Экономика

«Ырыстың» ырысы

Мемлекеттік бағдарлама

 

Биыл облыста «Ырыс» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 сүт-тауарлы ферма іске қосылады.

Қаржы бар, қызығушылық қажет

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы 1 ақпаннан бастап 4 бағдарлама бойынша, яғни «Ырыс», «Жұмыспен қамту — 2020», «Ауыл кәсіпкерлігі» және сүт қабылдау пункттері үшін халықтан, ауыл кәсіпкерлерінен құжат қабылдауды бастады. Солардың бірі — «Ырыс» бағдарламасына қатысып, қор арқылы несие алушыға қойылатын басты талап — сүт-тауарлы фермасын құру. «Биыл облыста «Ырыс» бағдарламасының ықпалымен 6 сүт-тауарлы ферма ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен осы жылға 360 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды», — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы несие бөлімінің басшысы Нұрлан Құсмағамбетов.

Қор арқылы «Ырыс» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерді қолдау 2014 жылдан басталды. 2014-2015 жылдары осы бағдарламаның ықпалымен облыста

7 сүт-тауарлы ферма ашылды. Қазір бұл фермалардың жұмысы сәтті жүзеге асырылып жатыр.  Биыл жоспар бойынша алты сүт-тауарлы ферма іске қосылады дегенмен, бұл істе ауыл тұрғындарының қызығушылығы зор болса, мұндай нысандардың санын көбейтуге қордың қаржылай мүмкіндігі жетеді, — дейді бөлім басшысы.

«Ырыс» бағдарламасы бойынша берілетін қаражат — қайтарымды. Бүгінде қор мамандары кәсіпкерлердің уақытылы қарызды қайтаруын қамтамасыз ету үшін де жұмыстанады. Ол үшін несие алушының өнімді өткізу нарығында проблема болмауына мүмкіндігінше жағдай жасайды.

Бұрын шағын шаруашылықтар өз өнімдерін  «Молочные истории» секілді ірі сүт-тауарлы фермаларға өткізетін еді. Қазір мұндай шаруашылықтар өнім өткізудің басқаша жолын үйренді, яғни мейрамхана, мектепке дейінгі мекемелер секілді өзге де нысандарға өнім өткізіп, ісін жүргізіп отыр. Бүгінде Хромтаудағы сүт өндіретін агрофирманың өзі осындай шағын фермалардың жұмысына едәуір ықпалын тигізуде, — дейді Н.Құсмағамбетов.

Жеті жыл және жеті пайыздық субсидия

Бүгінгі күнге дейін «Ырыс» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге 11 пайыздық үстеме сыйақымен 60 миллион теңгеге дейін несие берілді. Дегенмен үстеме сыйақының 7 пайызына мемлекет субсидия беріп, кәсіпкер бар болғаны алған қарызды  4 пайыз үстеме сыйақымен төледі. Несие мерзімі 7 жылға белгіленгенімен, оның алғашқы екі жылында кәсіпкерге демалыс берілетіні тағы бар.

Бұл бағдарламаға қатысқан адам несие қаражатына бірінші кезекте сүт бағытындағы сиыр мен фермаға қажетті техникалық қондырғылар алуы керек. «Ырыс» бағдарламасы бойынша қарыз алушылар субсидияның 4-5 түрін ала алады. Біріншісі — пайыздық ставка, екіншісі — инвестсубсидия, яғни несие қаражатына алған техникалық қондырғының бағасы  50 пайызға субсидияланады. Сондай-ақ, фермерге асылтұқымды бұқа алып, болмаса жасанды ұрықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін де мемлекеттен субсидия төленеді. Бүгінде бұл бағдарламамен несие алғандар әрбір сиыр, оның өнімі  үшін субсидия алуды үйренді. Ең басты талап — қарыз қаражатына 50 болмаса 100 сүт бағытындағы сиыр алынуы тиіс. Бұл жерде жылжитын немесе жылжымайтын мүлік  кепілдікке алынады, — деді бөлім басшысы.

Кәсіпкерлер кластер ашқысы келеді…

Қазір «Ырыстың» игілігін көру үшін Ақтөбе қаласына қарасты селолық округтер мен Алға, Мәртөк, Хромтау аудандарының тұрғындары қызығушылық танытып отыр. Ауыл кәсіпкерлері қор мамандарынан кеңес алып, бүгінде бірқатары құжаттарын жинауға кіріскен. Жаңадан сүт-тауарлы ферма ашуға ниет білдіргендердің қатарында Мәртөктегі «Қазен», Алғадағы «Қарамен» шаруа қожалықтары бар. Бүгінде бұл шаруашылықтардың әрқайсысы 50 сиыр алу үшін несие құжаттарын рәсімдеп жатыр.

Жақында Алға және Темір аудандарынан әлеуетті қарыз алушылар хабарласты. Кәсіпкерлер ауданнан сүт өндіру және өңдеу бағытында тұтас  кластер ашуды жоспарлап жүргендерін жеткізді. Қор мамандары кәсіпкерлерге бұл істе кеңес берді, — дейді Нұрлан Құсмағамбетов.

Бүгінде шаруашылық иелері үшін сүт қабылдау пункттерін ашуда да мемлекеттік қолдау бар. Мемлекеттік бағдарламаның бұл түрі биылдан бастап жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаны жүзеге асырудағы оператор — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры».   Кәсіпкерге 14 пайыздық үстеме сыйақымен 17 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Дегенмен пайыздық үстеме сыйақының тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Несие мерзімі — 5 жыл.  Несие қаражатына кәсіпкер тұтастай сүт қабылдау пунктіне қажетті қондырғы алуы керек. Бір ескерерлігі — алынған техникалар үшін 30 пайыз субсидия төленеді.

P.S. Қор тарапынан іске асырылып жатқан бағдарламалардың шарттары мен талаптарын ауыл тұрғындарына түсіндіру үшін мамандар бүгінгі күнге дейін 6 ауданда болыпты. Кәсіпкерлерге, қарапайым тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қор мамандары құжаттарды жергілікті жерден қабылдап, кеңес берген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button