Спорт

Артас жолдамасын растады

Бәрекелді!

Жақында Таразда еркін күрестен өткен ҚР чемпионатында 57 келі салмақта ақтөбелік палуан Артас Санаа чемпион атанды.
— Негізі Артас былтыр Лас-Вегаста өткен лицензиялық Әлем чемпионатында осы жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына баруға бірінші және жалғыз жолдаманы алып қойған болатын. Қай кезде де жолдама төңірегінде әңгіме, талас көп болады. Сондықтан да Артас биыл ел чемпионатына қатысып, өзінің жеңімпаз палуан екенін дәлелдеп, Олимпиадаға қатысуға алдын ала ие болған жолдамасын растады. Еркін күрестен облыста көптен бері мұндай нәтиже болмай жүр еді. Енді Артастың жарақат алмай, алдағы Олимпиададан жеңіспен оралуын тілейміз. Жақында бір кездесуде біз облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан облыста еркін күрестен федерация ашқымыз келетінін айтып, соған көмектесуін сұрадық. Ол біздің бастамамызды құптап, оң ықпал ететінін айтты, — дейді №4 облыстық мамандандырылған балалар және жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің директоры Болат Еңсепбаев.
Жиырма беске биыл толатын Артас Санаа бұған дейін де бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды. Еркін күрес бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Артас өзі жұмыс істейтін №4 облыстық мамандандырылған балалар және жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінде жаттығады.
Артастан басқа тағы екі ақтөбелік Тараздан жүлдемен оралды. Ғани Ізмағамбетов 97 келі салмақта белдескен қарсыластарын жеңіп, тек финалда шымкенттік палуанға есе жіберіп, ІІ орынға ие болды. Ғаниды ағайынды Дархан мен Шоқан Ділмағанбетовтер жаттықтырады.
Әлі жиырмаға да тола қоймаған Жүсіп Батырмырзаев 125 келі салмақтағы палуандармен күресті, бұл жолы қола жүлде тағып қайтты. Артас пен Жүсіп — жаттықтырушы Еркін Ізбасаровтың шәкірттері.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button