Спорт

Спортшыларға арнайы стипендия төленді

Еркін күрес

Әзірге облысымызда биыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу лицензиясының жалғыз иегері — еркін күрес шебері Артас Санаа облыс әкімінің жоғарғы стипендиясын алатын болады.
Ақтөбе облысы денешынықтыру және спорт басқармасында күрестің үш түрі бойынша өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді. Тараз қаласында ұйымдастырылған ел чемпионатында облысымыздың еркін күрестен ерлер командасы ресми емес есеп бойынша II орынды иеленді. Артас Санаа чемпион атағына лайық екендігін дәлелдесе, Ғани Ізмағамбетов күміс, Юсуп Батырмырзаев қола жүлдегер атанды. Палуан қызымыз Айжан Исмағұлова финалға шығып, күмісті қанжығасына байлады.
— Мұндай табысты нәтижені соңғы жиырма жылда алғаш рет көріп отырмыз. Осының алдында Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Кубогы сарапқа салынған еді. Сол додадан кейін спортшыларымыз ел чемпионатына дайындалуға қызу кірісті. Оларға барлық жағдай жасалды: тамағына, жолына, тұратын жеріне қаржы бөлінді, қажетті спорттық киімдері сатып алынды, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов.
Оның мәлімдеуінше, облыс әкімінің шешіміне сәйкес 1 ақпаннан бастап бес олимпиадалық спорт түрі бойынша өз салмақ дәрежелерінен облысымыз құрамаларының нөмірі бірінші спортшыларына 30 мың мен 150 мың теңгенің арасында арнайы жалақы төленбекші. Жалақы мөлшерлері спортшылардың бұдан кейінгі ел чемпионаттарында қол жеткізген жетістіктеріне байланысты белгіленіп отырады.
— Көптеген атлеттердің жасы 18-ден асқаннан кейін үлкен спортпен қош айтысатыны белгілі. Әлбетте, олардың алдында таңдау тұрады: не ақша табуы керек, не спортта жетістіктерге жетуі қажет. Сондықтан болашағы бар спортшыларды ынталандыру шешімін қабылдадық, — дейді облысымыздың бас спортшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлеріне облыс әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі стипендиясы тағайындалды. Ал Артас Санаа 150 мың теңге алатын болады.
Еліміздің еркін күрес командасына Олимпиадалық ойындардың жалғыз лицензиясын алып берген Артас Тараздағы Қазақстан Республикасының чемпионатында да өзінің шеберлігін паш етті. Барлық қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, олардың ұпай алуына ешқандай мүмкіндік бермеді.
— Белдесулер өте ауыр өтті. Бірінші рет Қазақстанның чемпионы атандым. Чемпионатқа қатысудан бас тарта алмадым. Өйткені Лас-Вегасте олимпиада лицензиясын жеңіп алып, енді басқалардың тасасына тығылғаным әлсіздік болар еді, — дейді ағынан жарылған чемпион.
— Бұл — облысымыздың еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сыйы, — дейді Ескендірбек Маханов.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button