Басты жаңалықтарДенсаулық

Апасына бауырының жартысын берген Әділбек ауруханадан үйге шықты

Бауырлар

Апасына бауырының жартысын берген Әділбек ауруханадан үйге шықты

28 қаңтар күні батыс аймағы бойынша Ақтөбеде алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалған болатын. Облыстық клиникалық ауруханада Сеул ұлттық университетінен келген білікті мамандармен бірге ақтөбелік хирургтер 38 жастағы Алтынгүл Исмайлованың бауырын ауыстырған еді. Бұндай ауыр ота түрі өңірде бірінші рет жасалғандықтан науқас пен донордың денсаулығына алаңдаушылық білдіргендер көп болды. Тіпті редакцияға қоңырау шалғандар бар. Осы ретте біз Алтынгүл мен оған донор болған інісі Әділбек Куразовтың хал-жағдайын сұрап, облыстық ауруханаға бардық.

Ота. Үміт. Сенім

Дәрігерлер Алтынгүлді дүйсенбі күні жан сақтау бөлмесінен палатаға шығарыпты. Біз барғанда Алтынгүл басын көтеріп отыр екен. Өзін жақсы сезінетінін айтты. Алтынгүл бала кезінде сары аурудың ауыр түріне шалдығып, ұзақ уақыт емделеді. Кейін жанға батып ауырмағандықтан денсаулығына мән бермепті. Бүгінде бауыр дертіне шалдығуына осы сырқат себеп болды ма деп ойлайды. Өткен жылдың тамыз айында бауыры сыр бере бастайды. Дәрігерлер тексере келе бауыр циррозы деген диагноз қояды. Жедел жәрдем және облыстық ауруханаларға жатып ем алып көреді. Бірақ нәтиже болмайды. Денсаулығы күн өткен сайын нашарлай береді. Тамаққа тәбеті жойылып, кез келген иістен жүрегі айнып құсады. Дене терісі қарайып, әлсірей бастайды. Ауырсынуды басуға дәрі-дәрмектің де күші келмейді. Дәрігерлер бауыр күрделі өзгеріске ұшырап, цирроздың соңғы сатысына ауысқан кезде оны ауыстырмаса болмайтынын ескертеді. Алтынгүл осыдан кейін донор іздейді. Үлкен апасы бауырын бермек болғанымен, сәйкес келмейді.
— Алдағы өмірімді, тоғыз жастағы ұлымды ойлағанда жүрегім ауырды. Туған бауырларымды қиын жағдайға қалдырғым келмеді. Барлығының отбасы, бала-шағасы бар. Оларға «донор бол» деп айтуға жүрегім дауаламады. Бірақ осы шарасыз сәтте інім Әділбек ерлік танытты. Менің сұрауымсыз өзі донор болуға келісті. Уақыт өткізбей медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлердің талабын бұлжытпай орындады. Осыдан кейін үміт оты оянып, отаға дайындала бастадым. Дәрігерлер «ертең ота жасайды» деген күні түнімен көз ілмей шықтым. Алладан барлығының сәтті өтуін сұрадым. Әсіресе інімнің жағдайына қатты алаңдадым. Отбасын құрмаған, дені сау азаматтың алдағы өмірі қалай болады, ота қалай жасалар екен деп қатты қиналдым. Ота үстелінде жатқанда да Алладан бірінші інімнің тілеуін тіледім, — дейді Алтынгүл.
Екі бригаданың қатысуымен жасалған ота жеті сағатқа созылады, яғни Әділбекке үш, Алтынгүлге төрт сағат бойы ота жасалады.
— Бірақ қанша қорықсам да көңілімде бір үміт болды. Себебі бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бастаған хирургтер қайта-қайта келіп, менің жағдайымды біліп отырды. Ота әлемге белгілі кореялық хирургтың қатысуымен жасалатынын айтып, жүрегіме сенім ұялатты. Дәрігерлердің жылы сөзі көңіліме демеу болды.
Аллаға шүкір, қазір өзімді жақсы сезінемін. Денем ағарып, біртіндеп тамаққа да тәбетім ашыла бастады. Әрине, бұндай ота жасату оңай емес, оң жақ қабырға тұсым әлі ауырады. Дәрігерлер жиі келіп, жағдайымды біліп отырады, — деген Алтынгүл әуелі Алла, содан кейін білікті хирургтердің арқасында аман қалғанын, денсаулығын күні-түні қадағалап жүрген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке, хирургтер Ерлан Сұлтангереев пен Жанәділ Әлмырзаұлына алғысы шексіз екенін, олардың отбастарына амандық, дендеріне саулық тілейтінін айтып, ағынан жарылды.
Науқасты бақылауына алған хирург Жанәділ Әлмырзаұлы Алтынгүлдің денсаулығы қазір жақсы, қан құрамындағы билирубин мен холестерин мөлшері қалыпты екенін айтты.
— Ағзаның өзге мүшелеріне қарағанда бауырдың қалпына келуі тез. Ота сәтті өтіп, науқас өз денсаулығын күткен жағдайда бауыр тез оңалады. Бауырын алмастырған адам ең бірінші кезекте қатаң диета ұстауы тиіс. Майлы, ащы, тұзды және холестерині аз тағамдарды тұтынуы қажет. Біз Алтынгүлді тексере келген кезде оның С гепатитіне шалдығып, соңы бауыр циррозына ұшырағанын білдік. Цирроз дегеніміз — бауырдың іріп, жарамсыз болып қалуы. Ал С гепатиті көп жағдайда қан арқылы жұғады және жұғу жолы әртүрлі. Тіс емдеткеннен, денеге сурет салдырғаннан немесе өзге де жағдайларда жұғуы мүмкін. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамауы керек, — дейді хирург.
Дәрігердің айтуынша, Алтынгүл күн өткен сайын жақсарып келеді. Келесі аптада ауруханадан шығады. Осыдан кейін ол тұрақты түрде гепатологтың бақылауында болады.

«Апамның денсаулығын ойладым…»

Апасына донор болған Әділбек Куразов өткен аптада ауруханадан шығарылыпты. Қазір денсаулығы жақсы. Тіпті көлік те жүргізіп жүр.
Әділбек — үйінің кенжесі. Өзінен үлкен төрт апасы бар. Алтынгүл екеуінің шешелері бір. Апасы ауырып, соңғы күндері жағдайы нашарлай бастағанда Әділбек қатты қиналыпты.
— Ешкімнің кеңесінсіз, тіпті апамның да рұқсатынсыз көмектесуді ойладым. Себебі менен басқаларының барлығы отбасылы, кішкентай бөпелері бар. Бір апамның айы-күні жетіп отыр. Сондықтан осындай қиын кезеңде ештеңеге алаңдағаным жоқ, тек қана апамның денсаулығын ойладым. Менің бұл қадамыма үреймен қарағандар да болды, — дейді Әділбек.
Ота үстелінде жатқанда Әділбектің бойында айтарлықтай қорқыныш болмапты, тек қана Алладан апасының аяққа тұрып кетуін тілейді.
Әділбек қиын күндердің ұмытылып, бәрі жақсы болатынына сенеді.
— Отадан кейінгі күндер өте ауыр болды. Бірақ шыдауға тырыстым. Екі аптадан артық уақыт ауруханада жаттым. Қазір, шүкір, аздап оң жақ қабырғамның асты ауыратыны болмаса, жағдайым жақсы, — дейді ол.
Әділбек биыл 26 жасқа толады. Сәтін салса жазда отбасын құрмақ. Қазір болашақ жары Гүлден анасына қолғабыс етіп, Әділбектің денсаулығын күтіп жүр. Қиын кездерде Әділбектің әріптестері де қолдау білдіріпті. Қаладағы №6655 әскери бөлімінің қызметкерлері қаржылай көмек берсе, фельдшер Нұрлан Құттыбаев Әділбектің денсаулығын қадағалап отырады.
— Маған қолдау білдірген барлық азаматтарға алғысым шексіз. Әсіресе, облыстық денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне ризамын. Аурухананың іші мұнтаздай таза, дәрігерлердің көзқарасы ерекше. Барлығы бәйек болып жүр, — дейді ол.
Дәрігерлер Әділбекке денсаулығын күтіп жүрсе, жарты жылдан кейін бауыры қалыпқа келетінін айтыпты. Қазір ол уақытында дәрісін ішіп, өзіне салмақ салмауға тырысады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button