Мәдениет

«Бәйішев мұраларына қайта үңілу — бүгінгі күн қажеттілігі»

Жуырда Ақтөбеде академик Сақтаған Бәйішевтің туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Ұлттық экономика және білім: жаһандану жағдайындағы даму стратегиясы» атты бұл конференцияны ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Экономика институты мен Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті бірлесіп ұйымдастырып отыр. Конференцияны өткізуге, сондай-ақ облыс және Ақтөбе қаласы әкімдіктері ат салысты.

Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан, М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры М. В. Михайлов, ғалымның ұлы — биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Бәйішев, шәкірттері, т.б. сөз сөйлеп, Бәйішев ғұмырының өнегелі тұстарына, оның мұраларының өміршеңдігіне тоқталды.

Сақтаған Бәйішев Маркстың «Капиталын» аударған еді, — деді Алматыдағы Каспий қоғамдық университетінің профессоры, ғалымның шәкірті Болат Ахметқалиев, — Кезінде сол еңбекті керексіз санадық. Ал бүгінде бұл — ең өзекті тақырып болып отыр. Әлем «Капиталды» қайта оқуға кірісті. Елімізде экономиканы жоспарлау мәселесі қарастырылып жатыр. Біз үшін Бәйішев мұраларына қайта үңілу — қажеттілік. Бұл, әсіресе, бүгінгі үлкен істерді, ұлы істерді алға апаруы, жалғастыруы тиіс жастар үшін ерекше маңызды екенін атап көрсеткім келеді.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей қалаларынан келген ғалым-экономистер қатысқан конференция жұмысы бірнеше тақырыптар бойынша жүргізілді: «Академик Сақтаған Бәйішев — ғалым, мемлекет қайраткері және аудармашы»; «Жаһандану жағдайындағы бәсекелестікке қабілетті ұлттық қаржы-экономикалық жүйесін дамыту: қиындықтар, басымдықтар және шешу жолдары», т.б.

Келесі күні қонақтардың бір тобы ғалымның туған жері — Байғанин ауданына аттанды.

Сонымен қатар, Бәйішевтің ғасырлық мерейтойына орай оның есімін иемденген университет ғалымдарының күшімен «Академик Сақтаған Бәйішев» атты жинақ құрастырылып, жарыққа шығып отыр. Жинаққа Бәйішев өмірбаяны, мақалалары және ол туралы естеліктер енген.

Біз оқырмандарымызға сол жинақтағы естеліктердің бірқатарынан үзінділер ұсынуды жөн көрдік.

Кісілік биігі

…55-жылы Сәтбаев қайта президент болды. Сайланғаннан кейін алғашқы аптаның бірінде ол мені қоғамдық ғылымдар жөніндегі вице-президент жөнінде ақылдасуға шақырып алды. Ол көптеген кандидаттарды саралады. Кенесары жөніндегі дүрбелеңді есіне алды, сол кезде Қанекең жоғарыдан да, төменнен де таяқ жеген еді. «Білесіз бе, Шәке? — деді Сәтбаев. — партия тарихы институтының директоры Сақтаған Бәйішев сонда мені қудалауға қатыспаған аз кісілердің бірі». С. Бәйішевті президент ол тұста сыртынан білетін. Қаныш Имантайұлы дәл байқаған екен. Қазақстан КП-сы ОК-нің мүшесі болған Сәкең «ұлтшылдарға» қарсы соққы беруге міндетті түрде қатысуы керек еді, бірақ Бәйішев сол бір жаппай есуастық толқынында бұрынғыдан бетер шырқап, көтерілу мүмкіндігіне елікпей, кісілік биігінде қалды. Біраз уақыттан кейін Сәкең вице-президент болып сайланды. Кейін Қаныш Имантайұлы Бәйішұлын жақсы көріп кетті. Ол кісімен мен де дос болдым. Академиктің қоғамтанушы ғалымдар арасындағы беделі тым жоғары еді. Оны жаратылыстанушылар да, технарьлар да қатты құрметтейтін. Оның ағымдағы ұсақ саясаттан тәуелсіз, турашыл да әділ адам екеніне талай рет көзім жетті.

1966 жылы ОК Бюросында ҚазКСР Ғылым академиясы президентінің жұмысы талқыланды. Президент ретіндегі менің жұмысыма академик Д. В. Сокольский біраз сын айтты. Баяғы тарих. Ол ОК басшылығының менің мүлт кетуімді аңдып жүргенін жақсы білетін. Ол жайттан Сақтаған Бәйішұлы да хабардар болатын. ОК-тегі талқылаудан кейін төралқа мәжілісінде Бәйішев Сокольскийге тікелей тиісті. Мені босатар алдында өзінің де қызметтен кететінін ашық айтты. Мен оның райдан қайтуын сұрадым. Қанша айтқанмен, ол Сәтбаевтың командасынан болатын. Содан шығар, мені орнымнан алып тастағаннан кейін, оны да вице-президенттік пен институт директорлығы қызметінен бірдей босатты».

Шапық Шөкиннің (1964-1967 жылдардағы ҚазКСР Ғылым академиясының президенті) «Өмірдің төрт мезгілі» атты естеліктер кітабынан алынған.

Ұмытылмас кездесу

…Әдеттегі бір күні Федор Михайлович кабинетіне шақырып, «ертең сағат беске дейін бол, сені өзімнің бір ғалым әрі майдандас досыммен таныстырамын» — деді. Ертеңіне уәделі уақытта Қазақстан Ғылым академиясына бардық. Есігінің сыртында орысша «Вице-президент АН Казахской ССР, академик С. Б. Баишев» деген жазуы бар бөлмеге кірдік.

Бізді орта бойлы, шымыр денелі, қырықтар шамасындағы кісі орнынан тұрып, қарсы алып, жылы амандасты. Ал Федор Михайловичпен құшақтасып, беттерінен сүйісті. Амандықты біліскеннен кейін, Федор Михайлович мені кабинет иесімен таныстырды да, енді Академияның Экономика институтының аспирантурасына қабылдауын өтінді. Келесі жылы Экономика институтының сырттай оқитын аспиранты болып қабылданып, оның теориялық курсын 1957 жылы уақытында ойдағыдай бітіріп шықтым. Аспирантурада «Экономика ілімдерінің тарихы» деген соңғы емтиханды тапсырған соң, Бәйішев мені кабинетіне ертіп барды. «Аспирантураны жақсы бағамен бітіріп жатыр екенсің» — деп, қолымды алып құттықтады. Біраздан соң: «Кандидаттық диссертацияға қандай тақырып алмақсың?» — деп сұрады. Мен бұл мәселені әлі шешпегенімді айттым. «Қазіргі жастар, — деді Сәкең, — тез жазып шығатын жеңіл тақырып іздейді. Бұл дұрыс емес. Шын ғалым болғысы келетін адам тез қорғап шығуды мақсат етпеу керек. Сол қорғаған проблемаң  ғылымға қандай жаңалық қосады, ал экономистер болса, олардың зерттеулері елдің экономикасына, шаруашылығына теориялық не практикалық пайдасы тиюі қажет, ал бұлар болмайтын «еңбектерді» жұрт «аты бар, заты жоқ»  далбаса дейді».

Сөзін әрі жалғастырып: «…көптен ойымда жүрген бір ғылыми тақырып бар — ол Шоқан Уәлихановтың экономикалық көзқарасына байланысты. Соны мен бірнеше зерттеушіге ұсынып едім, олардың ешқайсысы да алғысы келмеді, себебі өте қиын тақырып, оны зерттеу үшін әр жерлерге барып, архивті қазбалауды тілейді, орысша жазылған материалдармен қатар, бұрынғы араб алфавитімен жазылғандары да кездесуі мүмкін, оны көпшілік зерттеушілер біле қоймайды, қашатындары содан болу керек. Менің топшылауымша, осы тақырыпты зерттеу сенің қолыңнан келуге тиісті».

Маған машинкеге басылған бір парақ қағазды ұсынды да, «ал мұны артынан оқып танысарсың» — деп, қолымды қысты.

Сол берген қағазында келешекте зерттелетін тақырыптың аталуы, оны қай қалалардың архивінен іздеуге болатыны, бұл жөнінде кімдермен ақылдасу керек екені көрсетілген…

Ақыры Сәкеңнің сол ақыл-кеңесімен Шоқан еңбектерін зерттеуге ден қойдым.

Оның экономика ғылымына қосқан үлесін айқындауға арналған көп жылғы зерттеуім жемісті болып, мен 1960 жылы Мәскеуде «Шоқан Уәлихановтың экономикалық көзқарасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым…

Сақтаған Бәйішұлының тамаша қасиеттерінің бірі — ол өзіне ұнаған адамынан, әсіресе, жастардан қолынан келген көмегін аямайтын. Сондайлардың қатарында мен де болдым. Кандидаттық диссертацияны қорғағаннан кейін, көп ұзамай кездескенімде, ал енді не жазып жүрсің деп сұрады. Мен «әлі есімді жинап болғам жоқ, дем алып жүрмін» дедім. Ол кісі «демалысты көпке созба, жалқауланып кетесің, тезірек сол бұрынғы тақырыбыңа Ыбырай, Абай еңбектерін қоссаң, докторлық диссертация шығуы мүмкін, ойлан», — деді.

Сөйтіп, Сәкеңнің ақылына сүйене отырып, халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, ағартушы-демократы Ыбырай Алтынсарин, олардың соңын қуған шәкірттері Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералиндердің экономика, шаруашылыққа байланысты пікірлерін зерттеуге кірістім. Ақыры «шешінген судан тайынбас» дегендей, бұл тақырыпты да тәмамдап, оның нәтижесі ретінде 1967 жылы Мәскеудің «Мысль» баспасынан кітабым шықты, ал келесі жылы Қазақстан Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми кеңесінде докторлық диссертация қорғадым…

Академик Бәйішевтің шарапаты жалғыз маған ғана тиген жоқ. Қазіргі республикамыздың белгілі ғалымдары, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Манаш Қозыбаев, Аманжол Қошанов, Халықаралық Евразия экономикалық академиясының академигі Өтеғали Шәденов, т.б. да тигеніне ғылыми қауым куә екені белгілі…

Мұқаш ЕЛЕУСІЗОВ,

«Жұлдыз» журналы, №3, 2003 жыл.

Ғылым кандидатынан бірден

академик болған бірінші ғалым

Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін ұлағатты сөз бар. Ол жұрттың бәріне емес, ерекше адамдарға ғана берілген халық бағасы ретінде айтылады. Сегіз қыр — адамның бойына біткен әр түрлі өнері де, бір сыр — бір қалыптан өзгермейтін байсалды мінезі болса керек. Бір адамның бойында сегіз қыр да, бір сыр да сирек кездеседі: өнері сегізге жетпейтін, мінезі мың құбылып, өзгеріп тұратындар көп. Ал Сақтаған Бәйішев қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы азаматы болды. Бірақ білімді адам өзгені оймен өлшей алғанымен, өзін-өзі бағалай білмейді. Сақаң да сөйткен шығар: елге қадірім өтті деп есептемеген болар. Алайда ердің қадірін ел біледі. Академик Бәйішевтің ел білетін қадірлі қасиеттері қандай еді?

Ең алдымен, Сақаң айтқанынан айнымайтын, көлгірсіп құбылмайтын, өзін үнемі бір қалыпта ұстайтын аса кішіпейіл кісі болды. Осы мінезінен ол ешқашан өзгерген жоқ. Оның бір сырлылығы осында болса керек. Енді сегіз қырына келетін болсақ:

Бірінші — өз заманына лайық журналист-публицист болды. Соғысқа дейін «Социалистік Қазақстан» газетін басқарды. Қайда жүрсе де үздіксіз жазып тұрды. Теориялық, насихаттық, публицистикалық мақалалары, очерктері қаншама!

Екінші — ержүрек командир болды. 100-атқыштар бригадасын комиссар ретінде соғысқа бастап барды. Артынан дивизия командирінің орынбасары болып, неміс фашистерінің ордасы Берлинді алуға қатысты.

Үшінші — ұлағатты ұстаз болды: соғыстан қайтқан күннен бастап, өмірінің ақырына дейін тура отыз алты жыл университет пен халық шаруашылығы институтында үздіксіз сабақ берді. Қазіргі көптеген ғалымдар, академиктер — сол кісінің шәкірттері.

Төртінші — атақты аудармашы болды. Маркстің «Капиталын», Лениннің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Бесінші — ғұлама тарихшы болды: партия тарихы институтын жиырма жыл басқарды.

Алтыншы — ел қамын жеген экономист болды: Қазақстанда экономика ғылымын дамытуға, оның кадрларын даярлауға айтарлықтай үлес қосты.

Жетінші — ардақты академик болды. Қазақстанда, бәлкім, дүние жүзінде болар, ғылым кандидатынан бірден академик болған бірінші ғалым. Сан алуан ғылыми еңбектер қалдырды.

Сегізінші — мемлекет және қоғам қайраткері.

Мінекей, Сақаңның қыры мен сыры осындай еді… Ол өмір бойы үзбестен саяси экономиямен шұғылданды. Саяси экономия — тікелей тіршілік ғылымы. Адамның физикалық, материалдық өмірінің негізі осы ғылымда. Газет пен кітап оқымай, радио мен теледидар тыңдамай, кино көрмей тіршілік етуге болады, ал ас ішпей, киім кимей, үйің болмай өмір сүре алмайсың. Саяси экономияның өзге ғылымдардан өзгешелігі осындай. Осы ғылым арқылы ол халықтың материалдық жағдайын жақсартуға жан аямай бар күшін салып, шарапат шашты. Ендеше, қазақ халқына Сәтбаев, Әуезов, Күләш Байсейітова есімдері қандай қымбат болса, Бәйішев есімі де сондай бағалы.

Әзілхан Нұршайықов,

Қазақстанның халқы жазушысы;

Зейнолла Әйтімов,

тарих ғылымының кандидаты.

«Атамекен», 2000 жыл, 18 қаңтар.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button