АуылБасты жаңалықтар

Қимылдайтын кез келді

Көктемгі егіс

 Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің әңгімесіне қарағанда, көктемгі далалық жұмыстарға қатысатын барлық техника егіс басына әлдеқашан жеткен. Алайда ылғал жабу жұмыстарына ыждағатты кіріскен егіс бригадаларының қарқынын жиі жауған жауын-шашын ғана бөгеп тұр. Егістік жердегі ылғалдың молдығы көпшілік шаруашылықтарға тұқым себу жұмыстарын бастап кетуге мүмкіндік бермей отыр. Соның өзінде Қобда ауданының егіс бригадалары күннің ашық сәттерін пайдаланып, бүгінгі күнге арпа егісін себуді бастап кеткен.

Аймақтағы егіншілікпен дендеп шұғылданатын төрт аудан: Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы өңірлері  жауын-шашын болмағанда, бүгінгі күнге көктемгі далалық жұмыстарды еңсеріп тастағандай еді. Себебі, көктемнің басында қолда бар техника қос басына шығарылып, егіс жұмыстарын жүргізуге толық дайын болды.

Мамандар көктемгі науқанның жауын-шашынға байланысты бөгелуінің екінші пайдалы жағы барын да айтады. Қазір егістік жерде 1,5 метрге дейін тереңдікте ылғал бар, жауын-шашын жиі болып тұр. Бұл арамшөптің де тез қаулап көтерілуіне қолайлы жағдай жасады. Сондықтан арамшөп отау, гербицид шашу, тұқым себу сынды агротехникалық шараларды бір мезетте жүргізуге тура келуде.

Осы көктемде далалық жұмыстарды атқаруға  6917 трактор, 80 кешенді техника мен 2651 тұқым сепкіштер, 1605 жер өңдейтін техника, 1287 жүк көліктері, 3734 трактор тіркемелері қатысады.

Өткен күзден бүгінгі күнге дейін ылғал жақсы түсті. Ол негізгі мөлшерден 80 пайызға асып тұр. Ылғалдың мөлшерден артық болуы егіншіліктен биыл жоғары өнім алуға деген шаруалардың үмітін оятты. Биыл облыс бойынша 561 мың гектар егіс салынатын болса, соның 336 мың гектары дәнді дақыл болмақ. Тек осы жылы дәнді дақыл егісінің көлемі 15,5 мың гектарға артпақ.

Өңірде мал шаруашылығының дамуы және егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтарының да осы салаға басымдық беруі — мал азығындық дақылды молайтуға жетелеуде.  Биыл мал азығындық дақылдың көлемі 176,1 мың гектарды құрайды. Немесе өткен жылғыдан 27,4 мың  гектар жерге мал азығындық дақыл артық егіледі.

Биылғы бір ерекшелік, өткен жылдардағыдай дәнді дақыл, мал азығындық дақыл егістеріне тұқымнан еш проблема жоқ. Тұқым жеткілікті мөлшерде қолда тұр.

Соңғы жылдары шаруа қожалықтарымен мал азығындық дақыл өсіруде әріптестік қарым-қатынасты жақсы өрістеткен «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл да  осы дәстүрді жақсы жалғастырып отыр. Жекелеген шаруа қожалықтарына  серіктестік мал азығындық тұқым алуға жәрдемдесті. Күзде олар шығарған мал азығын сатып алады.

Шаруаларды несиелендіру жұмыстары биыл біршама тиімді ұйымдастырылды. Мұнымен бірге, мемлекеттік  қолдау ретінде 200 миллион теңге субсидия бөлінді. Ол минералды тыңайтқыштарға 37,3 миллион теңге, гербицидтер алуға 88 миллион теңге және тұқым шаруашылығын  субсидиялауға 82,4 миллион теңге қарастырылып отыр.

Облыс аумағында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 6500 тонна жанар-жағармай бөлінген. Биыл дизель отынының литрі 92 теңгеден берілді. Бұл нарық бағасынан 7 теңгеге арзан.

Биыл дәнді дақыл, мал азығындық егіс көлемін арттырумен қатар, картоп, көкөніс, бау-бақша егісі де ұлғайғалы отыр. Тек осы көктемде 5,7 мың гектар алқапқа картоп, көкөніс, бақша салынады немесе өткен жылғы мөлшерден 1000 гектарға ұлғаяды.

Міне, облыс егіншілерінің міндеттері белгілі, бағыт та айқын. Ендігі мәселе көктемнің қалған әр күнін тиімді пайдаланып, жауапты науқанды тез арада тиянақты аяқтауды жедел ұйымдастыруда болып отыр.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button