Әлеумет

Алға ұмтылу үлгісі

Кім болса да биікке көтеріліп, өмір белестерін артқа тастаған сайын соңына бұрылып, өткен жолды ойша шолады. Сондайда кіндік кескен жер қалай болғанда да көңіл түкпірінде маздап жанып тұрып алады.

Бүгінде жетпістің жалына қол салған Ғарифолла аға да туған жеріне қатысты әрбір атауды жанынан шығармайды, оның әрбір бөлшегін көңіліне жылы ұстайды. «Қыз ауыл кеңесі» деп аталатын сол аймақ ойынан өмірінде шығып көрген емес. Белгілі ақын Жөкей Шаңғытбаевтың «Құл мен қыз» дастанындағы атау бұл. Осы аумаққа қарасты Алға деп аталатын ұжымшардың Жылқыайдар деп аталатын аулы — оның дүниеге келген жері. Кейін осы ізбен «Басқұдық» кеңшары шаңырақ көтерді.

Бала кезінен көңілінде жатталып қалған және күн сайын естілетін «Алға» сөзі бір жағынан оның өмірдегі ұстанымына да айналып кеткендей еді. Расында да, тіршілікте талай қиындық-кедергілерге кездескен шығар, соның қай-қасысысында да кері бұрылып, табандап тұрып қалған кезі жоқ. Әйтеуір алға ұмтыла берді.

Ұжымшардың ұстасы атанған әкесі Досмағамбет, ұжымшардың қара жұмысына жегілген анасы Дәметкен балаларын қатарын кем қылмай өсіруді мақсат тұтты.

Балаң кезінде әскерден оралған ағасы Пірімжан үй ішін Ақтөбеге көшіріп алды. Сөйтіп ауыл баласы Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін 1957 жылы бітірген соң, Мәскеудегі Калинин атындағы түсті металдар мен алтын институтына жол тартты. Емтихандарына тым жақсы дайындалғандай еді, бірақ конкурстан өте алмай қалды.  Оқуға түсе алмағанымен, металға деген көңілі суыған жоқ, елге қайтып келіп, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші цехына балқытушы болып қара жұмысқа кіріп кетті. Келер жылы Алматы қаласындағы тау-кен институтының металлургия факультетіне барып бағын сынады. Бір жыл жұмыс істеп, құрыш білек атанып келген жұмысшыны жоғары оқу орны енді жатсынған жоқ.

Досмағамбет ұстаның баласынан жұртшылық әке шеберлігін жалғастырар сабақтастық күтті ме, күтпеді ме, ол жағы бізге белгісіз. Дегенмен, сол әке тағылымын танытып, темірге қатысты мамандықты бекерге таңдамаған секілді.

Тау-кен институтының металлургия процесін автоматтандыру инженері факультетін 1964 жылы бітіріп шыққан жас маман Ғарифолла Досмағамбетов Ақтөбе ферроқорыту зауытының КИП және автоматтандыру цехына мастер болып қабылданды. Шамалы уақыт өткенде зауыттың бас энергетигі бөліміне инженер, екінші балқыту цехына цех бастығының энергетика және автоматтандыру жөніндегі көмекші қызметтеріне сатылап көтеріле берді. Ол жалпы алғанда өз мамандығы бойынша сегіз жылдай ғана қызмет атқарды. Өзін іскерлігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен танытып жүрген алымды жігітті басшы органдар тез аңғарып, өз қатарларына алды. Сөйтіп ол 1972 жылы сол кездегі беделі биік тексеруші мекеме — облыстық халықтық бақылау комитетіне инспекторлық қызметке шақырылды. Аз-кем тәжірибе жинақтаған соң, оны осы комитеттің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушілігіне бекітті.

Ең бастысы, Ғарекең қай жерде қызмет атқарса да, өз шаруасына мұқияттылығымен көзге түсті. Әсіресе, осы аталған облыстық халықтық бақылау комитетінде қызмет атқарған жылдарында қолға алған істі түбіне жеткізіп тексеретін тиянақтылығын әріптестері үлгі тұтқаны шындық.

Халықтық бақылау комитеті қоғамда орын алған келеңсіздіктерді тап басып танып, соның түзету шараларын алатын, кінәлілерді қатаң жазалайтын мекеме болатын. Ол комитеттің әрбір қызметкерінен сала бойынша білім, біліктілік, жағдайды байыпты бағалай білушілік қатаң талап етілетін. Осы қасиеттерді бойына терең сіңіре білген Ғарекең өз қарауындағы қызметкерлерінен де осындай деңгейді ұстануды қатаң талап етті.

Ол халықтық бақылау комитетінде қызмет еткен жылдарында облыстық «Коммунизм жолы» газеті бетінде айына бір рет беріліп тұратын «Халықтық бақылау» деп аталатын бетті даярлауға белсене қатысты. Осы ретпен Ғарифолла аға Марат Мырзағұлов, Әкімжан Оралбаев, Төребек Досқалиев секілді журналистермен тонның ішкі бауындай араласты.

Еліміз егемендік алған тұста басқару жүйелері өзгеріп, облыстық әкімдік құрылған тұста ол осында ұйымдастыру бөлімінің инспекторлығына қызметке шақырылды. Бірінші Президент сайлауына дайындық, оның дұрыс өтуіне, еліміздің Конституциясының қабылдануына байланысты шараларға тікелей араласқанын өз өміріндегі елеулі кезеңдер деп есептейді ол.

Еңбек жолдарындағы там-тұмдап жинақталған тәжірибе, адамдармен жұмыс істей білу дағдысы оның облыстық мәслихатта қызмет еткен жылдарында көп пайдасын тигізді. Ол өкілетті органның беделінің нығаюына күш салып, сессиялардың уақытында жақсы дайындықпен өтуіне еңбек етті, депутаттармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ шаруаның ауызбіршілікпен өрге басуына ықпал жасауға ұмтылды.

Бүгінде қалыпты жолға түскен мәслихат сессияларының негізгі бастауы осылайша Ғарекең сынды тәжірибелі қызметкерлердің тиянақты қызметімен жолға салынғанын бүгінде біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін.

Ғарифолла аға Сәуле Әбдіғалиқызымен отбасында үш бала өсіріп, азамат қатарына қосты.

Алтындай үш баланы дүниеге әкелген абзал ана Сәуле апай — медицина ғылымдарының кандидаты, КСРО денсаулық сақтау жүйесінің үздік белгісінің иегері.

Ғарифолла аға құрметті еңбек демалысына шыққанымен де, бір сәт қарап отыра алмайды. Қазір облыс әкімдігі жанындағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің жұмысына тікелей араласып, көптеген шараларды белсене атқарады.

Ғарифолла аға мен Сәуле апаның тәубе тұтатын бір бақыты — шөберенің қолынан су ұрттағаны. Аталыққа жеткен адамның бір арманының өзі осы емес пе?

Жеті белестің биігіне көтерілген Ғарекеңнің — айналасындағы елге қызмет етіп, көрігін күні-түні қыздырған Досмағамбет ұстаның тәлім көрген перзентінің — жүріп өткен жолы алыстағы ауыл баласының алға ұмтылса, алысқа қадам баса алатындығының бір үлгісі. Бұл үлгі кешегі күнгідей бүгін де қажет-ақ…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button