Басты жаңалықтарДенсаулық

2016 жылдың 28 қаңтары — Ақтөбе медицинасының тарихына жазылатын күн

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл — медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің берген бағасы. Профессордың айтуынша, медицинаның дамуы сол аймақтағы трансплантология саласының дамуымен байланысты. «Ақтөбеде трансплантология ісі бір жүйеге түсіп келеді, бұл осы аймақтың денсаулық сақтау саласының халықаралық деңгейге көтерілгендігінің айғағы», — деді Ж.Досқалиев.
… Ақтөбеде бейсенбі күні алғаш рет бауыр ауыстыру операциясы жүргізілген болатын. Ал кеше Оңтүстік Кореядан келген профессор Kwang Woong Leeдің, профессор Жақсылық Досқалиевтің қатысуымен арнайы брифинг өткізілді.
Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, облыстық аурухана басшысы Самат Данияров, Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер тобы және жергілікті медицина қызметкерлері қатысты.

2016 жылдың 28 қаңтары — Ақтөбенің ғана емес, Қазақстанның батыс өңірінің медицинасының тарихына жазылатын күн. Бұл күні трансплантологияның ең күрделі бағыты — бауыр ауыстыру операциясы жүргізілді. Жалпы, адам ағзасын ауыстырып салу тәжірибесі өңірде 2014 жылы басталған болатын. Ол жылы да профессор Жақсылық Досқалиевтің басшылығымен алғаш рет бүйрек ауыстыру отасы жүргізілген-ді. Былтыр жергілікті мамандар 7 бүйрек ауыстыру оталарын өз бетімен жасаған. Бұл да үлкен жетістік! Ж.Досқалиевтің айтуынша, болашақта бауыр ауыстыру оталарын да жергілікті мамандар өздері жасайтын болады.
— Бұл отаны жасау үшін ұзақ дайындық жүргізілді. Заманауи талаптарға сай облыстық аурухана салынды, мамандар Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Ұлттық университетінің госпиталінде білімдерін шыңдады, арнайы құрал-жабдықтар алынды. Осылайша тек Ақтөбе өңірінде ғана емес, тұтас батыс өңірінде адамның ағзасын ауыстыру сынды күрделі оталар жасауға қол жеткіздік. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы саясатының нәтижесі. Енді көршілес өңірлердің тұрғындары да қажет жағдайда Ақтөбеге келетін болады, — деді Жақсылық Досқалиев.
Ж.Досқалиевтің айтуынша, профессор Kwang Woong Lee әлемдегі кәсіби деңгейі өте жоғары хирургтердің бірі — бауыр трансплантологиясын жүргізетін әлемдегі ең мықты үштіктің қатарындағы маман. Kwang Woong Lee Ақтөбеге профессор Jeong Cheol Woo, анестезиолог Choi Young, медбике Shin Yuheeлерді де ертіп келген.
— Ақтөбе облысында осындай күрделі отаны жасау жөнінде Жақсылық Досқалиев бастама көтеріп, хабарласқан болатын. Бір жарым ай бұрын осында келіп, аурухананың, мамандардың дайындығын қарадық. Барлығы да көңілімнен шықты, бірігіп күрделі ота жасадық. Жалпы аз күндік жұмыс барысында өз елімде, өз достарымның, әріптестерімнің ортасында жүргендей сезіндім. Себебі мұнда да өз ісін жақсы білетін, жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Жалпы, Ақтөбе облысы үшін адам ағзасын ауыстыру хирургиясының алғашқы кезеңі басталды деп есептеймін. Бұл үшін облыс тұрғындарын түгел құттықтауға болады, — деді Kwang Woong Lee.
Мамандардың айтуынша, алғашқы ота 7 сағатқа созылған. Қазір науқастың да, донордың да жағдайлары қалыпты. Ешқандай асқыну болған жоқ. Kwang Woong Leeдің айтуынша, науқастың толық айығуы үшін отбасының қолдауы аса қажет.
— 38 жастағы әйел адамға туған інісі өз бауырын берді. Алғашқы зерттеулер барысында інісінің бауырының майлы гепатозы анықталды, ол үшін оған арықтау қажет болды. Әйтпесе, донор бола алмайтын еді. Інісі диета ұстап, бауыры үшін екі аптаның ішінде бес келі артық салмақ тастады. Бұл шын мәнінде үлкен ерлік, — деді сеулдік профессор.
Дәрігердің айтуынша, бауырына ота жасатқан ақтөбелік әйел мен оның бауыры үш аптадан кейін үйлеріне шығарылуы мүмкін. Әдетте донор болған адам 1 аптаның ішінде өз аяғынан тұрады. «Ақтөбеде алғаш жасалғандықтан, біз 1 апта емес, 10 күннен кейін босатуды жөн көріп отырмыз. Егер отадан кейін дәрігерлердің айтқандарының барлығын орындап, дәрі-дәрмекті уақытылы ішсе, науқас адам 20-30 жылдан астам өмір сүреді. Бауыры бауырының оң жақ бөлігінің 70 пайызын берді. Алты айдың ішінде бауыр өсіп, өз қалпына келеді», — дейді ол.
Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев профессорлар Жақсылық Досқалиев пен Kwang Woong Leeге облыс әкімі атынан Алғыс хат табыс етті. Оның айтуынша, бірер айдан кейін Сеул ұлттық университеті басшылығы Ақтөбеге тағы келетін болады. Сол сапарда аталған университет пен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылмақ. Құжат бойынша жергілікті студенттер мен дәрігерлер сол жақта білімдерін, біліктіліктерін шыңдайтын болады.
Оңтүстік Кореяда жылына 1400 ота жасалады

Брифингтен соң профессорлар Жақсылық Досқалиевпен және Kwang Woong Lee мырзамен пікірлесіп, жалпы әлемдегі, соның ішінде Оңтүстік Кореядағы трансплантология саласының дамуы, еліміздегі аталған саланың болашағы жөнінде пікірлескен едік.

Оңтүстік Кореяда жылына 1400 адамға ағза ауыстыру опарациясы жүргізіледі екен. Профессор Kwang Woong Leeдің айтуынша, адам басына шаққанда бұл — әлем бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
— Қазақстан тұрғындары дін мәселесіне үлкен мән береді. Сондықтан шығар, адам ағзасын донор ретінде беруге, қайтыс болған адамның ағзаларын беруге әлде де болса, үлкен қорқынышпен қарайды. Оңтүстік Кореяда да кезінде сондай болған. Соңғы бес жылда адамдардың туыстарына донор ретінде өз ағзаларын беру фактілері көбейді. Бұл — қоғам түсінді деген сөз. Қазақстан тұрғындары да болашақта түсінеді ғой деп ойлаймын. Оңтүстік Кореяда донорлық база жасау жұмыстары жүйеленді. Қазір бізде қайтыс болған адамдардың ағзалары келісім бойынша алынып, базаға тіркеледі. Оны реттейтін арнайы комитет жұмыс істейді. Осыдан бес жыл бұрын мемлекет ағза ауыстыруға мұқтаж адамдарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету жөнінде шешім шығарды. Қазір біздің тұрғындар ағза ауыстыру оталарының 20 пайызын ғана өз қалталарынан төлейді, қалған 80 пайызын мемлекет өз мойнына алып отыр. Мәселен, бір ота 100 мың доллар тұрса, соның 80 мың долларын мемлекет төлейді.
— Ақтөбе облысында бұл саланың дамуы үшін тағы не керек?
— Ақтөбеде ағза ауыстыру хирургиясының алғашқы кезеңі басталды. Мамандардың біліктілігін арттыру қажет, ол үшін біздің университет ақтөбелік медициналық оқу орнымен арнайы меморандумға қол қоймақшы. Меніңше, алдағы уақытта жергілікті мамандар мұндай күрделі отаны өздері-ақ жасайтын болады.

Бір адам 5 адамның өмірін сақтап қала алады

Жақсылық Досқалиев бауыр — циррозында бауыр клеткаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізген дәрігер. Сондықтан осындай аса білікті маманның шеберханасынан өту — жергілікті дәрігерлер үшін үлкен олжа.

— Енді 2-3 рет осындай күрделі отаға қатысамыз. Содан кейін жергілікті мамандар өздері жүргізе береді. 2014 жылы Ақтөбеде алғаш рет бүйрек ауыстыру отасына да қатыстым, қазір ақтөбелік мамандар оны да өздері жүргізе береді. Ақтөбелік мамандардың деңгейі өте жоғары. Жалпы, бауыр және бүйрек ауыстыру оталары екі түрлі. Бауыр операцияларын жүргізу өте күрделі, алайда бөтен ағзаның науқастың ағзасына үйреніп, оның жазылып кетуі жеңілірек жүреді. Ал, керісінше, бүйрек отасын жасау жеңілірек те, оның адам ағзасына үйренуі қиындау.
— Ота кезінде науқас адам бауырсыз қанша уақыт жатты?
— Ауру бауырды алып, донорлық бауырды салу арасында 20-30 минуттай уақыт өтті. Қазір жағдайы қалыпты.
— Жалпы, бауыр ауыстырған әйел адамдар кейін ана бола ала ма?
— Осы уақытқа дейін біраз әйел адамның бауырын ауыстыру отасын жүргіздік. Соның ішінде екі әйел сәби көтеріп, соның біреуі ана атанды. Қазір анасының да, баласының да жағдайлары жақсы.
— Елімізде осындай күрделі ота жасайтын қанша аурухана бар?
— 10 клиника жұмыс істейді, оның төртеуінде ғана бауыр ауыстыру оталары жүргізіледі. Ақтөбедегісі бесінші трансплантологиялық орталық болып отыр.
— Бауырына ота жасалған науқастардың барлығы дерлік аяғынан тұрып кете ме?
— Ешқандай медицина адамның толықтай сауығып кетуіне 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Бұл салада да сондай: науқастардың 90 пайызы жақсы болып кетеді, 10 пайызында әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Әлемдік медицинада да жағдай осындай.
— Қазір елімізде донорға мұқтаж қанша адам бар?
— Статистика бойынша, бүйрек ауыстыруға шамамен 2700, бауыр ауыстыруға — 2300, жүрек ауыстыруға — 1000, талақ ауыстыруға 700 шақты адам кезекте тұр. Өткен жылы 47 адамға бауыр ауыстыру отасы жүргізілді. 19 адамның жүрегі, 135 адамның бүйрегі ауыстырылды. Ол үшін науқастардың туыстарының және қайтыс болған адамдардың ағзалары пайдаланылды.
— Қайтыс болған адамдардың ағзаларын алу үшін туыстарының рұқсаты міндетті ме?
— Егер тірі кезінде адам: «Қайтыс болғаннан кейін менің ағзаларымды донор ретінде алуға келісемін» деген мазмұнда қолхат жазып берсе, онда туыстарының қарсылығы заңсыз болады. Ал егер қолхат жазбаса, туыстарының келісімімен ғана аламыз. Меніңше, бұл мәселеге қоғамның еті енді-енді үйреніп келе жатыр. Қайтыс болған адамның ағзасын алуға ешқандай дінде қарсылық жоқ. Шын мәнінде адам қайтыс болғаннан кейін оған дене мүшелерінің, ағзаларының ешқандай қажеті жоқ. Марқұмды жердің астына көміп тастаймыз, уақыт өте келе сүйегі ғана қалады. Сондықтан Алланың жазуымен дүниеден өткен адам басқа адамдардың өмір сүруіне сәл де болса көмегін тигізе алатын болса, неге ағзаларын бермеске? Алдыңғы жылы астаналық Игор Воротников деген жігіт қайтыс болған анасының ішкі органдарын басқа адамның өмірін сақтап қалу үшін беруге келісті. Ол — үлгі боларлық іс. Бүгінде ол жігіт Астанада қызмет етіп жатыр. Қазір дамыған елдердің барлығында бұл бір ізге түскен, ол елдерде адамдар қайтыс болғаннан кейін донор болуға келіскенін білдіріп, қолхат жазып қояды. Қазір қоғам үйреніп келе жатыр, оған статистика куә — 2013 жылы 1 адам қайтыс болған туысының ағзаларын алуға келісті, 2014 жылы — 7 адамның, өткен жылы 23 адамның ағзасы алынды.
— Сіз де қолхат жаздыңыз ба?
— Әрине. Жазып қойдым. Ешкім 100 жасқа дейін өмір сүретініне кепілдік бере алмайды. Адам бүгін өліп қалуы мүмкін. Сондықтан мен қолхат жазып қойдым. Бір адам ең кемі бес адамның өмірін сақтап қала алады. Яғни біреуге бүйрегін, екіншісіне бауырын, үшінші адамға жүрегін, төртіншіге өкпесін, бесінші адамға талағын бере алады. Дамыған елдің тұрғындары мұның қаншалықты екенін жақсы түсінеді, ол елдерде бұл тәжірибе жақсы дамыған. Сондықтан біз де дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келсе, осындай жүйеге көшуіміз керек. Меніңше, қазір біз трансплантология саласы дамуының бастапқы кезеңінде тұрмыз, алдағы 5-6 жылда қарқынды дамиды деп ойлаймын.
— Адам қанша жасқа дейін донор бола алады?
— 65 жасқа дейін.
— Қазір бізде донорлық база бар ма? Жалпы, қайтыс болған адамнан алынатын ағзаны қанша сағат сақтауға болады?
— База жасақталып жатыр. Қолхат берген адамдардың тізімі жасақталып, тіркеледі және арнайы тексеруден өткізіледі. Адамның миы тоқтағаннан кейін ол қайтыс болды деп есептелінеді. Осы кезде ішкі ағзаларын алуға шешім қабылданады. Қазір Астанадағы трансплантологиялық орталықта арнайы аппараттар бар, сол аппаратта жүректі — 12 сағат, бүйректі — 24 сағат, бауырды 18 сағатқа дейін сақтауға болады. Балалар донорлығы да үлкен мәселе. Балалар аман болсын, алайда балалардың бауыры ауырған кезде ересек туыстарының бауырының бір бөлшегін салу тәжірибесі бар. Ал қайтыс болған баланың ағзаларын алу әзірге тіркелген жоқ. Жалпы, орталықта аптасына екі рет — дүйсенбі және бейсенбі күндері ағза ауыстыру оталары жүргізіледі. Бүгінде мұндай оталарды түгелдей мемлекет қаржыландырады.
— Жақында Қытайда бас ауыстыру жөнінде жануарларға эксперимент жасалды…
— Қазір медицинаның даму қарқыны ерекше. Ақтөбеде ағза ауыстыру орталығы ашылады деген сөз кезінде ертегідей көрінді, сол секілді, болашақта бұл эксперимент адамдарға да қолданылып, медицинаның жаңа бағыты ретінде дамыса, таңғалуға болмайды.
— Жалпы, бауыр неден ауырады?
— Ең алдымен, адамның өз денсаулығына жауапсыз қарағандығынан. Ащы, майлы, тұзды тағамдарды шектен тыс жегеннен. Бауыр — адам ағзасының сүзгісі, егер адам әлгіндей ауыр тағамдарды шектен тыс жесе, бауырға үлкен салмақ түседі. Әркім өзін-өзі күте білуі керек. Сондай-ақ, С,В гепатиттерінің де ауыр салдары болы мүмкін. Микроорганизмдердің де өз эволюциясы болады, қазіргі уақытта Д, яғни дельта вирус деген жаңа вирус шықты, ол да бауырды ауыртады. Сондықтан әр адам барынша денсаулығын күтіп жүруі керек.
— Ағза ауыстыру адамдардың ішкі ағзаларын сатуына әкеліп соқтырмай ма?
— Заң бойынша адамның ағзасын сатуға, сатып алуға тыйым салынған. Енді оған адам ағзасын сатуға, сатып алу жөнінде жарнама жасауға тыйым салынатыны туралы толықтыру енгізілді.
— Сіздің ұсынысыңызбен бе?
— Менің ұсынысыммен.
— «Менің туысыма, маған Жақсылық Досқалиев ота жасаса екен» деген адамдардың өтініштерін үнемі орындайсыз ба?
— Орындаймын.
— Өмірлік принципіңіз?
— Адамдарға көмектесу.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Жақсылық, қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың бауыры. Білімін, тәжірибесін адам үшін сарп етіп жүрген жоғары дәрежелі маман. Құдай ол кісіге қуат бергей. Бәледен, жаладан аман сақтағай, деп тілеймін.

  2. Жақсылық, қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың бауыры. Білімін, тәжірибесін адам үшін сарп етіп жүрген жоғары дәрежелі маман. Құдай ол кісіге қуат бергей. Бәледен, жаладан аман сақтағай, деп тілеймін.тел 87014904506

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button