СпортТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Жалғасы бар жарыстар

Бейсенбі күні Алға ауданында облыстық деңгейдегі бірнеше жарыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған спорттық шараларға қатысушылар көп болды.
Алға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мұрындық болуымен Тамды ауылында өткізілген қысқы спартакиаданың биатлон спорты бойынша жарысы осымен екінші рет қолға алынған. Оған қатысуға биыл да әртүрлі жастағы қыз-жігіттер сұраныс білдіріпті. Тамды орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Мұрат Мұқанбетқалиевтың айтуынша, 5 ауылдық округтен ұзын саны 80-ге жуық спортшы бақ пен бабын сынауға арнайы келген. Мұндағы мақсат — қысқы спорт түрлерін дамытып, жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Тамды ауылдық округінің әкімі Амандық Еспағамбет Елбасы өзі бұқаралық спортты қолдау керектігін ұдайы айтатынын, дені сау ұрпақ мемлекеттің басты байлығы екенін тілге тиек етіп, жас биатлоншылардың көптігіне ризашылығын білдірді, оларға сайыста сәттілік тіледі.
— Осындай шараға екінші рет қатысып тұрмын. Жалпы, қысқы спорт түрлерімен айналысқаныма төрт жыл болды, — дейді жарысқа қатысушы Әділет Төлеу.
Доданың қорытындысы бойынша ер мен әйел адамдар арасында әртүрлі салмақта Р.Жақсылық, А.Аманжолов, А.Аймұратов, А.Жаманбаев, Ж.Әйтімов, А.Рахымжанова, Д.Сисенбай, А.Донова, Р.Біржанова, С.Зайнуллина, С.Қайырғалиевалар жеңімаз атанды. Оларға және жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, бұл күні аудан орталығында спорт ардагері, бокстан жастар арасында Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Александр Лыпенконың жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық турнирінің ашылу рәсімі өткізілді. Есет батыр атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Мавр Абдуллин:
— Дәстүрге айналған ашық чемпионаттың балаларға берері мол. Біз де өз тарапымыздан осы сайыстың деңгейін көтеруіміз керек. Келесі жылы мұны республика көлемінде өткізсек, жақсы болар еді. Сол мақсатта жұмыстар атқарылуы тиіс. Өйткені мықты денсаулық кепілі — спортпен шұғылдану. Соны енді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет, — деді.
Үш күнге созылатын былғары қолғап шеберлерінің сыны 15 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр, оған облыстың түкпір-түкпірінен 140 ер бала келіп отыр.
Айта кетейік, Алға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Наурызовтың сөзінше, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған осындай жарыстар мұнымен аяқталмақ емес. Қыс мезгілі аяқталғанша шаңғыдан, басқа да қысқы спорт түрлерінен облыстық деңгейдегі сайыстарды өткізу жоспарланған. Өйткені шымыр болғысы келетін жастардың қарасы қалың.

Айбек СЕРІКҰЛЫ,
Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button