Жеңіс

Шернияздың жырын төгіп, Әлияны әнге қосты…

Көше мерекесі

 Сәуірдің соңында басталған көше тұрғындары арасындағы «Көше күні» байқауы өткен жұмада жалғасын тапты.

Толығырақ тарқатсақ, бұрынғы көшелерден өзгешелік танытқан Шернияз Жарылғасынұлы, Н.Байғанин, Ә.Молдағұлова көшелерінің тұрғындары Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы демалыс орталығы алдына сап түзеді. Мерекелік шерулерін Шернияз көшесінен бастап, Көкжар көшесінің орталығымен Б.Жолмырзаев көшесіне түскен көше тұрғындары Орталық саябаққа жол тартты. Қолдарына қысқа мәтінді тақтайшалар мен гүлдер, жалаушалар ұстап, ұлттық нақышта киінген тұрғындар елдік, ерлік, достық әндерін шырқады. Ауданымыздың Шернияз көшесіне көп қоныстанған өзге ұлт өкілдері де аталмыш байқауда белсенділік танытты.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябаққа жиналған байқауға қатынасушы көше тұрғындары алқалы жұртшылыққа көше атауларын қорғап, концерттік бағдарламасын ұсынды.

Әуенді кештің шымылдығы Шернияз көшесінің тарихымен өрілген Әсем Базарованың орындауындағы А.Мәмбетованың сөзіне жазылаған халыққа арнауымен ашылып, Шернияз көшесі тұрғындарынан құралған «Әжелер» ансамблінің «Ахау, керім!» әнімен жалғасты. Сонымен қатар, Шернияз көшесінің тұрғындары суырыпсалма ақын Шернияз Жарылғасынұлының жырларын шалқытып орындап, бойымызды балқытты. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындары батыр қыздың сұрапыл соғыстағы көзсіз мергендігі мен қыршын жанын құрбан еткен ерлігінен сахналық қойылым қойды. Ал Нұрпейіс Байғанин көшесінің тұрғындары көрнекті жырау, төкпе ақынның өмір жолын шағын көрініспен көзімізге елестетті.

Мүлгіген мамыр кешін әсем әннің құшағына сыйдырған Шернияз, Н.Байғанин, Ә.Молдағұлова көшелерінің тұрғындары куә болғандарға тамаша көңілкүй сыйлады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button