Білім

«Мектепке жолдың» шарапаты

14 027 оқушыға көмек көрсетілді

Республикалық «Мектепке жол» акциясы өз мәресіне жетті. Аталған шараға облыстық білім басқармасы, балалардың құқықтарын қорғау департаменті, аудандық және қалалық білім бөлімдері, ішкі істер органдары мен ауыл әкімдері, ата-аналар қатысты.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Гауһар Алдиярованың айтуынша, акция аясында 676 рейд жүргізіліпті.

Жалпы, шараға әр түрлі құрылымдардан 1888 адам қатысты.

Демеушілерді тарту мақсатында, халық көп жиналатын жерлерге 628 плакат жапсырылып, 38 баннерлер ілінді. Сондай-ақ 1680 үнпарақ таратылды, — дейді Г.Алдиярова.

Шұғыл байланыс телефонына хабарласқан 766 адамның сұранысы қанағаттандырылыпты. Облыс бойынша 14 027 оқушыға материалдық көмек көрсетілген.

4579 оқушыға бюджет қаражаты есебінен, ал 9441 балаға демеушілер тарапынан қолдау білдірілді.  Жалпы балалардың қажеттілігі үшін 31,9 млн. теңге жұмсалды, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы.  Оның айтуынша,  демеушілердің санының артуына «Мектепке жол» акциясының жергілікті БАҚ арқылы кеңінен насихатталуы себеп болған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында акция туралы көп материал жарияланудың нәтижесінде, заңды және жеке тұлғалар шараға қатысуға белсенділік танытты. Мысалы, «Трансэнерго» АҚ 10 балаға материалдық көмек (231 217 теңге) көрсетті. Ал GSM Қазақстан компаниясы 19 аз қамтылған отбасы балалары және 6 көп балалы отбасыға кеңсе құралдарының толық жиынтығы салынған 30 сөмке тарту етті. Қалалық мәслихаттың депутаты Асылбек Мусин «Выбор молодых» бірлескен қоғамымен бірге тұрмыстық жағдайы нашар 10 отбасының 20 баласына спорттық киімдер, мектеп формаларын және оқу құралдарын сыйға тартты. «Емшан» ЖШС Новый орта мектебіндегі 1-сыныпта оқитын 20 балаға 200 мың теңге көлемінде қайырымдылық көрсетті. Сонымен қатар №2 орта мектептің 54 оқушысына (326 мың теңге) да киім-кешек, оқу құралдары табыс етілді, — дейді Гауһар Алдиярова.

Шара аясында мектептерде «Мейірімділік туының астында», «Менің мектебім», «Біз мектепке барамыз», «Барлық балалар мектепте оқуы тиіс», «Қайырымдылық — ізгі қасиет» атты шығармалар мен суреттер байқауы өткізілген.

Білім басқармасының бас маманы «Мектепке жол» акциясы аудандарда да жақсы ұйымдастырылғандығын айтады:

«Орқаш-А» ЖШС директорының орынбасары К.Ермағамбетов А.Жұбанов атындағы орта мектептің 1-сынып оқушыларының бөлмесіне күрделі жөндеу жүргізген (380 мың теңге). Ойыл ауданындағы Ш.Бекмұханбетова атындағы орта мектепке Ә.Бекмұханбетов және оның балалары «УАЗ» автокөлігі (2 млн. 149 мың теңгеге) мен аудио-бейне техникасын (280 мың теңге) тарту етті. Темір ауданының әкімі Б.Қаниевтің бастамасымен ауданға қарасты селолық округтің 20 аз қамтылған отбасы балаларына 370 мың теңге көмек көрсетілді. Ал Шалқар ауданына қарасты Ақтоғай орта мектебінде оқитын 25 балаға Ақтөбе қаласындағы «Емшан» компаниясы (250 мың теңге) сый-сыяпат жасады.

Аталған шараның биылғы ерекшелігі — мемлекеттік мекемелер де ат салысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қ.Сабырдың ұйымдастыруымен әлеуметтік қамқорлыққа зәру 20 балаға 400 мың теңге көлемінде қыс киімдер мен азық-түлік сөмкесі табыс етілген.

Жалпы «Мектепке жол» акциясына мекемелер мүмкіндіктерінше қатысты.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұжымы мен студенттері облыстық психикалық даму бөгелісі бар балаларға арналған түзетілім мектеп-бақшасының 50 оқушысын оқу құралдармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ 4 оқушыға спорттық киім, күздік күрте алып берді, — дейді Г.Алдиярова.

Облыстық Қызыл Ай Қоғамының төрағасы Н.Үдербай Қобда ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептің 10 аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына киім-кешек — 60 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіпті. Аталған қоғам Темір ауданы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 57 оқушыға және патронаттық тәрбиеленудегі 7 бүлдіршінге, Шұбарқұдық отбасы үлгісіндегі балалар үйінің 8 тәрбиеленушісіне 200 мың теңгеге жылы киімдер, үш түрлі дәрумен, кеңсе және тазалық құралдарын тарту еткен.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button