Білім

Балдырған

Жеті ноқатты жыртқыш

Осы бір түсі қызғылт келген, пішіні домалақтау, жотасында қара ноқаттары бар (көбінесе оның саны жетеу болып келеді) қоңызды барлық балалар да жақсы білетін болар.

Ол — кәдімгі : «Ел қайда көшеді, суды қайдан ішеді», — деп балалар ұшырып ойнайтын қанқыз. Бұл насеком да өзін-өзі қорғаудан құр алақан емес. Қауіп-қатер төнген кезде қанқыздың аяғының бүгілген жерінде қызғылт сары түсті тамшылар, яғни «сүт» пайда болады. Оның дәмі өте сүйкімсіз болып келеді де, қанқызды жауларынан қорғайды.

Сырт қарағанда бейкүнә, момақан болып көрінетін қанқыз сонысына қарамастан жыртқыш та. Жапырақтар мен бұтақтардың үстінде ол бекерден-бекер тынымсыз жорғалайды деп ойламаңдар: қорек іздеп жүреді. Оның қорегі — жас өсімдіктің сөлін соратын кішкентай жәндік — өсімдік биті.

Міне, қанқыз сол өсімдік биттерін іздеп тауып, бірінен соң бірін жей береді. Тәбеті де жаман емес. Қанқыз күніне 200-ге жуық өсімдік битін жей алады.

Ал енді оның личинкасы өзінен екі еседей қомағай болады.

Қанқыз пайдалы насеком болып есептеледі.

Өнеркәсіп

Қорытпалар мен қоспалар

Сендер бұрын-соңды таза темірді көріп пе едіңдер? Сірә, көрмеген боларсыңдар: бұл — өте сирек кездесетін зат. Оны тым күрделі, қымбатқа түсетін әдіспен аздап қана алуға болады. Алайда, металлургтер таза темірді алуға тіптен құштар емес. Оның жұмсақтығы соншалық, шеге жасауға да, аспап-құралдар жасауға да жарамайды.

Ал басқа металдардың жайы қалай?

Мәселен, алюминий — қазіргі кезде темірдің ең басты бәсекелесі. Алюминий де таза күйінде өте осал металл. Одан самолет түгілі, кастрюль де жасай алмайсың.

Ұсақ тиындарды мыстан бедерлеп жасау тоқтатылды: ол жылдам тозады. Қазіргі тиындар жезден жасалады. Жез — мыс пен мырыш қорытпасы.

Егер алюминийге шамалы мыс,  марганец және магний қосып қорытса, оның беріктігі болаттан кем болмайды екен. Мұны дюралюминий деп атайды. Ол алюминий секілді жеп-жеңіл, бірақ өте берік. Одан самолеттерді, үй қаңқаларын жасайды.

Металды қорытқан кезде басқа бір заттарды аздап қосқанда, оның қасиеті едәуір өзгеретіндігі жиі байқалады.

Кәдімгі болаттың темірден айырмашылығы, оның құрамында жүзден бір бөлігіндей ғана көміртегі бар. Егер болатқа басқа бір металдарды шамалы араластырса, онда қоспалы болат алынады. Бұл — өзіміз күнде көріп жүрген кәдімгі тоттанбайтын болат. Оны тоттандырмайтын нәрсе — құрамындағы хром мен никель. Ал егерде болатқа хром мен вольфрам қосса, онда «тез кескіш» болат алынады екен.

Қазіргі кезде қорытпалар санының көптігі соншалық, оны жәй тізіп шығудың өзі қалың кітаптың бетін тұтас алар еді. Ыстыққа төзімдісі мен оңай балқитыны, өте қаттысы мен серпімдісі, жеңілі мен ауыры, осы секілді толып жатқан болаттар қазіргі машиналардың жүздеген, мыңдаған бөлшектеріне өте қажет.

Оқушының өлеңі

Қазақ тілім

Сен деп соғар менің бала жүрегім,

Қазақ тілін бай мұрам деп білемін.

Мен өзіңмен аштым барлық есікті,

Тілім менің құламайтын тірегім.

Әйгерім МЫРЗАҒАЛИЕВА,

оқушы.

Жем қаласы,

Мұғалжар ауданы.

Атамекен

Менің бесігім

Мен Ақтөбеге бардым. Ақтөбеде адамдар өте көп екен, машиналар да толып жүр. Қалада мен көп қыдырдым. Музейлерді араладым. «Нұрдәулет» мешітінің алдындағы парктен аңдар мен құстарды көрдім. Бәрінен де үлкен әсер алдым. Қала көркі мені таң қалдырды. Ақтөбе көрікті екен.

Дегенмен, маған туған жерімнің топырағы ыстық. Ауылыма ештеңе жетпейді. Туған жерім — алтын бесігім. Мен ауылымды, ондағы адамдарды, ұстаздарымды, достарымды жанымдай жақсы көремін.

Ақзат ҚАЛЖАНОВА,

С.Оразалин атындағы мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button