Спорт

Автокөлікті ферроқорытушылар жеңіп алды

Жеңістің 71 жылдығына орай Ақтөбе қаласындағы «Сұлтан қонақүйі» ЖШС  мекеме, кәсіпорын және оқу орындарының арасында  волейбол турнирін ұйымдастырды. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының волейболшылар командасы үздік шығып, бас жүлдені — Toyota Previa автокөлігін жеңіп алды.

Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған жарысқа қала бойынша 11 команда қатысып,  үш күн бойы волейбол жанкүйерлеріне тамаша ойын көрсетті. Осы уақыт аралығында командалардың ішінен мықтылары іріктеліп, ақтық сынға «Ақтөбе-Логистик», Ақтөбе газ және мұнай колледжі, «Мәртөк ШОШ» және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының командалары үздік шығып, бас жүлдеге таласты.

Волейбол —  бұқаралық спорт түрі. Сондықтан оны кәсіпорындар мен мекемелер арасында кеңінен насихаттап, жарыс ұйымдастырсақ деген ой көптен бері ойымызда жүрген еді. Сәті бүгін түсті. Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастыруды жөн санадық. Алдағы уақытта бұл жарысты дәстүрлі түрде өткіземіз деген жоспарымыз бар.  Жарыстың шарты бойынша кәсіпорын басшысы және бас есепшісі міндетті түрде команда құрамында ойнауы тиіс. Бұл жарысқа қатысушыға командалардан өтініштер көп түсті.  Өкінішке қарай, ойын барысында шарттағы талаптарды орындамаған кейбір командаларды жарыстан шеттетуге тура келді. Сайыс өте тартысты өтті. Сондай-ақ төрелік етуге мықты деген төрешілер арнайы шақырылды. Бәйгеден шауып шыққан үздік командалар  лайықты сый-сияпатпен марапатталды, —  дейді «Нұрдәулет» компаниясының президенті Ербол Байжарқынов.

Жарыста барлық қарсыластарын басымдылықпен жеңген Ақтөбе ферроқорытпа зауытының командасы бас жүлдені — Toyota Previa автокөлігін жеңіп алды. Екінші орын әрі скутер көлігі Ақтөбе газ және мұнай колледжінің еншісіне тисе, үшінші орын және тоңазытқышты «Ақтөбе-Логистик» командасы иеленді. Төртінші орын және теледидар «Мәртөк ШОШ» командасына бұйырды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button