып қайтқан. Ісі көпке үлгі шаруаның алда әлі де ойға алған мақсаттары мен жоспарлары көп.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button