Әлеумет

Деректер нені дәлелдейді?

Халық санағы – елдің немесе, аумақтың әрбір тұрғынын сипаттайтын демографиялық, әлеуметтік-экономикалық деректерді жинау үдерісі ғана емес, сонымен қатар мәдени рухани, саяси-әлеуметтік маңызды іс. БҰҰ анықтамасы бойынша, халық санағы  елдегі немесе оның айқын  шектелген  бөлігіндегі  белгілі бір кезеңдегі жағдай бойынша барлық адамдарға қатысты бірқатар нақты демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинақтау, қорыту, бағалау, талдау және жариялаумен  айналысады.

Халық санағының нағыз тарихы, бастапқы түрі Азия мен Африка мемлекеттерінде біздің заманымызға дейінгі 3 мың жылдықтарда жүргізілгендігі туралы деректер бар. Ары қарай тарихқа көз жүгіртсек, Египетте біздің заманымызға дейінгі 2800-2250 жылдар шамасында, 2238 жылдары Месопатамияда, Үндістанда, Қытайда, кейінірек Жапонияда әскери және салық жинау мақсатында жүргізілген халық санақтары  мәлім. Ол кездегі санақтар есеп жазбалар түрінде немесе символдық таңбалар арқылы жүргізілген. Мәселен, скифтерде жауынгерлер саны жебе ұштарының санымен, Әмір Темір әскерлерінде үйілген тастар санымен есептелген. Халық санын есепке  алулар Ежелгі Грекия  мен Римде де болғаны белгілі. Мәселен, б.з.д. ІV ғасыр соңында Аттикада тізімге алынған барлық итаптардан шыққан ер адамдардың есепке алынуы жүргізілген. Ежелгі Римде  б.з.д. 435 жылдары тұрақты түрде ценздер өтілген. Әр Рим азаматы ант беру түрінде  сайланған  цензорларға өзінің атын, жасын, өз отбасының  мүшелерінің есімдері мен жастарын, сондай-ақ өзінің мүлкі туралы мәліметтерді  хабарлаулары тиіс болған. Бұл мәліметтер халықты әскери бөлімдерге бөлу, халық жиналысындағы дауыстарды санау мен салық салу үшін қажет еді. Ерте орта ғасырдағы халықты есепке алу элементтері жазба кітаптарында, кадастрларда шаруашылықты сипаттап жазумен байланысты. Оларда алдыңғы қатарға адамдар немесе олардың отбасы емес, үй, ошақ секілді салық салу бірліктері қойылған. Мәселен, 1086 жылы Жаулап алушы Вильгельм жүргізген «Қатал сот кітабы» деген атпен белгілі Англияның 34 графтығының жерлерін сипаттап жазуы осыған жатады. Орта ғасырларда жекеленген қалаларда  (1449 жылы Нюрнбергте, 1473 жылы Страсбургте), ал кейіннен жекелеген мемлекеттерде де есепке алулар (1567 жылы Кантон Цюрих) жүргізілген. ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап халықты зерттеуге деген қызығушылық арта түседі. Оны Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде (Австрия, Бавария, Голландия, Дания, Испания), Азияда (Жапония), Америкада есепке ала бастады. Алайда бұл есептер бірнеше жылға созылып, барлық халықты бірдей қамти алмады болмаса тек ересек ер адамдарды ғана қарастырды.

ҮШ КЕЗЕҢ

Халық санағының басталуы қазіргі заманғы ұғымға 1790 жылы АҚШ-та, 1800 жылы Швеция, Финляндияда, 1801 жылы Англияда, Данияда, Норвегияда, Францияда жүргізілген халық санақтарымен бірге енді. Халық санағының пайда болуы мен  дамуы сол кезде үрдіс дамып келе жатқан Батыс елдерінің халықтың саны, орналасуы мен құрамы туралы, сондай-ақ оның сол заманға тән сипаттамасы жайындағы нақты да тұрақты  ақпаратты қажет етуінен туындады. Жалпы, халық санағының тарихын қарастырғанда, оның 3 кезеңін бөліп көрсете аламыз. 1- кезеңде (ХVІІІ ғасырдың аяғы – ХІХ ғасырдың бірінші жартысы) санақты ұйымдастырудың, олардың бағдарламаларын анықтаудың негіздері қаланды. Бұл кезеңде халық санағын АҚШ пен Англия әрбір 10 жылда, Франция мен Швеция әрбір 5 жылда, Австрия әрбір 3-4 жылда тұрақты жүргізе бастады. Тұрақты түрде болмаса да халық санағы Данияда, Норвегияда, Исландияда, сондай-ақ Америка территориясына орналасқан кейбір колонияларда жүргізілді. Бұл халық санақтары белгілердің шектелген мөлшерін ескеріп, барлық халықты бірдей қамти алмады, олардың материалдарын өңдеу көптеген жылдарға созылды. Мәселен 1790 жылы АҚШ-та болған алғашқы халық санағында тек үй шаруашылығы басшысының аты, еркін адамдардың саны, ақ әйелдердің саны, құлдардың саны ғана есепке алынды. 1801 жылы Франциядағы халық санағы тек жынысы мен некеге қатыстылығын, Англиядағы 1801 жылы санақ жынысы мен отағасының кәсібін (егінші ме, саудагер ме, өндіріс еңбеккері ме) ғана ескерді. 2-кезеңде (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бірінші жартысы) халық санағы Еуропа мен Американың барлық елдерінде, Азия мен Африканың кейбір елдерінде жүргізіле бастады. Халық санағының теориясы мен практикасы дамып, оның жаңа белгілері пайда болып, бағдарламалары жетілдірілді.

Халық санағының бұнан әрі жетілдіруінде үлкен маңызға, жаңа мәнге ие болған сәт деп 1846 жылы Бельгияда А.Кетленің басшылығымен жүргізілген санақты айта аламыз. Ол алғашқы рет бір күндік қана болды, тек бар халықты ғана есепке алды. Халық санағының құрал-жабдықтары жетілдірілді, арнаулы санақ бланкілері мен оларға нұсқаулықтар дайындалды. Батыс Еуропа елдерінің санақтары бір күндік болып, өздігінен есептеу қолданыла бастады. Есепке алынатын белгілердің, әсіресе, жасы мен кәсібінің мазмұны нақтыланды. Мәселен, бастапқыда 2-3 жастық топтардың орнына 5-10 жастағы топтар енгізіле бастады; ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары көптеген елдерде енді нақты жас пен туған күні, айы мен жылы есепке алынды (Францияда, Ұлыбританияда, Германияда, Италияда және т.б.). Халық санағы бағдарламаларындағы жаңа белгілер жалпы демографиялық сипаттарды, сауаттылық пен білім деңгейін, миграцияны (әсіресе, АҚШ-тағы иммиграцияны), туу мен өлімді, әлеуметтік-экономикалық жағдайды (кәсібі, жұмыс орны, кәсіптегі орны, жұмыссыздық) зерттеумен байланысты болды. Нақты бар емес, тұрақты халықты есепке алу немесе екі категорияны бірдей ескеру мен материалдар әзірлеу, әсіресе, тұрақты халықтың әлеуметтік-экономикалық құрамын есепке алу көзделді. Тағы бір ескере кететін жай, халық санағының ғылыми негізделуіне халықаралық статистикалық конгрестер ықпал жасады. Халық санағын жүргізудің басты ережелері 1853 жылы Брюссельдегі Конгресс сессиясында жасалып, олар онан кейінгі сессияларда талқыланып, ал толығымен 1872 жылы Петербург сессиясында нақтыланды. Конгрестерде халық санағының негізгі принциптері мен олардың мерзімділігі атап көрсетіліп, есепке алынатын халықтың категориялары қарастырылды, бағдарламалары талқыланды, белгілер жүйесі жасалды, олардың 15-і міндеттіге жатса, 8-і факультативтікке жатты. Мұнан әрі халық санағы бойынша кепілдемелермен Халықаралық статистикалық комитет айналысты.

Шартты түрде 3-ші, қазіргі кезең ХХ ғасырдың ортасында халық туралы артып келе жатқан мәліметтердің қажеттілігінен туындады. Азияның, сондай-ақ Африканың бірқатар елдерінде жаңа дербес мемлекеттердің пайда болуымен халық санақтары жүргізілді. 70-жылдары алғаш рет Иемен Араб Республикасында, Катарда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Сауд Арабиясында, Ауғанстанда халық санақтары жүргізілді.

Дүние жүзі елдерінде халық санағын өткізудің бағдарламалары мен жүргізілу тәсілдерін зерттеу, сондай-ақ әлемдік халық санағын жүргізу үшін принциптер мен кепілдемелер жасау бойынша үлкен жұмысты БҰҰ атқаруда. Азия мен Африканың дамушы елдері халық санағын өткізуде өзге елдердің тәжірибесі мен БҰҰ көмегіне сүйенуде.

1982 жылдың 1 қаңтарына қарай Жер шарындағы өткізілген халық санақтарының саны (қазіргі заманғы мемлекеттер мен  территориялардың бөлінісі бойынша) 2 мыңнан асты. Санақтың бағдарламасын жасау мен жариялаудан басқа оларды өткізуді ұйымдастыру мен осы бағдарламаны жариялау жүйесі жетілдірілді. Бұларды апробациялау үшін 70-жылдарда байқау санақтарын жүргізу практикасы кеңейтілді. Үлкен көлемді ақпарат алу қажеттілігі мәлімет жинау (АҚШ) мен оларды жасақтауда (бірқатар социалистік елдер және Жапония, Франция, Италия) іріктеу әдісін қолдануға әкелді. Халық санағын жүргізу алдында есепке алынатын халықтың категориялары анықталды және нақтыланды. Кейбір елдерде тек қана тұрақты халық (АҚШ, Жапония, ГФР, Үндістан, Филиппин), келесі біреулерінде шынайы бар халық (Ұлыбритания, Бруней, Танзания, Түркия), ал енді біреулерінде екеуі де (Болгария, Венгрия, Италия) есепке алынады. Бұл күндері түрлі елдердің халық санағының бағдарламалары айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда. Көпшілік елдерде сауаттылықты, діни сенімін, дене кемшіліктерін зерттеу қажет болмай, сонымен қатар  білімін, кәсіби даярлығын, халықтың экономикалық сипаттамасы, туу көрсеткіштері мен миграция жағдайларын зерттеудің қажеттілігі туды. Алайда Азия мен Африканың дамушы елдері үшін халықтың сауаттылығы туралы мәселелер аса маңызды болғандықтан, олар көптеген елдердің халық санағы бағдарламаларына енгізілген. Бірқатар елдерде маятниктік миграцияны зерттеу қызығушылық туғызуда (Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Жапония). Қазіргі Батыс Еуропа елдерінің халық санағының бағдарламаларында халықтың еңбекпен қамтылуы мен жұмыссыздық мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Шет мемлекеттердің халық санағындағы кейбір белгілердің пайда болуы аталмыш кезеңдегі ұлттық ақпараттардың қажеттілігіне байланысты. Мәселен,  1981 жылы Жаңа Зеландиядағы халық санағында темекі тарту жөніндегі арнайы мәселе қойылды. Кейде  бір мәселе түрлі елдерде әр қилы түсіндіріледі. Бұл мәліметтердің халықаралық сәйкестілігін қиындата түседі – бір елдерде нақты неке жағдайы  (АҚШ, Канада, бұрынғы социалистік даму бағытын ұстанған  елдер) ескерілсе, енді біреулерінде заңдық неке жағдайы (Ұлыбритания, Австрия, Канада және т.б.) ескеріледі. Халықтың экономикалық сипаттамасын түсіндіру де әр қилы болуы мүмкін, ол ағымдағы іс-әрекетке (АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Канада) немесе күнделікті іс-әрекетке байланысты болуы мүмкін. Халық санағының бағдарламаларында халықтың өндірістік және территориялық мобильділігіне сай кешенді зерттеулерге деген қызығушылық артты. Мәселен, тұрғылықты орынға байланысты  мәселелермен қатар 5 жыл бұрынғы іс-әрекет туралы ( іс-әрекет түрін көрсету арқылы – Италия, 1971), 10 жыл бұрынғы іс-әрекет туралы (Венгрия, 1970) сұрақтар пайда болды. 1980 жылы Венгриядағы халық санағында кәсіптердің тарихы зерттелді (қашаннан бері жұмыс жасай бастады, 1938, 1949, 1960, 1970 жылдардың 1 қаңтарында қайда жұмыс жасады, сондай-ақ сұрау салынушының әкесінің 1938 және 1980 жылдардың 1 қаңтарында қандай кәсіппен айналысқандығы).

ТОЛСТОЙДЫҢ КӨМЕГІ, ЛЕНИННІҢ ЕСЕБІ

Бұрынғы КСРО территориясындағы халық санағының басталуын ІХ ғасырға жатқызуға болады (Киев Русі, Новгород); ол фискалды мақсаттарда жүргізілді (алым-салық салу үшін). ХІІІ ғасырдың екінші жартысында монғол-татар үстемдігі кезінде алынатын алым мөлшерін анықтау үшін жекеленген орыс князьдіктерінде халық саны есепке алынды. Кавказ жеріндегі ХІІІ ғасырдың 70 жылдарындағы санақтар да осы мақсатта болды. ХІV ғасырдан бастап салық салу объектісі болып шаруашылықтағы пайдаланылатын жер учаскелері (соха деп аталады) табыла бастайды. Мұнда «соқалық жазба» деп аталатын жазба кітаптарына (писцовые книги) енгізілетін сипаттамалар нәтижелері баяндалды. ХVІ ғасырдағы жазба кітаптарында шаруалардың жағдайын, олар орындайтын міндеткерліктердің ахуалын баяндайтын мәліметтер сақталған. ХVІІ ғасырда алым-салық салу бірлігі аула (двор) болып саналып, есепке алу формасы – аулалық жазба (подворные переписи) дүниеге келді. Аулалық жазбалардан басқа жекеленген территорияларда мемлекеттік санақтар да жүргізілді. Сол заманға лайықты, өзге елдерде болмаған жалпы мемлекеттік санақтың кемшіліктері: санақтың объектісі тек салықты көтере алатын аулалар болды; тек ер адамдар есепке алынды; жеткіліксіз есеп салдарынан, жасырып қалудан дәлме-дәл болмауынан,  жазғыштар қателігінен мәліметтерде айта қаларлықтай дәлдік болмады. ХVІІІ ғасырдың басындағы салық жүйесі ер адамдар басы өлшеміне көшкендіктен, жан басылық санақтар жүргізіле бастады.  Бұл  Ресейдегі алым-салық төлейтін халықтың ревизиясы деп аталады. Халықтың мемлекеттік ревизиясының негізін салған 1718 жылғы 26 қарашадағы І Петр жарлығы болатын. Барлығы 10 ревизия өткізілді: алғашқысы – 1719-1727 жылдары, оныншысы – 1857-60 жылдары. Көбінесе «Халықтық санақ» деп аталған ревизиялар бір жарым ғасырға дейін елдің халқы туралы мәліметтердің жалғыз-ақ көзі болатын. Алайда олар барша халық пен барлық территорияны қамти алмады, тек сословиелік топты, олардың жынысы мен жасын ғана есепке алды, ұзаққа созылды, бұл халықтың саны  мен құрамы туралы мәліметтерді бұрмалады. Ресейде крепостниктік құқықтың жойылуынан кейін халықты есепке алудың жаңа формаларының, оның ішінде бір күндік жалпы санақтың қажеттілігі белгілі болды.

Ресейдегі шын мәніндегі жергілікті жердегі халық санақтары ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап жүргізіле бастады. Негізінен, бұл санақтар астаналық, ірі губерниялар мен кейбір уездік қалаларда жүргізілді. Көптеген санақтардың материалдары жарияланбағандықтан, олардың кейбіреуі туралы өткізілген жылынан басқа ештеңе белгілі емес. Жергілікті халық санақтары тек дәлдік, ұйымдастырылу, жасақталу бағдарламасы, жариялануы мен нәтижелерді санау дәрежелері бойынша әр алуан. Олардың көпшілігі ғылыми негізде, өзгелері «әкімшілік-полицейлік халық есептеулері»  түрінде;  көбінесе «халық санағы» деген атау шеңберінде халықтың тек аты-жөнінсіз, үй иелерінің саны бойынша санағы ғана жүргізілді.  1904 жылы санаққа рұқсат құқығы губернаторларға беріліп, бұл халық санағын жергілікті жерлерде жүргізуді жеңілдетті. Көптеген қалаларда халық санағы Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында жүргізілді. Бізге мәлім 76 халық санағының 34-і қыста өткізілген еді. Барлық жергілікті халық санақтары бір күндік болатын, яғни белгілі бір уақытқа арналды және бірнеше жылдарға созылған ревизияларға қарағанда салыстырмалы түрде қысқа мерзімде, кейбіреулері бір күн ішінде жүргізілді. Бұл санақтарда  алдымен тіркелген, кейін іс жүзіндегі бар халық есепке алынды. Жергілікті халық санақтарының бағдарламалары айтарлықтай кең көлемде болып, демографиялық санақ пен пәтерлердің санағын қамтыды; әдеттегідей, сауаттылық пен білім деңгейі, мамандығы мен кәсібі, алатын орны есепке алынды. Мысалы, 1890 жылғы Петербургтегі халық санағында 15 сұрақ, 1892 жылғы Одессадағы санақта 18 сұрақ болған. Ал 1913 жылғы Бакудегі халық санағында 31 сұрақ (шағын сұрақтарды есепке алмағанда) болған. 60-70 жылдарда халық санақтарына жергілікті статистикалық комитеттер, ал ХІХ ғасырдың  80 жылдарынан бастап қалалық өзін-өзі басқарудың статистикалық бөлімшелері жетекшілік жасады. Кейде оларды өткізуге қоғамдық ұйымдар араласты. 1874 жылы Киевтің халық санағын географиялық қоғамы ұйымдастырды. Мәліметтер жинақтауға алдымен полиция мен үй шаруалары тартылды, алайда хабарлаған мәліметтердің дұрыс болмауына орай тікелей тұрғындардың өзінен көмек сұрала бастады. Жергілікті халық санақтарына интеллигенция өкілдері тартылып, санақтың есепшілері студенттер, оқушылар мен мұғалімдер болды; мәселен, 1882 жылғы Мәскеудегі халық санағында Л.Н.Толстой есепшілік қызмет атқарған, кейін ол өзінің алған әсерлерін «Мәскеудегі халық санағы туралы» және «Бізге сонымен не істеу керек?» деген еңбектерінде көрсеткен.

Алайда жергілікті жерлердегі халық санақтарын ұйымдастыру мен оның әдістемесінде бірлік, тәртіп пен нақты өткізілу мерзімдері болмады, сұрау салу мен жүргізілу бағдарламалары әр алуан болатын, жиналған мәліметтердің барлығы бірдей дұрыс жасалып, жинақталмады. Соған қарамастан жергілікті жерлердегі халық санақтары халық статистикасы тарихында аса маңызды рольге ие болды. Олардағы жинақталған тәжірибе 1897 жылғы Ресейдегі І жалпы халық санағы мен алғашқы кеңестік санақтарды жүргізуде пайдаланылды. Революцияға дейінгі ауыл халқын есепке алуды аулалық санақтарда земство мекемелерінің есепшілері жүргізді.

Ресей империясындағы әрі тұңғыш, әрі соңғы халық санағы 1897 жылы 9 ақпанда (28 қаңтарда) өткізілді. Оны ұйымдастыру мен бағдарламасының негізінде Семенов Тянь-Шанскийдің жобасы жатты. Халықтың 3 категориясы: нақты, тұрақты (отырықшы) және тізімдегі саны есепке алынды; жұмыс негізінен нақты сан бойынша жүргізілді. Халық санағының материалдарын есептеу машиналарында өңдеу көзделді, осыған орай тізімдік формадағы санақ парақтары қабылданды: А формалы парақтарды (ауылдық қоғамдардың шаруа шаруашылықтары үшін) есепшілер, Б формасы (иелік шаруашылықтар мен жеке үйлерге, село ішіндегі аулаларға арналған) мен В формасын (қала тұрғындары үшін) пәтер иелері (өзіндік есеп әдісі) толтыруы керек еді. Алайда тұрғындардың сауаттылығы төмен болғандықтан, формалардың көпшілігін есепшілер толтырды. Санақ бір күндік принциппен жүргізілді. Санақ парақтары санақ өтетін күннен селоларда 30-20 күн бұрын, қалаларда 10-5 күн бұрын таратылып, толтырылды. 9 және 10 ақпанда қалаларда және 9-12 ақпанда селолық жерлерде есепшілер толтырылған парақтарды жинап, оларға аталмыш уақыт жағдайына орай түзетулер енгізді. Халық санағының бағдарламасына 14 белгі кірді: шаруашылықтың басшысы мен отағасына қатыстылығы; жасы; жынысы; некеге қатысы; сословиесі, жағдайы мен атағы; туған жері; тіркелген жері; тұрақты тұратын жері; уақытша тұратын жері; діни ұстанымы; ана тілі; сауаттылығы мен білімі; кәсібі; мамандығы, қызметі мен атағы (басты және қосымша кәсіп екендігін және әскери міндеткерлікке қатыстылығын атап кету қажет); мұнан басқа дене кемшілігі туралы белгілерді көрсетіп кеткен. Бағдарламада ұлты, кәсіптегі орны туралы мәселелер болған жоқ; білімі мен оқытылуы туралы мәселелердің біріктірілуі білім деңгейін анықтауға мүмкіндік бермеді. Халық санаққа әзір емес еді, көп ретте тіпті онан қорқатын да еді (әсіресе, әскери міндеткерлік пен діни нанымына байланысты мәселелерден – ескі дінді ұстанушылар арасында санақтан құтылу үшін өздерін өздері өртеген жағдайлары да белгілі); жергілікті жерлерде санаққа статистикадан хабары жоқ шенеуніктер басшылық етті. Халық санағын машинамен өңдеуден бас тартылып, материалдар негізінен қолмен өңделді, бұл нәтиже жинақтау мерзімдерін созып жіберді.  Кәсіптерге, ана тіліне, сауаттылығына байланысты көптеген кемшіліктер жіберілді. Халық санағының материалдарын «Империя бойынша нәтижелердің жалпы жиынтығы…» мен губерниялар, облыстар, 4 қала (Петербург, Москва, Одесса, Варшава) мен Сахалин аралы бойынша жекеленген томдарында жариялау 1905 жылға дейін созылды. Бірқатар кемшіліктерінің болғанына қарамастан 1897 жылғы халық санағы ХІХ ғасырдың аяғындағы Ресейдің халқының саны мен құрамы туралы шама-шарқынша  нақты ақпарат берген жалғыз-ақ санақ болатын, ал кейбір белгілер бойынша салыстырмалы сипаттама жасау үшін жеткілікті материал берді. Кейін революция көсемі В.И.Лениннің осы мәліметтерді «Ресейдегі капитализмнің дамуы» деп аталатын еңбегінде халықтың таптық құрамын анықтау үшін пайдалануы да осыдан.

Бұдан кейін Ресейде  шектелген  мәліметтерді қамтыған бірнеше санақтар өтті. 1916 жылы ауыл шаруашылық, 1917 жылы ауыл шаруашылық және қалалық санақтар,  1918 жылы  2 маусымда Петроградта Қазан төңкерісінен кейінгі ғылыми тұрғыдан әзірленген  алғашқы  халық санағы, бұдан кейін  1920 және 1923 жылдары халық санағы  өтті. Солардың ішінде  1920 жылғы 28 тамыздағы халық санағының орны ерекше еді. Ол  өнеркәсіп орындарының санағы мен қысқаша есепке алуымен қатар жүргізілді. Санақ 28  тамыздан бастап қалаларда 7 күн, селолық жерлерде 14 күн сұрау салу әдісімен (қалаларда өзіндік есепке рұқсат берілді) өткізілді. Халық санағына 1918 жылы 25 шілдеде құрылған Орталық статистика басқармасы мен оның жергілікті органдары жетекшілік етті. Халық санағы интервенция мен Азамат соғысының, аштық пен бүліншіліктің ауыр жағдайларында дайындалып, жүргізілді. Ол халықтың 72 пайызын ғана қамтыды, себебі кей аймақтарда соғыс қимылдары жүргізіліп жатты. Санақты жүргізуге қажетті қызметкерлер, көлік пен қағаз жетіспеді. Санақ кезіндегі бар халық пен қалалардағы тұрақты халық есептелді. Негізгі бланк жеке парақ, ал қалалық елді мекендерде сонымен бірге пәтер картасы мен аулалық ведомость, ал селолық жерлерде үй иелерінің селолық тізімі болып саналды. Санақ бағдарламасы (жеке парақ) 18 белгіден: жынысы; жасы; ұлты; ана тілі; азаматтығы (шетелдіктер үшін); туған жері; санаққа алынған жерде тұру ұзақтығы; неке жағдайы; сауаттылығы (орыс және басқа тілдерде); білімі; кәсібі (негізгі және қосымша); кәсіпшіліктегі орны; жұмыс орны; күнкөріс көзі; дене кемшілігі; психикалық жағдайы; соғысқа қатысқандығы тұрды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығындағы кәсібі мен оған соғыстың әсері, еңбекке және өз мамандығына қабілеттілігі де ескерілді. Халықтың кәсібі мен кәсіби құрамын жан-жақты зерттеу 1920 жылы халық санағын демографиялық-кәсіби деп санауға мүмкіндік береді.

БЕСЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРДЫҢ БЕРЕКЕСІ

Кеңес елінің бүкіл халқын қамтыған алғашқы санақ 1926 жылы желтоқсанда  жүргізілді. Ол сұрау салу әдісімен (бірақ өздік санауға да жол берілді) өткізілді. Халық санағы 17 желтоқсанда басталып, қалаларда 7 күнге, селолық жерлерде 14 күнге созылды. Нақты бар халық (жеке парақтар бойынша) есепке алынды, ал қалаларда отбасылық картасы тұрақты халық бойынша мәліметтерді алуға мүмкіндік берді.

Негізгі формалар жеке парақ, отбасылық карта (тек қалаларда) және иелік ведомость болды. Бағдарламада 14 белгі (қосымша пункттермен бірге): жынысы, жасы, ұлысы (народность), ана тілі, туған жері, санаққа алынған жерде тұру ұзақтығы, некеге қатысы, сауаттылығы, дене кемшілігі, психикалық жағдайы, кәсібі (негізгі және қосымша); кәсіптегі орны мен еңбегінің саласы; жұмыссыздарға – жұмыссыздығының ұзақтығы мен бұрынғы кәсібі; күнкөріс көзі (кәсібі жоқтар үшін) қамтылды. Отбасылық картада некелік жұптарды және олардың балаларын, некенің ұзақтығы мен тұрғын-жай жағдайларын бөліп көрсеткен отбасы құрамы есепке алынды.

Халық санағының материалдарын даярлау қысқа мерзімде 1928 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқталды. Жасақталу бағдарламалары мен жариялануы жан-жақтылығымен және түрлі белгілердің болуымен ерекшеленеді, алғаш рет отбасы жан-жақты зерттелді. 1926 жылғы халық санағының мәліметтері КСРО-ның халық шаруашылығын дамытудың бірінші бес жылдық жоспарын құруда пайдаланылды.

1937 жылғы халық санағы бір күндік санақ принципімен жүргізілген жалғыз кеңестік санақ болатын. Тек іс жүзіндегі бар халық қана есепке алынды. Бұл халық санағының нәижелері халықты бұрынғы бағалау нәтижелерінен алшақ жатты. Осыған орай халық санағын ұйымдастыру қанағаттанарлықсыз деп бағаланып,  оның материалдары дефектілі деп танылды, сөйтіп 1939 жылға жаңа санақ белгіленді.

1939 жылы халық санағы 17 қаңтарға белгіленді. Ел көлемінде алғаш рет тұрақты және бар халық есепке алынды. 12-16 қаңтар аралығында кеңестік тәжірибеде алғаш рет есепшілер өз учаскелеріне алдын ала аралау жүргізді. Санақ парақтарын толтыру сұрау салу әдісімен 17 қаңтарда басталып, қалалық елді мекендерде 7 күнге, селолық жерлерде 10 күнге созылды. Санақ парағы тізімдік формада болып пәтерге, ал пәтер көлемінде отбасы бойынша толтырылды. Халық санағының бағдарламасы 16 белгіден тұрды: отағасына қатынасы; тұру сипаты (тұрақты ма, уақытша ма), тұрғылықты жері мен онда болмау уақыты (мұнда уақытша тұратындар үшін); санақ орнында уақытша болмау мерзімі (уақытша болмайтындар үшін); жынысы; жасы;  некеге қатысы (екі категориясы да); ұлты; ана тілі; азаматтығы; сауаттылығы; оқу орнының атауы мен оқу сатысы (оқушылар үшін); орта немесе жоғары мектепті бітіруі; кәсібі немесе басқа да күнкөріс көзі; жұмыс орны; қоғамдық тобы. Халық санағы аяқталғаннан кейін 10 күн ішінде жаппай қайталап аралау өткізілді. Есептің дәлдігін арттыру үшін алғаш рет санақ парағының сұрақтарын қамтитын, аталмыш үйде тұрақты болмаса уақытша тұратын, бірақ санақ кезінде өзге жерде болып, бар болатын халықтың қатарында санаққа ілігуі тиіс  барлық тұлғаларға толтырылатын бақылау парағы енгізілді. Мұнан өзге уақытша тұруға тізімге алынғандар мен кетуге даярланғандарға санаққа алынғандығы туралы анықтамалар берілді. Бұл бақылау шаралары онан кейінгі санақтарда да сақталды. Халық санағының материалдары 3 жыл бойына 3 арнаулы машина санау стансаларында жасалды. Қысқа нәтижелері 1939-40 жылдары жарияланды. Басталып кеткен соғыс материалдарды толықтай жасақтауға мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан 1939 жылы халық санағы бес жылдықтың алғашқы жылдарындағы халықтың саны мен әлеуметтік-демографиялық құрамы туралы өзгерістерді қорытындылады.

КСРО-дағы бұдан кейінгі санақ 1959 жылы қаңтарда  жүргізіліп, халық санағының  бұл бағдарламасы 15 белгіні, 36 кестені  қамтыды. Бұл соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіру, тың игеру,  т.б. сияқты  ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралардың жүзеге асырылуы, ел ішінде  миграциялық процестің өркен жаю тұсы еді. Сол шаралардың нәтижесінде  қазақ ұлтының өз жерлеріндегі  үлес салмағы  күрт төмендеп, 32,2 %-ға дейін құлдырады. Бірақ сол кездегі  билік басындағылар  бұдан туындайтын әлеуметтік мәселелер туралы жақ ашпады, көрсе де көрмегенсіді, білсе де білмегенсіді. Бұдан кейінгі санақтар 1970, 1979 және 1989 жылдарда өтті. Оның соңғысы халыққа  сұрау салу  әдісімен, 16 белгіден  тұратын бағдарламамен жүзеге асырылды, іріктеу әдісі қолданылды.  Санақ парақтары  жаппай санақ (2 С формасы) және таңдау санағы  (3 В формасы) түрінде болды. Жаппай санақ бойынша жауап барлық халықтан алынды, ал таңдау  санағы бойынша сұрақтарға  халықтың  25%-ы тартылды. Санақ жалпы ғылыми-әдістемелік жолмен өтілгенімен, оның нәтижесіне  сол тұстағы  идеология мен саясаттың  және онан туындайтын мақсат пен мүдделердің де әсері болды.

Жалпы тұрғыдан  алғанда, БҰҰ-ның ұсынысы бойынша әлемнің көптеген елдерінде  халық санағы  он жылда  бір рет өткізіледі. Қазақстан аумағында  ресми халық  санағы 1897 жылдан бастап  әуелі Ресей империясының құрамында, кейін КСРО құрамында жоғарыда  аталған уақыттар кезінде өтіп тұрды.

ЕГЕМЕН ЕЛІМІЗДІҢ ЕКІНШІ САНАҒЫ

Қай кезде болмасын халық санағы – әлеуметтік-демографиялық ахуалды анықтап, болжауға мүмкіндік беретін, маңызды ақпарат көзі. Егемен еліміздегі алғашқы халық санағы 1999 жылы жүргізіліп, санақ жұмыстарын жоғарғы деңгейде жүргізу үшін 80 мыңнан аса адам ат салысқан болатын. Сол жылғы санақ қорытындысы бойынша, елімізде  барлығы 14 миллион 953 мың тұрғынның тұрақты тіркелгендігі анықталды. Онымен қоса ТМД-да алғаш болып кеңестік кезеңнен қалған санақ қағидасы өзгеріп, ендігі жерде адамның еңбек мәртебесі, күнкөріс көзі туралы ақпар, мемлекеттік тілді білу дәрежесі, көшіп-қону процесі, бір шаңырақ астында тұратын отбасы мүшелерінің саны туралы мәлімет, тағы да бірқатар жаңа бағдарламалар енгізіліп, халықты есепке алудың жаңа жүйесі қалыптасқан еді.

Қазақстан Республикасындағы биылғы санақ – халықтың екінші ұлттық санағы. Ол 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында  өтеді. Мемлекет бұл шараны  барлық талаптарға сай өткізуге  айрықша мүдделілік танытып  отыр. Алдағы болатын халық санағының  басымдылығын оның озық үлгідегі инновациялық  құрылымдары мен техникалық жаңалықтарға негізделгенінен-ақ көруге болады. Санақ жүргізу  жұмыстарына бюджет қорынан 6 млрд. теңге қаржы бөлінген. Халық санағын өткізудегі түрлі елдердің тәжірибелері  талданып және алдағы халық санағына қажетті барлық материалдар жинақталды. Халық санағы  бағдарламасында  БҰҰ ұсыныстарының барлық сұрақтары сақталған.

Санақты өткізудің  әр кезеңіндегі шаралар  санақ әдістемелігінің ережелерін сақтау есебінен  тиянақты  жоспарлану қажет. Сондықтан 2009 жылғы  ұлттық халық санағының нақтыланған бағдарламасы ғалымдардың, мамандардың, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын ескере отырып бекітілген.  Барлық әдістемелік және ұйымдастырушылық  ережелер 2008 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында өткізілген  қанатқақты халық санағының негізінде сараланған. Бұл санақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық  ұзақ мерзімді дамуын жоспарлауға мүмкіндік береді. Халықтың өмір сүру деңгейінің сапасына  байланысты  тұрғындардың  білім деңгейі; олардың тұрмыстық жағдайы; отбасы мүшелері; еркектер мен әйелдер саны; жас мөлшерлері; қала мен ауылдардағы  халық саны; олардың тұрғын  жайлары көптеген  басқа да сауалдарға  нақты жауаптар алынады. Бір сөзбен айтқанда, ел тұрғындары туралы  барлық деректер алақанымызда болады.

Халық санағы елімізді экономикалық-әлеуметтік жағынан дамытудың бір амалы екенін бүгін жұртшылық түсінген. Бұл шара – тек Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінің   барлық   елдерінде   де   өтіп отыратын,  әбден қалыптасқан үдеріс. Халық санағы, жалпы, экономикалық-әлеуметтік, демографиялық дамуымыздың көптеген бағыттарын анықтайтын болады. Өткен он жылда еліміз қай бағытта болса да даму үдерісінде болды. Ішкі миграция, урбанизация үдерістері де халық санағы қорытындысынан көрініс берген болатын. Осы өзгерістердің барлығы 1999 жылы өткен санақта адамдарға қойылған 23 негізгі және 5 тұрғын үй жағдайы туралы  сұраққа сыйғызылған  еді.  Ал биылғы  халық санағында  әрқайсымыз 45 негізгі және 8 тұрғын үй жағдайы туралы сұраққа жауап беретін боламыз.

Он жыл өзгерістер үшін көп уақыт емес екен. Өткен ғасырдың аяғынан бастап өмірімізге компьютер ене бастады. Қазір әлемдегі озық елу елдің қатарынан көрінуге талпынып отырған Қазақстанда өркениеттің бұл жемісін толық игермей, алға қойған межеге жете алмаймыз. Биылғы халық санағының сұрақтары осы мәселені де қамтыған, яғни көп сұрақтың  бірі азаматтардың компьютерде жұмыс істей  білетіндігіне  арналған. Халық санағының осы бір сұрағы бойынша жасалатын қорытындының өзі мемлекетке алдағы уақытта халықтың компьютерлік сауаттылығы туралы мәлімет негізінде ақпараттық технологиялар мен коммуникациялардың дамуына арналған инвестициялар бөлуді, оқу орындарындағы компьютерлік сыныптарды көбейтуді дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұл санақтың тағы бір ерекшелігі, бүгінгі күні Қазақстан аумағында жүрген шетел азаматтары мен  азаматтығы жоқ  адамдардың  барлығы  қамтылуы тиіс.  Сонымен бірге елімізде тұрақты тұратын,  бірақ санақ кезінде ел аумағында уақытша болмаған адамдар  да  тізімге міндетті түрде енгізілуі керек.

Санақ арнайы оқытылып, тәжірибеден өткен қызметкерлердің  (есепшілердің) халыққа сұрау  жүргізу әдісі арқылы жүзеге асады. Маман ретінде олар барлық қажетті құрал-жабдықтармен: портфельдермен, санақ парақтарымен, халықты аралауға арналған нұсқаулықтармен және карталармен, тегін жол жүру билетімен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте аталған шараның маңыздылығы Үкімет тарапынан да ескерілгендігін атап өтуіміз керек. Мәселен, аудандық орталықтарға, әсіресе, алыс елді мекендердегі есепшілердің жұмыстарын жеңілдету мақсатында арнайы көлік бөлінетін болады. Сонымен қатар мемлекет санақ қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын назарда ұстап отыр. Оларға мемлекет тарапынан  ай сайын 25 мың теңге көлемінде еңбекақы төлеу де қарастырылған.

Алдағы  өткізілетін Қазақстандағы халық санағының бұдан бұрын өткізілген халық санағынан бірқатар ерекшеліктері бар. Негізінен, ол қоғамдық  құрылымдағы болып жатқан демографиялық, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты.  Сонымен қатар мемлекет ерекше  назар аударуды  қажет ететін, атап айтқанда, тұрғындардың жекелеген әлеуметтік-демографиялық  топтарына, әйелдер мен балаларға, мүгедектерге, тағы да басқаларға жаңаша қолдау-көмек көрсетуге қатысты. Қорыта айтқанда, бұл шара – саяси-әлеуметтік маңызды іс, қоғам мен әлеумет қозғалысының, дамуының басты  анықтауыштарының бірі. Ал үлгілі мемлекет өз азаматтарының дамуына  мүдделі болуы керек.

А. Тайжанов,

философия  ғылымдарының  докторы,  профессор,

Г.Шөптібаева,

социология  ғылымдарының  докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button