Экономика

Бюджет қаржысы бұрмаланбауы тиіс

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының қызметі облыстағы қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Осы мақсатта тексеру комиссиясы бюджет қаражаттарын және мемлекеттік активтерді пайдаланудың тиімділігі бойынша бақылау іс-шараларын жүргізіп, жасалынған операциялар мен әрекеттердің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін және олардың бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікте дұрыс көрсетілуін тексереді. Сонымен қатар мемлекеттік, стратегиялық және салалық бағдарламалардың орындалуына бағалау жүргізеді.

2015 жылы 35 бақылау іс-шаралары 172 мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жүргізілді.

Тексерулер барысында 110,8 миллиард теңге бюджет қаражаты қамтылып, жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша бюджетке қайтарылуға және қалпына келтірілуге жататын 481,5 миллион теңге анықталып, оның 359,4 миллион теңгесі бюджетке қайтарылды және қалпына келтірілді.

Жүргізілген бақылау іс-шараларымен бюджетті орындау барысында бюджет жүйесінің барлық салаларында заңнамалардың толық орындалмайтындығы анықталып отыр.

Негізгі бұзушылықтар бюджеттік және салықтық, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамаларының талаптарын бұзудан туындайды.

Бұдан басқа мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың лауазымды тұлғалары бюджет қаражаттарының негізсіз пайдаланылуына жол берген.

Осыған орай, 2015 жылы еңбекақыны, іссапар шығындарын артық төлегені үшін, субсидиялау мен тамақтандыру бойынша негізсіз шығындар, аяқталмаған жұмыстардың төленуі, мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтар және тамақтандыруға арналған ата-аналар жарнасының жетіспеуі сияқты фактілері үшін тексеру нәтижелері бойынша 30 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі таңда 15 материал тергеу алды тексеруден өтуде, 7 материал бойынша келтірілген шығындардың өтелуіне байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды, қалған 8 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды, оның үшеуі бойынша шешім қабылданып, 3 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында әлеуметтік маңызы бар ауданаралық қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауды тексеру кезінде қарастырылған субсидиялар шегінен тыс қосымша 10,0 миллион теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғаны анықталды. Осыған орай, соттың шешімі бойынша артық жұмсалған қаражат толық көлемінде облыстық бюджетке қайтарылды.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасында қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын және елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу жұмысы аяқталмастан 6,7 миллион теңге толығымен аударылып жіберілген. Бұл қаражат облыстық бюджетке қайтарылды.

Алға ауданының жұмыспен қамту орталығы бойынша материал еңбекақыны және іссапар шығындарын артық төлеу фактілері бойынша қазіргі уақытта сотта қаралуда.

Бюджет қаражатын негізсіз пайдаланылу бойынша фактілердің басым бөлігі білім беру ұйымдарында орын алып отыр.

№39 орта мектепте бюджетке өтелуге жататын 78,3 миллион теңге сомасында 7 жұмыс істемейтін тұлғаға және нақты жұмыс істемеген күндері үшін 11 қызметкерге артық еңбекақының, сауықтыру жәрдемақысының, демалыс ақысының, іссапар шығындарының төленгендігі анықталды. Бұл материал бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралуда.

№5 Хромтау гимназиясында жүргізілген бақылаумен жалпы сомасы 4,3 миллион теңгеге еңбекақының артық төленуі бойынша және мекеме қызметкерлеріне үстемеақылардың, іссапар шығындарының негізсіз төленуі және тағы да басқа бұзушылықтардың жіберілгендігі анықталды. Облыстық прокуратура бұл фактіні қарап, жауапты лауазымдық тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қабылдау туралы облыстық білім басқармасына ұсыным жолдады.

В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінде толық аяқталмаған жұмыстар үшін мердігерге 1,2 миллион теңге көлемінде қаражат төленгендігі анықталып, бюджетке қайтарылды.

№1 Алға мектеп-бақшасында еңбекақы бойынша артық төлемдер анықталып, бұл материалдарды құқық қорғау органдарында қарау нәтижесінде мекеменің бас есепшісі сот шешімімен мүлкін тәркілей отырып, бес жылға бас бостандығынан айырылды және белгілі лауазымдарға тағайындалу немесе белгілі қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырылды.

Алға, Темір және Ойыл аудандарының 10 балабақшаларында тексеру жүргізу барысында 6,9 миллион теңгеге бюджет қаражаттарын және ата-аналар жарнасын өз мүдделеріне заңсыз пайдалану деректері анықталып, бұл қаражаттар толық көлемінде бюджетке қайтарылды. Барлық материалдар облыстық прокуратураға жолданып, нәтижесінде қылмыстық істер қозғалды, оның ішінде бір материал бойынша кәсіпорын есепшісі бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Темір аудандық Оқушылар үйінің есепшісі 669,5 мың теңге көлемінде қаражатты өз мүддесіне қолданғандығы анықталды. Бұл қаражат тексеру жүргізу барысында бюджетке қайтарылды. Бұл дерек бойынша Оқушылар үйінің есепшісі мүлкін тәркілей отырып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Есепшінің үш баласының болуына және келітірілген шығынды толық өтеуіне орай жазасын бес жылдан кейін өтейді.

Қарғалы ауданында кешенді тексеру жүргізу нәтижесі бойынша осы ауданның білім бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны үшін және Кемпірсай селолық округінің әкімі іссапар шығындарын артық төлегені үшін Ақтөбе облысының Тәртіптік кеңесінің шешімі бойынша қатаң сөгіс ретінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, тексеру комиссиясы әкімшілік жауапкершілікке тартылу қарастырылған заңнама бұзушылықтарын да анықтап отыр.

2015 жылы тексеру нәтижелері бойынша 65 лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 18,2 миллион теңгеге 131 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл айыппұлдар бюджет заңнамасынының, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік заңдарының бұзылуына орай салынды.

Бюджет заңнамасы бойынша екі лауазымды тұлғаға бюджеттік есеп жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік айыппұл салынды.

Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша лауазымды тұлғалар сатып алынатын тауарлардың, қызметтердің және жұмыстардың белгілі бір жеткізушіге жататындығын анықтайтын сипаттамаларын көрсеткені үшін, мемлекеттік сатып алуды заңнамада көрсетілмеген жағдайларда бір көзден сатып алу тәсілімен жасағаны үшін, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша бұзушылықтар жібергендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бухгалтерлік есеп бойынша әкімшілік айыппұлдар бухгалтерлік есепті жүргізуден бас тарту және қаржылық есептілікті дұрыс жүргізбегені үшін, бухгалтерлік есепте көрсетілуге тиісті ірі көлемде шығын келтірмейтін деректерді жасырғаны үшін салынды.

Сонымен қатар, тексеру комиссиясының заңды талаптарын және қаулысын орындамағандары үшін 3 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.

2015 жылы бюджеттік, салық, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамаларының талаптарын бұзғаны үшін тексеру комиссиясының ұсынымы бойынша 85 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды — бюджет қаржысы өз орнына жұмсалуы тиіс. Оның өз мақсатына жұмсалуы үшін ең алдымен мекеме басшысы жауап беретінін ұмытпаған жөн.

 Сағат ЕҢСЕГЕНҰЛЫ,

облыстық тексеру комиссиясының төрағасы.  

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button