Әлеумет

Жер — халықтың ырысы

Жер мәселесіне келгенде халқымыздың  сергектік көрсеткеніне қуануымыз керек. Елбасы мұны дер кезінде аңғарып, Жер Кодексіне түзетулерге мораторий жариялады. Мемлекет басшысының бұл қадамын барша қазақстандықтар қуанышпен қарсы алып, қызу қолдау білдіруде. Жер — қазақтың жанды жері. Сондықтан мұндай шетін мәселені халықпен ақылдаспай, ойласпай шешу жақсылыққа апармайды. Әрине, жерге байланысты шаралар түптің түбінде халқымыздың игілігіне, еліміздің дамуына қызмет ететін болса, оған ешкім де қарсы болмақ емес. Елге соны дұрыс түсіндіру, жеткізу басты парыз. Осы іске жауапты үкімет мүшелері бастапқы да бұл жұмыстарды өз мәнінде жүргізе алмады, атүсті қарады. Елбасы осыны тез аңғарып, уақытында тиісті шара белгілеп отыр. Мен бұл алда өз жемісін береді деп ойлаймын.

Ата-бабамыз  осы жер үшін басын қайда соқпады, тауға да, тасқа да ұрды.  Керек болса, жанын да қиды, ол бізге тарихтан белгілі. Жер үшін жанын аямау біздің халыққа ата-баба қанымен келген қасиет. Сынық сүйем жер үшін өлуі мүмкін, бірақ кейін шегінбейді. Әр қазаққа туған жері, ауыл-аймағы, тұтас отаны бірдей қымбат, оны қорғауға әманда дайын тұрады. Бірақ қазір ондай күн туып тұрған жоқ, жер сатылмайды. Ал оны сатылады екен деп, халықты арандату бәрінен де қауіпті, бұған абай болуымыз керек.

Жерді жалға беріп, айналысқа түсіруді өз басым қолдаймын. Бұлай отыра беруге болмайды, жер қызмет ету керек, мал бағып, егін егу өрістеуге тиіс. Мұны мен қазір түсініп жүрмін. Өйткені бұрын, зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жылдар білім беру саласында жұмыс істедім. Шарбақтағы көкөніс егетін шағын жер телімдері болмаса, жермен байланысым болған жоқ. Міне, бір-екі жылдан бері шаруа қожалығымен айналысып, өз тіршілігімді тауып, жермен жұмыс істеп жүрмін. Әр шаруаға жалға берілген жердің қандай пайда әкелерін жақсы білемін. Менің айтарым, жер халықтың ырысы болсын.

 Тұрғамбай ІЗІМБЕТОВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button