Басты жаңалықтарЭкономика

Науқан жақын, дайындық қалай?

Көктемгі егіс

Мұнайдың көлеңкесінде қалған кез

Біздің өңірдің байырғы тіршілігі — мал мен егіншілік саласы. Табысты да негізінен осы салалардан тауып келгені белгілі. Алайда кейін мұнай, металл сынды шикізат көзінің әлемдік бағасы өсіп, мол пайдаға кенеле бастаған кезде, бұл салаларды дамытуға самарқаулық пайда болды. Астық мұнайдың көлеңкесінде қалды. Кен байлығының молдығына сүйеніп, өңір ежелгі табысты салаларын әлсіретіп алды. Әсіресе, егіншілікті нашарлатты. Бір кездері астықтан мол өнім алып жүрген аудандар әр жыл сайын құр қол шығуды жиілетті. Тіпті «Ақтөбенің тың өлкесі» атанған Әйтеке би ауданының өзінде өнім бұрынғыдай болмады. Алға, Қобда, Темір сынды аудандар бір кездегі егіс алқаптарынан бітік өнім алған жылдарын ұмытты. Шығанақ Берсиев атамыз іргесін бекіткен ақ тарының отаны саналатын Ойыл ауданы тары егуді қойды. Жері құнарлы Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандарының өзі егіс салуды жыл сайын қысқартты. Бұл өңірлерде картоп, көкөніс, бау-бақша жақсы шығатын. Қазір бұл шаруалар божырады.
Облыста суармалы егіспен айналысатын шаруашылықтар қалып жарымады. Ал бір кездері бұл іспен шұғылданбайтын аудандар аймақта кемде-кем еді. Бір сөзбен айтқанда, басым көпшілік аудандарда егіншілік өз мәнін жойып, дәрменсіз салаға айналып барады. Бұған не себеп, неге бұлай десек, толып жатқан сылтаулар айтылады. Ауа райынан, жерден, Әлібекмоладағы, Қеңқияқтағы, Жаңажолдағы кен көздеріндегі жанып жатқан мұнайға ілеспе газдан көреді. Олай дейін десек, ауа райы жылда жаман ба? Қарап отырсақ, жайлы жылдар да аз болмаған сияқты. Жер құнарын жойды деп қалай айтамыз. Бұрынғы егіс салған жерлердің бір бөлігі көп жылдардан бері пайдаланылмай тың жатыр. Ал кен көздеріндегі мұнайға ілеспе газдың залалы туралы айтатын болсақ, кешегі кеңес кезінде газ далада жағылмады ма? Қайта, қазір ол бұқтырылып, бұрынғыдай ауаға тарамайтын болған жоқ па?

Аймақ басшысының талабы

Біздіңше, Ақтөбе аймағында егіншілікті дамытуға, одан жоғары өнім алып, табыс табуға барлық жағдай бар. Өзгерген ештеңе де жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алқалы жиындарда атап көрсеткеніндей, жалқаулық, самарқаулық қана етектен тартып жүрген. Егіншілікті, оның ішінде суармалы егісті тез арада қолға алуға байланысты облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бар. Облыс басшысының қойып отырған талабы жағдайды өзгертуге тиіс. Соның селбеуімен көктемгі егіске әзірлік мәселесі биыл ерте қолға алынды. Алдағы егістің жайы жыл басында әңгіме болып, көп жұмыстар тиянақталды. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы егіншілік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Диас Ерғалиевтің әңгімесіне қарағанда, алдағы көктемде егістің көлемі 40 мың гектарға ұлғаяды. Яғни өткен жылы облыс бойынша 503 мың гектарға егіс егілсе, биыл ол 553, 3 мың гектарға жеткізіледі. Егіс қандай дақылдардың есебінен өседі? Біріншіден, 10 мың гектар алқап дәнді дақыл егісіне қосылды. Екіншіден, майлы дақыл егісі 6 мың гектардай ұлғайғалы отыр. Кейінгі жылдары мал азығындық дақылдарға басымдылық беріліп жүр. Биыл да осы бағыт берік ұсталады. Алдағы көктемде 23 мың гектар мал азығындық дақыл егісінің өсуі — осының дәлелі. Мұнымен бірге, картоп, көкөніс, бау-бақша алқаптарының көлемі де өседі.
Облыс әкімінің қозғау салуымен барлық жерде суармалы егіс белсенді түрде қолға алынғалы отыр. Облыс бойынша өткен жылы 11 мың гектардан сәл артық суармалы жерлерге егіс егілсе, биыл 7 мың гектарға жуық суармалы жерлер игеріліп, айналымға қосылады. Сонда аймақта суармалы егістің көлемі 19 мың гектарға жуықтайды. Бұл — үлкен серпіліс. Маманның айтуынша, суармалы егіс негізінен барлық аудандарда болады. Соның ішінде Ақтөбе қаласы, Қарғалы, Мәртөк аудандарында суармалы алқаптардың ауқымы өзге өңірлерден басым болуға тиіс.
Әдеттегідей суармалы егіске картоп, көкөніс, бау-бақша егу көзделуде. Әрине, бұдан бөлек, сұлы сынды мал азығындық дақылдар егуге басымдылық беріледі. Биылғы тағы бір жаңалық — бірқатар аудандар ұзақ жылдардан кейін суармалы жерге тары егуді қолға алғалы отыр. Соның ішінде Ойыл, Ырғыз, Қарғалы аудандары суармалы тары егісіне оралады. Жалпы бұл аудандарда тары егісімен қай шаруашылықтар айналысатыны, олардың қандай көлемде егетіні қазір ақылдасып, шешілуде.

Егін бапқа шығады

Бұған дейін кейбір аудандарда аз-кем қырлық тары егіліп жүргені белгілі. Бірақ қуаңшылыққа ұрынды деген желеумен көп жерде өнім алынбады. Бұдан былай тары суармалы жерге егілетін болса, егістің шықпай қалуы болмауға тиіс.
Рас, негізінен қырлық егістің тағдырын агротехникалық шаралар шешеді. Халық айтатындай, егін баққа емес, бапқа шығады. Қазір сондай баптау шараларының бірі — аудандарда қар тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күнге облыс бойынша 86 мың гектардан астам алқапқа қар тоқтатылған. Қар тоқтатуды Мәртөк ауданы 30 мың гектарға , Әйтеке би — 20 мың, Хромтау 15 мың гектарға жеткізді. Алайда тап қазіргі сәтте Мәртөк, Қарғалы аудандарында қардың қалың түсуіне байланысты бұл жұмыстарды жалғастыруға егістікке техника шыға алмай жатыр. Мамандардың бізге берген ақпаратына қарағанда, кейбір жерлерде қардың қалыңдығы бір метрге дейін жетеді. Ауа райының күрт жылынып, қайтадан қатуына байланысты қардың бетінде мұз қабаты пайда болып, бұл егістік алқаптарда ылғалды жақсы ұстап тұруға жағдай жасауда. Осыған қарап мамандар биылғы көктемде алқаптарда ылғал мол сақталады деген сенімде.
Егістен қаншалықты өнім алынатыны бірінші кезекте тұқымның сапасына байланысты. Облыстағы тұқым шаруашылығының төзгісіз төмендігін күзде аймақ басшысының қатты сынға алғаны көпшіліктің есінде болу керек. Көп жағдайда төменгі сортты нашар тұқымдардың себіліп келгені айтылды. Қазір мамандар осы талап бойынша тұқым шаруашылығын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығымен айналысатын мамандарының айтуынша, биылғы көктемде облыстың дәнді дақыл егісіне 32,7 мың тонна тұқым керек. Қазіргі қолда бары — 31,7 мың тонна немесе 97,1 пайыз. Осыдан сапалық тексерілгені — 31,5 мың тонна немесе 99,3 пайыз. Қолда бар тұқым егу дәрежесіне толық жеткізген. Мамандардың сендіруінше, биыл тұқымның дәрежесі жоғары. Мәселен, 1 класты тұқым — 12 мың тонна, 2 класты тұқым — 7704 тонна, 3 класты тұқым — 7989 тонна. Қазір шаруашылықтарда сапасын жақсарту үшін тұқым алмастыру жұмыстары жүріп жатыр. Көктемгі егіске қажетті тұқымның жетпесі көрші Ресейден, еліміздің Қостанай, Шығыс Қазақстан сынды облыстарынан тасып жеткізілуде. Мәселен, Хромтау ауданының «Елім Табантал» ЖШС Ресейден 400 тонна жоғары сортты бидай тұқымын алды. Мәртөк ауданының «Ақбар» шаруа қожалығы Қостанай облысынан бидайдың жақсы сортын алуға шарт жасасқан. Облысішілік тұқым ауысып жатқан шаруашылықтар да аз емес. Облыс орталығындағы өсімдік майын шығаратын кәсіпорынның өкілі шаруашылықтарға Солтүстік Қазақстаннан 50 тонна майлы дақыл тұқымын жеткізіп бермек. Бұл жерде биылғы жылдан бастап субсидияның бұрынғыдай гектарға емес, жоғары сортты тұқымға төленетіні де елеулі ықпал етіп отыр.
Егін шаруашылығы бір күннің ісі емес, жыл бойы айналысатын науқандық шаруа. Оның негізі өткен күзде-ақ қаланды деуге болады. Былтыр 130 мың гектардай пар дайындалды, 56 мың гектар сүдігер жыртылды. Яғни бұл шаралар бойынша көздеген межелер орындалды.
Сөйтіп, күзгі жүргізілген жұмыстардың, көктемгі ылғалды ұстап қалудың арқасында мамандар биылғы жылы астықтан мол өнім алуға толық мүмкіндік бар деген сенімде.
Өткен жылы облыс бойынша дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 5,9 центнер өнім жиналғаны белгілі. Бұл — алдыңғы жылғыдан жоғары. 2014 жылы облыс дәнді дақыл егісінен гектарына 4,5 центнерден ғана өнім алды.
Егіншілікте қашанда агротехникалық іс-шараларды дұрыс жүргізген шаруашылықтар ұтады. Айталық, құрғақшылық болды деген өткен жылдың өзінде кейбір шаруашылықтар дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 12 центерден өнім алды. «АқжарАгро» ЖШС майлы дақылдар егісінің әр гектарынан 70 центнерден өнім жинады. Ал осы кезде агротехникалық шараларды ұмытқан көп шаруашылықтар 2-3 центнерден ғана өнім алумен шектелді. Мұндай шаруашылықтардың жұмысы — егін еккен есеп.
Әрине, егіншілікті дамытып отырған «Степное», «Алтынсарин», «Родники», «Щербаков», «ЕңбекАгро», «БұлақАгро», «Комсомол», «АқжарАгро» сынды шаруашылықтар да бар. Бұлардың шаруашылығы да, егіс алқабы да үлкен. Топырақтың құнарлылығын сақтап, тыңайтқышты жақсы пайдаланады.
Ауыл шаруашылығы министрі таяуда облысымызда іссапарда болған кезде фермерлер қауымының үлкен мәселесі шешілді. Егіншілікпен шұғылданатын облыстағы ірі шаруашылықтардың 40 пайызы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан алған несиесін төлеуде тұйыққа тіреліп тұрған. Облыс басшылығы, министрліктің араласуымен несиені төлеудің мерзімі ұзартылды. Шаруашылықтар алдағы көктемде науқандық жұмыстарды тиісінше жүргізуге мүмкіндік алды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button