Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбеде медициналық кластердің алғашқы қадамдары жасалып жатыр

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Еліміздің батыс аймағындағы ірі медициналық кластер Ақтөбеде құрылатынынан көпшілік хабардар. Қазіргі күні осы мақсатта арнайы жобалар қолға алынып, алғашқы қадам жасалып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, бұл бірнеше бағыт бойынша дамиды.

 

Офтальмологиялық клиника салынады

Медициналық кластер құруға облыстың толық мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары салынған емдеу мекемелері мен сатып алынған заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар бұл жұмыстарды жүзеге асыруға септігін тигізсе, маман даярлауда да ешқандай кедергі жоқ. Қазірдің өзінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті батыс аймағы бойынша дәрігерлерді оқытып отыр. Ал облыс орталығындағы ауруханаларға өзге облыстан келіп ем алатын науқастар саны жыл сайын көбейе түсуде. Өткен жылдың өзінде басқа аймақтардан 1046 адам келіп ем алған.
Әсет Қалиевтың айтуынша, медициналық кластердің құрамына облыстық клиникалық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық перинаталды орталық және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне қарасты медициналық орталық пен «Дару» оңалту орталығы кіреді. Сондай-ақ жедел жәрдем ауруханасы да осы бағытта жұмыс істейді.
Медициналық кластердің бірінші бағыты офтальмология саласы бойынша дамиды. Өткен жылы осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Қаладағы №3 емхананың жанынан арнайы орталық ашылған.
— Қазір облыс тұрғындарының көпшілігі көз ауруы бойынша көрші Орынбор қаласына жиі барады. Ал біздің мақсатымыз — тұрғындарды өзге елге жібермей, өз облысымызда сапалы қызмет көрсету. Қазіргі күні осы мақсатта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Өткен аптада Орынбордағы Федоров атындағы көз микрохирургиясы орталығының басшысы, білікті дәрігер Владимир Канюков пен дәрігер Василий Шарбанов келді. Білікті дәрігерлер облыс әкімінің қабылдауында болды. Олар да бізбен бірлесе жұмыс жасауға ниетті. Келесі аптада орынборлық әріптестер біздің медициналық орталыққа келіп шеберлік кластарын өткізеді. Дәрігерлер өзара тәжірибе алмасады. Орынбордағы құрал-жабдықтар біздің ауруханаларда да бар. Бірақ оны тиімді пайдалану үшін әлі де кәсіби шеберлікті шыңдау керек. Жалпы офтальмологиядағы отаның сексен пайызы амбулторлы түрде жасалады, — дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ биыл мемлекет пен кәсіпкерлік серіктестігі негізінде алпыс кереуеттік офтальмологиялық клиниканың құрылысы басталмақ. Жер бөлініп, жоба дайын тұр. Алдағы екі-үш жылдықта орталық толық іске қосылады. Бұл саладағы жұмыстарға чехиялық кәсіпкерлер де өз үлесін қоспақ. Олар лазерлік емдеу әдісін енгізеді.

Балалар кардиохирургиясы дамиды

Медициналық кластердің екінші бағыты хирургия саласын қамтиды. Оның ішінде балалар кардиохирургиясы жанданады.
— Балалар кардиохирургиясының өз ерекшелігі бар. Мәселен, жаңа туған нәрестеден туабітті жүрек ақауы байқалса, бірден ота жасалуы керек. Ал бұндай ота балалар ауруханасының ішінде жасалуы тиіс. Сондықтан облыстық балалар ауруханасының ішінен балалар кардиохирургиясы бөлімшесі ашылды. Қазір дәрігерлер ота жасап жатыр. Жуырда Астана қаласындағы кардиохирургиялық орталықтан елімізге белгілі балалар кардиохирургі Дмитрий Горбунов келіп шеберлік класын өткізді. Жүрегінің төрт жағынан ақауы бар нәрестеге ота жасады,— дейді Әсет Қалиев.
Денсаулық сақтау басқармасы кардиохирургия бағыты бойынша алыс-жақын шетелдегі медициналық орталықтармен байланыс орнатқан. Мәселен, Ресейдің Түмен қаласындағы емдеу мекемесінде дәрігерлер біліктілігін арттырса, жуырда бір топ хирург балалар кардиохирургиясы бойынша Түркия еліне аттанады. Қажетті қаражатты түріктер көмек ретінде өз қалтасынан төлемек.

Кореямен байланыс нығаяды

Медициналық кластер аясында трансплантология бағытына назар аударылады. Қазірдің өзінде алғашқы қадам жасалып жатыр. Ақтөбелік дәрігерлер бүйректі өз бетінше ауыстыра алатын дәрежеге жетті. Жуырда кореялық хирургтермен бірлесе жасаған бауыр трансплантациясы да сәтті өтті. Ал ақпан айының 29-ы мен 3-ші наурыз аралығында Сеул ұлттық университетінен профессор Кванг Вунг Ли бастаған бір топ хирургтер келіп, тағы да шеберлік класын өткізеді, яғни тағы бір науқастың бауыры ауыстырылады. Осы уақыт аралығында халықаралық симпозиум өтеді. Шараға Ресей мен өзіміздің елдің дәрігерлері қатысады.
— Қазіргі уақытта облыс үшін мамандарды сырт елге жібергеннен олардың білікті дәрігерлерін шақыртқан тиімді. Өйткені шетелге екі-үш маманның өзін жіберу бюджетке үлкен салмақ түсіреді. Ал шақыртсақ, біз көп нәрсені үйренеміз. Бірінші кезекте сатып алған құрал-жабдықтардың мүмкіндігін байқаймыз. Мәселен, бауыр отасын жасаудың алдында профессор Кванг Ли келіп облыстық ауруханадағы жабдықтарды көзімен көріп кетті. Себебі екі ел дәрігерлерінің арасында сенім болуы керек. Оларды шақыртып алғанымызбен біздегі жағдай талапқа сай келмесе, олар әрі қарай жұмыс істеуге ниетті болмайды. Олар ақшаға мұқтаж адамдар емес. Мәселен, осы бағыт бойынша өткен жылы Сеул университетінің басшылығымен кездестім. Байқағаным, олар Ли сияқты профессорларын бір күнге де босатқысы жоқ. Өйткені Лидің арқасында ауруханаға күніге қыруар қаржы құйылып отыр. Тек өз елі емес, әлімнің түкпір-түкпірінен келіп ота жасататындар бар. Сондықтан біз кореялық әріптестерден көп нәрсені үйрену үшін алдымен технологиялық мүмкіндігімізді дайындауымыз керек. Ал қазір біз олардың талабынан шығып отырмыз, — дейді Әсет Қалиев. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы трансплантология саласы бойынша Оңтүстік Корея елінің Кангнам Северанс клиникасы және Сеул ұлттық университетімен бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр.

Донор тапшы

Сондай-ақ қазір трансплантологиядағы өзекті мәселе — донор тапшылығы. Көп жағдайда науқастарға туған-туыстары ғана көмек қолын созады.
— Осы мәселені шешу үшін қазір тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, жол апатынан көз жұмған азаматтың ми қызметі тоқтағанмен, жүрегі соғып тұрады. Осы кезде ол белгілі бір уақытқа дейін өмір сүреді. Сол уақытта туған-туыстары келісім берсе, азаматтың дене мүшелерін донорлыққа алуға болады. Бірақ көп жағдайда тұрғындар келісе бермейді. Мәселен, Белоруссияда донор қызметі мемлекет деңгейінде шешілген. Бұл елде егер адам апаттан көз жұмса, дәрігерлер оның туыстарының келісімінсіз дене мүшесін ала береді. Ал біздің дәрігерлер бұндай қадамға бара алмайды, — дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы ми функциясын жоятын аппарат сатып алыпты. Бұрын әртүрлі апаттан көз жұмған адамдардың дене мүшелері донорлыққа алынатын болса, ол Астана қаласына жіберіліп, сол жақта науқастарға салынатын еді, ал болашақта бұл жұмыстар өзіміздің қалада жүзеге асады.

Аурухана америкалық типке көшеді

Жоғары технологиялық медициналық жүйені дамыту мақсатында дамыған елдердің тәжірибесі кеңінен қолданылады. Осы ретте ақтөбелік хирургтер АҚШ- тың Сент-Луис университетімен де тығыз қарым-қатынас жасауды мақсат етіп отыр. Жуырда аталған университеттен ортопедиялық хирургия департаментінің профессоры Д.Кульджанов келмек. Травмотология, хирургия және ортопедияда үлкен тәжірибесі бар маман өз ұсыныстарын айтпақ.
— Қала күн сайын өсіп келеді. Әртүрлі апаттан зардап шегетіндер көп. Алдағы уақытта жедел көмек көрсету үшін жедел жәрдем ауруханасын америкалық типке көшіреміз. Өйткені қазір зардап шеккен азаматты тексеріп, ауруханаға жатқызу үшін ұзақ уақыт өтеді. Ал Америкада бұл бір ізге түскен. Науқас келген бойда ол бірден палатаға апарылады. Кереуеттің жанында қажетті медициналық жабдықтардың барлығы орнатылған. Дәрігер сол жерде тексеріп, сараптама жасай береді. Алдағы уақытта жедел жәрдем ауруханасы да осындай қызметке көшеді. Аурухананың жанынан көп жарақат алғандар үшін бөлім ашылады. Әрине, медицина саласында барлығын бір уақытта жасау мүмкін емес. Бұл біртіндеп жүзеге асырылатын шаруа, — дейді Әсет Әскерұлы.
Сондай-ақ жедел жәрдем бекетінің жұмысы өзгереді. Облыстық әкімдік пен түріктің «Hemoqens Health Care» компаниясы арасындағы келісімге сәйкес, бекет қызметі аталған компанияға сегіз жылға сенімді басқаруға беріледі. Жедел жәрдем қызметі Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталады, яғни халықаралық стандартқа сай жұмыс істейді. Әсет Әскерұлының айтуынша, хирургия бағыты бойынша инвазитті емес әдіспен, яғни науқасты жарақаттамай ота жасау әдісін кеңінен қолдануға күш салынады. Отаның сексен пайызын эндовидеотехнологияны пайдалану арқылы жасау қолға алынбақ.
Сондай-ақ медициналық кластер аясында облыстық перинаталдық орталық жанынан экстрокорпоральді ұрықтандыру орталығы ашылады. Қазіргі күні генетикалық зертхана жұмысы жарақталып жатыр. Қазірдің өзінде облыста бес жүзден аса ана осы әдіс арқылы сәби сүюді армандайды.
— Медициналық кластер аясында қолға алынатын жобаларды облыс әкімдігі қолдап отыр. Қазіргі күні медицинаның әр саласы, оның ішінде урология, ортопедия, балалар онкологиясы бойынша да қыруар шаруа жүзеге асады, — дейді Әсет Қалиев.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button