Спорт

Балғындар биіктен көрінді

«Жастар» облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері биылғы жылды табысты бастады.
Аталған спорт мектебінің жас палуандары қаңтар айының басында Ресейде өткен самбо турнирлерінен жүлделі оралды. Татарстан елінің бас шаһары — Қазанда өткен балғын самбошылардың турнирі «Рождество-2016» деп аталса, Тольятти қаласында өткен дода «Аяз атаның сыйлығы үшін» турнирі деп аталған еді. Бұл турнирлер 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында өткізілді.
Аталған бәсекелерден «Жастар» облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері мол жүлдемен оралды. Қазан қаласында өткен жарыста балғын самбошымыз Қылышбек Ниязбеков 1-орынды иеленіп қана қоймай, «Ең үздік техникасы үшін» берілетін сыйлықтың иегері атанды. Мұндай сыйлықты 2-орынның иегері Андрей Чан да алды. Ал Алдияр Күнболсын мен Темірлан Қамзин жүлделі 3-орыннан көрінді.
Тольятти қаласында «Аяз атаның» сыйлығы үшін ұйымдастырылған самбо күресі турнирінде кішкентай самбошыларымыз Әлішер Мұрат, Миржан Нағашыбай және Бауыржан Сәрсенов 3-орынға көтерілді.
Бұл ретте аталған балғын палуандарды жеңіске жетелеп, тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп жүрген бапкерлер М.Раев, М.Құсайынов, С.Ахетов және О.Жолмағамбетовтың еңбектерін атап өткен жөн.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button