Мәдениет

Термешілер байқауы өтті

Әлия ауылында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қобда ауданының 80 жылдық мерейтойына арналған «Алтыбақан жанында» атты аймақтық термешілер байқауы өтті. Термешілер байқауына Мәртөк, Алға, Ойыл, Қарғалы, Темір, Хромтау және Қобда аудандарының өнерпаздары қатысты.

Байқау дәстүрлі терме өнерін дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру және де ел арасында талантты орындаушыларды анықтап танытуды мақсат етті. Оған облыстық мәдениет басқармасының бастығы Назира Табылдинова, облыстық халық шығармашылығы үйінің бөлім меңгерушісі Гүлнәр Романова, термеші  Қуанышгүл Серікбаева, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес, аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусіновалар қонақ боп қатысты.

Термешілер Әлия музейіндегі тарихи деректермен танысып, батыр ауылын аралап көрді, мектепке, клубқа барды.

Байқаудың шарттары бойынша, сайыскерлер терме айтып, халық әндерін, танымал сазгерлердің әндерін орындау керек болатын. Ауыл қариялары халық әндерін, термелерді тыңдап, қатысушыларға ризашылықтарын білдірді. «Саған халқым-ай», «Тілеуқабақ», «Әдемі-ау» сияқты әндер аспанда қалықтады. «Жайық деген жанды су», «Насихат», «Ұсынсам қолым жетер ме», «Бурылтай»… сахнадан төгілген термелер тізімі осылай жалғаса береді.

Осы байқауда бас жүлдені жеңіп алған Хромтау ауданынан келген Медет Балжанов, бұрын да облыстық «Жасдәурен-2005» байқауының дипломанты, Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойында ұйымдастырылған фестивальдың жүлдегері екен. Бірінші орынды ойылдық Доржан Тілектес иемденсе, қобдалық Арайлым Тапанова екінші орын алды. Сайыстың үшінші орнын Мәртөк ауданынан келген  Дархан Зинекешов пен Алға ауданынан келген Мөлдір Төлебаева өзара бөлісті.

Мен Әлия ауылына алғаш рет келдім. Батыр қыздың ауылы атына заты сай екен, тап-таза көшелері, зәулім ғимараттары көз тартады. Облыс көлемінде өтетін осындай байқаулардың жеңімпазы атанып жүрмін. Бүгін менің қарсыластарым мықты болды, бас жүлдені жеңіп аламын деп ойламадым. Бұл жеңісім батырлар мекені — Қобда жерінің маған берген бағасы деп білемін, — дейді хромтаулық Медет Балжанов.

Қазылар алқасы бас жүлдеге үй кинотеатрын, бірінші орынға түрлі-түсті теледидар, екінші орынға шағын толқынды пеш, үшінші орынға «TEFAL» маркалы ас-үй бұйымдары берілді.

Арайлым ШОЙМАНОВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button