Әлеумет

Сүңгуір немесе сирек мамандықтың иесі тапқан бақыт

Қызмет  бабы бойынша жеке құраммен  танысу үшін  қабылдауға құтқарушыларды дербес шақырған едім. Алдымда отырған жігіт өзін Исмағұл Нұржановпын деп таныстырды. Ұзын бойлы, сырықтай, қайысқан қара жігіт бір қарағанда ебедейсіз көрінді. Бірақ суда құтқарушы болып жасағанына 12 жылдай болған. Сұрақ қойсақ сараңдау жауап береді. Сыр тарта отырып, судан құтқару қызметінің бүге-шігесін білетінін, жұмысының тігісін айырып, сарабдал ой түйетінін, салмақты шешім қабылдай алатынын аңғардым. Бұл біздің жұмыста ең керек тәсіл. Әйтпесе, суға кеткен адамды құтқарудың жоспарын құрып отыратын уақыт жоқ. Сондай-ақ, аттандап тұра ұмтылу, тұңғиықты бағамдай алмау өз басыңды қатерге тігу деген сөз. Мына жігіт болса, сабырлылығын бойына жиған, қайыстай бойы сым темірдей тартылып, сүңгіп кеткенде сұңғыла бойының  өзі су түбінен бір-ақ шығатындай таныла бастады.

Исмағұлдың туған жері – Ресейдің Астраханы. Атының  бас әрпінің «И» қосылып жазылуы да содан. Мамандығы да біздің облыстың көлеміне сия бермейтін кеме ісінің механигі. Әне бір жылы «Ақтөбежылуэнергия» мекемесіне келгенінде ондағылар теңізшіге  таңырқай қараған көрінеді. Керчьте Қара теңізде әскери  теңізші болып қызмет еткен Исмағұлдың механиктік мамандығы мұнда да  жарапты. Көп ұзамай тындырымды жігіт даңғарадай пәтердің кілтін осы  мекемеден алады.

Ақтөбедегі суда құтқару қызметі бөлімше болып ашылғанда мұнда не бары санаулы-ақ адам жұмыс істейтін. Бұрынғы суда құтқару  қоғамының базасы нығайып, бүгінде іргелі мекеме болып алды. Исмағұл оны былай есіне алады:

– Мен жұмысқа келген уақытта еңбекақым бес мың теңгеге сәл жететін. Жұмыс болса ертеден қара кешке дейін жалғасады. Өйткені адам саны аз, көбі шыдамай кетіп қалды. Мамандығым теңізші болғасын қайда барайын, қала бердім. Сүңгуір деген атағым тағы бар. Осымен отбасымды асырап, екі ұлымды өз алдына аяқтандырдым. Енді бір қызым бар. Өз жұмысымнан алған алғысым шексіз. Одан басқа не керек?

Бірінші дәрежелі старшина лауазымы бар жігіт, өз ісіне мақтана алады. Соның  жемісін жеп отырған Исмағұл енді алтын берсең де өз ісін тастамас деп ойлаймын. Оның үстіне, ол әңгімесінде бұрынғы жағдай мен қазіргі уақытын салыстырып, жаңадан келген әріптестеріне майын тамызып айтып отырады. Сондағы айтары: «Сіздер жақсы кезде жұмысқа келіп отырсыздар. Біздің тұсымызда қазіргідей құрал-саймандар болмады ғой. Тіпті резеңке қайық та жоқ еді. Бір үлкен қайық әрі тартсаң анаған, бері тартсаң мынаған жете бермейді. Бізден браконьерлер артық еді. Моторлы қайықты тек кинодан көретінбіз. Сонда біз мұндайды көрмей-ақ өтетін шығармыз деп ойлайтынбыз. Құтқарушыда «Конец Александрова» деп аталатын ұзын арқан болды. Оны суға кетіп бара жатқан адамға лақтыру үшін білектің күші қажет болатын. Меніңше, Александров деген біреудің сасқаннан лақтырғаннан кейін қалған атауы білем, сол арқан күні кешеге дейін пайдаланылып келді. «Құтқару шеңбері» де жалғыз еді. Оны бүкіл жағажайға қалай жеткізесің? «Сүңгуір киімі» тым ескі, жыртық болған соң сан мәрте жамалып желімделген, бір сүңгігеннен кейін адамның дәті бара бермейтіндей еді».

Исекеңнің жеке өзінің 5 адамды ажал аузынан арашалап қалғанын әріптестері жыр қылып айтады. Мұның тарихын өзінен сұрамай-ақ қойсаңыз да болады. Мұндайда ол «құтқардық қой» дейді де қояды. Қандай маң болмасын, терең судың тұңғиығы қап-қараңғы болады. Оған аяғыңа оралатын балдыр шөп пен ішкі үрейді қосыңыз. Қалды арқандағы бірнеше килограмм оттегі мен ауыр сүңгуір киімінің салмағы тағы бар. Үрей болатыны – адамды таба аласың ба, жоқ па, тапқанда суға кеткен адамды алып шығудың қиындығы. Ал, аяғың балдырға оралып қалса ше? Оттегі жете ме екен? Міне, осы және басқа да қорқыныш қай сүңгуірдің болса да ойында болары хақ. Қараңғыда қарсы алдында шашы жалбырап суға кеткен бейбақтың бейнесін бірінші көргенде түн ұйқысынан талай шошып оянғаны бар. Исмағұл биыл жиырма екідегі қызды судан аман алып шықты. Суға шомылып жатқан 3 қыздың бірі малту білгенімен «Земснаряд» деген үйірім өзіне еріксіз тартып ала қояды деп ойламаған. Аяқ-қолы құрысып, су тұңғиығына кеткен қыз бір тәуліктен кейін жан сақтау бөлімінде есін жиды. Сонда ғана екінші рет дүниеге келгендей болған.

Сүңгуірлердің еңбегін мекеме ғана елеп, зардап шеккендердің қайсыбірі ұмыта беретіні қалай? Жоқ, Исмағұл алғыс дәметпейді, бірақ, өмірін сақтап  қалған жанға жылы лебізін білдіру кімнің болса да парызы емес пе? Ал, мекеме ылғи да  сыйақы   беріп, Мақтау  қағазымен марапаттап жатады.

Исмағұлдың отрядында 6 адам бар. Бұл ұжымның құрамы бұрынғы штат санынан артық. 2 адам ауысыммен келіп тұрады.

– Бұрын кішкентай вагонда тұратын едік, – деп еске алады сүңгуір жігіт. – Сөздің шынын айтқанда, күздің суығында далада қалтырап, дірілдеп, пеш жағып әлек болатын едік. Енді олай емес, көп өзгеріс болды. Кадрлар тұрақтап, жұмыс істеуге құлшыныс артты. Әрқайсымызда бір-бір қайық. 8-ден 40-қа дейінгі ат күші бар екі катер, екі шапшаң қозғалатын, сағатына 80 км ұстайтын жүйткіген гидроцикл бар. Әрбір сүңгуірдің өзіне шақтап тігілген сүңгуір киімі, 4 баллон үрлеуіш компрессор және бар. Жағажайда екі қабатты зәулім ғимарат салынды. Ішінде душ орнатылып, асхана, жатақхана, мұздатқыш, телевизор, су жаңа жиһаз қойылды. Одан тыс тренажёр залы, футбол, волейбол алаңы бізге жұмысқа келушілерді қызықтырмай қоймайды.

…Исмағұл тағы да ауысымға бара жатыр. Ой жетегінде келеді. Алайда  «Дабыл» деген белгі жүректі селт еткізеді. Ойы: «Бүгін тыныш болса екен». Отрядының жігіттері бүгін қайта жиналып, басшыдан нұсқау алды. Көңілге демеуі – Ақтөбе ішкі істер басқармасының атты полиция жасағын шығарғаны болып тұр. Әйтпесе өткендегідей ішіп алған жігіттер мен қыздар айтқанды құлаққа ілмей ме  деген секем бар. Исмағұлдың бұдан 3-4 жыл бұрын арақ ішіп, жағада қаперсіз отырған ерлі-зайыптылардың баласы суға кетіп қалғаны оралды. Су түбінен баласын құтқарған жігітке ата-анасы аңтарылып, не айтарға сөз таппапты. Сүңгуірдің айтары біреу: «Абай болыңыз!».

Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ДЕРЕК

Суда құтқару ерікті қоғамын Крондштадтың теңізшілері 1866 жылы бастама көтеріп құрған. 1872 жылы қоғамның алғашқы жиналысы болып, кемеде суға кетуден құтқарудың Жарғысы қабылданған. 1918 жылы халық комиссарлар кеңесі КСРО суда құтқару қоғамының негізін жасаған. 1971 жылы қоғамға қаржы жергілікті бюджеттен төлене бастаған. Тәуелсіздік алғаннан соң, 1995 жылы республикалық суда құтқару қызметі болып қайта отау тікті. 1996 жылы «Ақтөбе облыстық мемлекеттік суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекеме болып іргесін нықтады. Аттестаттаудан өткен сүңгуірлердің үшеуіне III класс, төртеуіне маманданған деген атақ берілсе, 13 адам құтқарушы дәрежесін қорғап шықты. ІІІ класты құтқарушы атағын – 3, ІІ класты – 7, ал І класты – 13 адам иеленді.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Жаман емес!  Өте жақсы керемет! Ашық айтуға болар еді! Яғни интервью алғандай! Бұл жаңалықты теледидардан көрсетті ма екен? Міндетті түрде мұны көрсету керек! Негізінде өзіме сүңгуір ұнайды!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button