Білім

41 мектеп және 11 099 оқушы

«Қазақ тілі» пәнінің деңгейлік оқулықтары апробациядан өткізіліп жатыр

«Оқыту тілі қазақ тілді емес мектептердің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінің деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу барысы туралы». Ақтөбе қаласындағы №26 мектепте өткізілген өңірлік семинар осылай аталды.
Шараға Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қазақ тілі мен әдебиеті білім зертханасының меңгерушісі Қайыржан Рахымжанов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, оқулық авторы Жанат Дәулетбекова, «Study Inn» білім беру консалтингінің әдіскерлері, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары білім басқармаларының, әдістемелік кабинеттерінің өкілдері және 1-11-сыныптардың (эксперимент) қазақ тілі пәні мұғалімдері қатысты.
Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 26 тамыздағы бұйрығына сәйкес жаңа оқу жылынан бастап оқыту тілі қазақ тілді емес мектептерде «Қазақ тілі» пәнінен деңгейлік оқулықтар апробациядан өткізіліп жатыр. Біздің облыста Ақтөбе қаласындағы №26 және Қарғалы ауданындағы №1 Бадамша орта мектептері сынақтан өткізілуде.
— Жиынның мақсаты — жаңа оқулықтарды жан-жақты талдау. Қазір еліміз бойынша жалпы 41 мектепте (11 099 бала) бұл оқулықтар апробациядан өткізілуде.
Мұндай семинарлар еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылды. Жалпы жаңа оқулық мұғалімдердің де, ата-ананың да, оқушының да көңілінен шығуда. Келесі оқу жылынан бастап «Қазақ тілі» пәнінің деңгейлік оқулықтары оқыту тілі қазақ тілді емес мектептердің бәріне енгізіледі деп ойлаймын, — дейді Қайыржан Рахымжанов.
Екі күндік шарада Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қазақ тілі мен әдебиеті білім зертханасының меңгерушісі Қ.Рахымжановтың баяндамасы тыңдалып, оқулық авторы Ж.Дәулетбековамен бірге орыс сыныптарындағы қазақ тілін оқытудың тиімділігі туралы талқыланды. Сондай-ақ Ақтөбе облысы және Батыс Қазақстан облыстарындағы эксперименттік мектептердің мұғалімдері ашық сабақтар мен шебер-сыныптар жүргізді.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button