АуылЭкономика

Қарауылкелдінің жиһазы

Кешегі кеңестік заманда үй жиһазын ауыл, аудан түгілі, Ақтөбе қаласының өзінде де келістіріп шығара алған жоқ. Фабрикадан үйге жеткенше қақырап қалатын ұсқынсыз дүниелерді, тұтынушы одан өзге алатын көзі болмағасын ғана, шарасыздан сатып алатын. Себебі, сырттан келетін жиһаздарға көпшіліктің қолы жете бермейтін.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен жиһазға деген зәрулік жойылды. Түрлі елдердің дүниелері сауда орындарында толып тұратын болды. Бірақ олардың бағасы бұрында да арзан емес еді, кейінгі жылдары тіпті аспандап кетті. Көршілес Ресейден келетін бұйымдардың өзі қолжетімді болмай барады. Алайда бұған байғаниндіктер қиналып отырған жоқ. Өйткені үй жиһаздары Қарауылкелдінің өзінен шығады. Мұнымен он жылдан бері осындағы «Тау» сауда орталығының иелері ағайынды Тәжімұратовтар  айналысып келеді.

Біз жақында осы ауданда іссапарда болған кезде ағайынды кәсіпкерлердің жиһаз, темір, ағаш бұйымдарын жасайтын цехында болып, шығып жатқан өнімдердің сапасы мен беріктігіне көз жеткіздік. Мұнда шығарылған бұйымдар сырттан келетін бұйымдардан еш кем емес. Себебі, жергілікті кәсіпорын  оларды шетелдік осы заманғы озық технологиямен жасайды. Сондықтан да тұтынушы жергілікті жерде жасалған бұйымдардан пәлендей айырма таба алмайды. Айырма бағасында: жергілікті жерде жасалған бұйымдар сырттан келген дүниелерге қарағанда көп арзан, қолжетімді. Осылайша өз өндірістері арқылы жергілікті кәсіпорын Елбасымыздың басты бір тапсырмасы — импорт алмастыру шараларын табысты жүргізуге айтарлықтай үлес қосып отыр.

Біз келгенде ағайынды Тәжімұратовтардың үлкені, осы жұмыстардың бас ұйымдастырушысы  Бауыржан ауылда болмады. Жолдасы Бибігүл мен інісі Нұрболат цехты аралатып, өндірістің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Цехта жиһаз, ағаш, темір бұйымдар тапсырыс бойынша жасалады екен. Айталық, аудан орталығында Тобық Жармағамбетов атындағы орта мектептің және интернаттың құрылысы өткен жылдары пайдалануға берілген. Осы үлкен нысанның есік-терезелері біз әңгімелеп отырған ауыл цехында жасалып, орнатылыпты. Бұл бұрын болмаған жағдай.

— Біздің екі қабатты «Тау» деген дүкеніміз бар. Бұрын шығарған өнімдерімізді сонда қоятынбыз. Арнайы тапсырыспен жасалғасын тұтынушы қазір бұйымын осы цехтан тікелей алып кетеді. Дүкенімізді өзге кәсіпкерлерге жалға беріп қойдық, — дейді Нұрболат.

Қарауылкелдіде «Тау» кәсіпорны шығаратын жиһаздар мен ағаш, темір бұйымдарына сұраныс бар. Тек аудан халқы емес, көрші Темір, тіпті Атырау, Маңғыстау облыстарынан да арнайы келіп тапсырыс беріп, қалаған бұйымдарын істетіп алушылар баршылық.

Тұтынушының бұлай қызығатыны, біріншіден, мұнда жасалған бұйымның сапасы жоғары, екіншіден, өзге жерлердегімен салыстырғанда бағасы төмен. Сапасының жоғары болатыны, бұйымдарды осы цехта еңбек жолын бастап, біраздан қалыптасқан, тәжірибелі,  нағыз шеберлер жасайды. Ал бағасының арзан болатынының бір сырын Бибігүл мен Нұрболат айтты:

— Біз  бұйым жасағанда, мүмкін болғанынша, Қазақстанда шығатын жергілікті өнімдерді пайдалануға тырысамыз. Жиһазға керекті бірсыпыра өнімдерді Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларынан аламыз.  Мұндағы ірі-ірі  кәсіпорындармен ұдайы әріптестік байланыстамыз. Бізде шығатын бұйымдарға пайдаланылатын өнімдердің 70-80 пайызы өз еліміздікі. Болмаған жағдайда ғана сырттан тасимыз. Жалпы өзімізден болғанын жақсы көреміз, — дейді олар.

Тап қазіргі таңда цехта 15-тей адам тұрақты жұмыс істейді. Жазға қарай, пластикалық терезелерге тапсырыс көбейген кезде кәсіпорында жұмыс істейтіндердің саны 25-ке дейін көбейеді екен.

Жұмысшы кәсібіне жастарды үйрететіндер де цехтың Теміржан Әбдікәрімов сынды байырғы шеберлері. Жастарды ағаш, темір бұйымдарын жасауға үйрететін белгілі тәлімгерлерімен бірге оларға цех ішінде бөлінген арнайы орын бар. Бұл жерден талапкерлердің қолынан шыққан бұйымдарды да көруге болады.

— Тәжімұратовтар үш ағайынды еді, екеуі өмірден өтті. Дүниеден озғанына он жыл болған Ілияс Тәжімұратовты жұртшылық жақсы біледі, атақты математик, профессор болған.  Балалары қалада тұрады. Осы істі қалған екі ағайынды жігіттің балалары болып бастадық. Қазір ең үлкеніміз Бауыржан, 50 жаста. Соның басшылығымен інілерімізді, балаларымызды да осы кәсіпке үйреттік. Негізінен жұмыс істейтін өзіміздің адамдар, сырттан қосылғандар да бар. Жұмысшыларға жалақы ай сайын уақытында төленеді, — дейді Нұрболат.

Шағын және орта бизнестің бір-біріне сүйеніп дамитынының мысалын біз осында көрдік. Қазір ауданда жеке шарбағында құс өсіріп, қоян шаруашылығын дамытуды қолға алып жатқандар көп. Соларға осы жұмыстарды жүргізу үшін тор, есік сияқты  темірден, ағаштан жасалған біраз бұйымдар қажет екен. Біз әңгімелеп отырған цех қазір осы жұмыстарға тапсырыс алып, жедел жүзеге асыруға кіріскен. Демек, кәсіпорын үшін жұмыс жеткілікті, оның көлемі ауылдың өзінде де артып отыр. Мұнымен байланысты кәсіпорынға пайда, табыс та болады деген сөз. Олар жүргізіп отырған кәсіпкерліктің табысы бұған дейін де жаман болмағаны тағы белгілі. Егер бұлай болмаса, КазГУ-ді бітірген матиматика пәнінің мұғалімі Бибігүл,  құрылысшы Бауыржан,  мектепте еңбек пәнінің тәлімгері болған Нұрболат кәсіпкерлікке келер ме еді?! Ісінен береке тауып отырған әулеттің әр мүшесі өздері бастаған кәсіпкерлік жолға риза.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button