Әлеумет

Жаңалықтар

Жүз жастағы Жұпар әже

Биыл 100 жасқа келген Жұпар Сатаева 1909 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында  дүниеге келген. Ақтөбеге келін болып түсіп, он баланың анасы, қырық шақты немере мен шөберенің әжесі болып отырған кейуана бүгінде кіші ұлы мен келінінің қолында тұрады.

Биылғы қарттар күнінде екі ғасырдың куәсі болған қария да елеусіз қалған жоқ. Ақтөбе қалалық әкімдігінің тапсырмасымен Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Нәйлә Бөртебаева бастаған топ Жұпар әженің үйіне барып, мерекесімен құттықтап, ақшалай сыйлық берді. Немере, шөберелеріне тәттілер үлестіріп, ғасырмен құрдас ақ шашты қарияның басына қалың ақ шәлі тақты. Қала әкімі Архимед Мұхамбетовтың тілегін жеткізген Нәйлә Бөртебаева осы күнге жетуімізге, бүгінгі бақытты шақта өмір сүруімізге Жұпар әжедей қарияларымыздың үлесі орасан екенін айтты.

Жүз жастағы Жұпар әже әлі де тың. Араб тіліндегі Құранды оқып, қазақшаға аударып, күні-түні еліне тыныштық тілейді, бес уақыт намазын да тастаған емес. Қолындағы келіні Гүлжанның айтуынша, енесінің ұзақ жасауының бір себебі- аузынан Алласын тастамағаны болса, екінші жағынан, асты талғап ішкенінің арқасы екен.

Енеміз барлық тағамның арасынан ағарғанды жақсы көреді. Тарысыз шәй ішпейді. Әлі де қасиетті Құранның беттерін парақтап, оқып отырады,- дейді келіні.

Мерекемен құттықтаушыларға риза болған кейуана ақ батасын жаудырды.

Құдайға шүкір, бақыттымын. Халық қамын ойлап отырған Елбасымыз бар, тыныш еліміз бар. Бала-шағам көз алдымда құлдыраңдап өсіп келеді. Армандарым да жоқ емес, әрине. Құдайдың берген жасын жасай беремін. Еліміз аман болсын. Біздей қарттарды естен шығармай, келіп құттықтап жатқан сіздерге Алланың нұры жаусын, – деді Жұпар әже.

Лаура ПАЛМАН.

Бүгін ауыз судың жаңа құбыры қосылады

Қала тұрғындары арасында қала бойынша бірнеше күн су болмайды екен деген сыбыс тарап кеткен болатын. Бірақ ол мүлдем олай болмай шықты.

Рас, бүгін қаланың Авиақалашық ауданында және Мәскеу ауданының Павлов көшесінің екі қапталындағы үйлерде су жоқ. Өйткені мұнда бір күндік жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– «Жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл Тамды су қоймасынан 3600 метрлік жаңа құбырлар жүргіздік, – дейді құрылыс жұмыстарымен айналысқан «Ақтөбе-Арнаулықұрылыс» ЖШС директоры Дмитрий Сербин. – Бұл су жолы Павлов көшесінің бойымен өтуде. Ал бүгінгі жұмысымыз дайын су құбырын қалалық желіге қосу ғана. Сондықтан қаланың екі ауданының тұрғындарына ғана тәуліктік қиындық туындап отыр. Бірақ біз бұл туралы алдын ала телеарналар арқылы хабарлаған болатынбыз. Жоспар бойынша 1 желтоқсанда тапсырылуы тиіс құбыр мерзімінен бұрын халық игілігіне берілмек.

Д.Сербиннің айтуынша, диаметрі 630 миллиметрлік жартылай этиленді құбыр өте сапалы көрінеді. Жылытқыштармен қаптауды қажет етпейді, коррозияға да төзімді. Бұған дейін де қала бойынша К.Нокин көшесінен бастап, 312 атқыштар дивизиясы көшесі бойымен жылу электр орталығына дейін 5,5 километр су жолы алмастырылған.

Бердібай КЕМАЛ.

Грамота, сыйлық және 4 жолдама

Мұғалімге қанша құрмет көрсетсең де аздық етпейді. Ал қазан айының алғашқы күндерін ұстаздар мерекесіне арнау дәстүрге айналды. Биылғы жылы қала мұғалімдеріне арналған салтанатты жиналыс жақында ғана ашылған Достық үйінде өтті. Бұл мерекеге бүгінгі ұстаздармен қатар білім беру ісінің ардагерлері, облыстық және қалалық әкімдік өкілдері қатысты.

Қаланың ұстаздар қауымын алдымен облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Әкімгерей Көшербаев құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Салтанатты жиында қала әкімі Архимед Мұхамбетов қала мектептерінің 20 мұғаліміне сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырды.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан зор үлесі үшін № 30 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Жұбаева Білім министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Білім және тәрбие берудегі табыстары үшін 8 мұғалім қалалық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал 4 ұстаз Қостанай облысындағы «Қарағайлы орман» санаторийіне жолдама алды.

Сонымен қатар, «Үздік лагерь басшысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған №53 мектеп жанындағы «Балауса» лагерінің басшысы Айбаршын Тілеқұловамен, Қызылжар орта мектебі жанындағы «Балдәурен» лагерінің басшысы Найман Қосымбетоваға сыйлықтар тапсырылды. Ал №5 мектептің «Ертегілер» және №40 мектептің «Нұрлы бақ» лагері ұжымы сыйлықтарға оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы жетістіктері үшін ие болды.

Салтанатты жиынның соңы қалалық мәдениет бөлімі дайындаған мерекелік концертке жалғасты.

Бердеш ҚАЙЫРОВ.

Сіз қызығатын ақпарат

Елімізде ҚР Статистика агенттігі статистикалық ақпаратты тұтынушыларды оқыту бойынша бағдарлама енгізген еді.

Жақында облыстық статистика департаменті осыған байланысты статистикалық ақпаратты тұтынушыларды оқыту бойынша семинар өткізді.

Семинар «Статистика Агенттігінің stat.kz және Ақтөбе облысы статистика департаментінің www.aktobe. stat.kz  порталы – статистикалық ақпарат көзі», «Ай сайынғы «Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы» ақпаратты-талдамалы журналының тұсаукесері», «ҚР Агенттігі және Ақтөбе облысы статистика департаментінің 2009 ж. жарияланған статистикалық материалдары» тәрізді негізгі тақырыптарды қамтыды.

Өз сөзінде департамент бастығы Әлия Боранбаева: «Бұрын басшылар мен экономистерге ғана қажет ақпарат бүгінгі күні біздің әрқайсымыздың үйімізге келіп кірді десек, артық айтпаймыз. Бүгінгі күні біз болашағы зор қоғамға айналдық және күнбе-күн ауа райы жаңалықтарын қалай тыңдасақ, статистика жаңалықтары да сондай қызығушылық туғызатын жағдайға жеттік. Өйткені біз өзіміздің қызметіміздің қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға тікелей байланысты екеніне толық сенімдіміз», – деді.

Семинар күні бойы тұтынушылардың екі тобына арналып өткізілді. Бірінші топта тұтынушылардың сұраныстары бойынша өнеркәсіп, баға, халықтың жұмысбастылығы мен еңбекақы, тұрмыс деңгейі мен демография тәрізді мәселелер толық талқыланды.

Екінші топта салалар бойынша кеңінен талқыланған тақырыптар: қоршаған ортаны қорғау, инвестиция мен құрылыс, көлік және туризм, қаржы мен демография.

Семинарға әр түрлі мемлекеттік органдардан 40-қа жуық өкіл қатысты. Семинар өте қызықты өтті. Барлық түрлі сауалдарға толық жауаптар берілді.

Семинарға қатысушылар осындай шараларды өткізіп отырған ұйымдастырушыларға үлкен ілтипатын білдірді. Сондай-ақ, олар семинарда талқыланған мәселелердің жұмыста маңызы зор екендігін атап өтті.

А.АСАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button