Экономика

облыста 16,3 миллиард теңгенің мүлкі жария етілді

Брифинг

Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте Ақтөбе облысы бо-йынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы
Талғат Мамаев хабарлады.

— Жария ету ауқымды акциясы басталғалы Ақтөбеде жалпы сомасы 16,3 миллиард теңге болатын 6995 жылжымайтын мүлік заңдастырылды. Азаматтар жеке жылжымайтын мүлікпен қатар, қойма, шағын бизнес субъектілерінің кеңселері, дүкендер секілді коммерциялық нысандарды да заңдастырған. «Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдарына Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі мүліктер бойынша декларациялар тапсырылмады. Осы жылдың 1 мамырына дейін заңдастыру бойынша сомасы 9,8 миллиард теңгеден асатын 14 декларация келіп түсті, 13 декларация бойынша 7,5 миллиард теңге заңдастырылды — деп атап өтті Талғат Мамаев.

Мүлік пен капиталды жария ету бойынша акция елімізде 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталды. Бастапқыда бұл  шара өткен жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы тиіс деп жоспарланған болатын, алайда биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

Брифингте мемлекеттік кірістер департаментінің 2016 жылдың бірінші тоқсанында ат-қарған жұмыстарының қорытындысы баяндалды.

— Мемлекеттік бюджетті болжау 105,2 пайызға орындалды, 54185,1 миллион теңге түсті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсу мөлшері — 113,0 пайыз. Республикалық бюджет бойынша жоспардың орындалуы — 102,0 пайыз. Түсім — 33086,9 миллион теңге. Жергілікті бюджет бойынша жоспардың орындалуы — 110,5 пайыз, түсім — 21098,2 миллион теңге.  Түсім бойынша жоспарды орындауды қамтамасыз ету үшін көлеңкелі айналымды қысқарту және бюджетке түсетін қосымша резерв көздерін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қосымша 2,1 миллиард теңге көлемінде түсім қамтамасыз етілді, — деді Т.Мамаев.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Алғадан басқа барлық ауданда болжамды түсім орындалған. Т.Мамаев Алға ауданы бойынша түсімнің болжамды жоспарының орындалмауының себебін аталған өңірдегі ірі салық төлеуші кәсіпорынның былтыр желтоқсан айынан бері өз жұмысын тоқтатуымен түсіндірді.

Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде онлайн режимдегі кассалық аппараттарды қолдану ережесі күшіне енді. Алайда облыстың кейбір өңірлерінде ауыл кәсіпкерлері мұндай қондырғының қымбаттығын айтып, шағымданғаны белгілі. Осы мәселеге қатысты журналистің сауалына департамент басшысы:

— 2001 жылы Салық Кодексі енгізілгеннен бері кассалық аппарат қою туралы талап бар. Заманауи кассалық аппараттарды енгізуде түсініспеушілік жағдайлар туындады. Алайда заманауи бақылау-кассалық машинасының ерекшелігі — ондағы барлық операциялардың онлайн режимде мемлекеттік кірістер комитетінің серверіне жолдануы. Бұл жүйенің енгізілуі — тұтынушының құқығын қорғауда да үлкен рөл атқарады әрі салық органдары тарапынан болатын негізсіз тексерулерге жол берілмейді. Себебі, салық органдары кассалық-бақылау машинасы орнатылған сауда нүктесіндегі қолма-қол ақшамен жасалған барлық операцияларды автоматтандырылған жүйе бойынша көріп, бақылайды. Бүгінгі күні Ақтөбеде жаңа жүйе негізінде жұмыс жасап жатқан нысандар бар, — деді Т.Мамаев.

Оның айтуынша, салық төлеушілер үшін алыс ауылдарда, ғаламтор жүйесі толық іске қосылмаған жерлерде заманауи кассалық аппараттарды орнату міндетті емес.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button