Басты жаңалықтарЭкономика

Кәсіпкерлікті қолдау — экономиканы дамыту тетігі

Бүгінгі күні ел экономикасының ілгері дамуы тікелей кәсіпкерлікпен байланысты екендігі жиі айтылып жүр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жыл қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісінде де осы жай әңгіме өзегіне айналды.
Жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең алдымен, Елбасымыз атап көрсеткендей, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне тоқталып, сонымен бірге осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге кең көлемде қолдау жасалып келгендігін, ал экономикалық дағдарыс салдары білініп тұрған қазіргідей сәтте олардың қайтарымы болуы тиістігін алға тартты.
— Экономикалық дағдарыс кезінде, халықты жұмыспен қамтуда, олардың жағдайын жақсартуда сіздердің алатын орындарыңыз бөлек.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған заңдар, маңызды құжаттар, бағдарламалар қабылдануда. Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған болатын. Осы уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылды.
Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде. Кәсіпкерлер де өздерінің еңбектерімен экономиканы көтеруге үлес қосуда. Біздің өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерді қолдау бағытында 15 кәсіпкерлікті дамыту орталығы, 12 бизнес мектебі, бір инвесторларды дамытатын, оқытатын орталық бар. Өтіп бара жатқан жылда ғана кәсіпкерлікті дамытуға бізде 9,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде бұрынғы он екі мыңдай жұмыс орны сақталып, алты мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Келесі жылы біздің кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетудің жаңа бағыттары белгіленіп отыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
Бердібек Машбекұлы сондай-ақ облыстағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің алғашқы қарлығаштары туралы айта келіп, бұл істе әйел-бизнесмендердің үлгі көрсетіп отырғанын атап көрсетті.
Облыс басшысы жақында ғана ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалған Төлеміс Шотановты жергілікті кәсіпкерлер атынан жаңа қызметімен құттықтап, оның кезінде Ақтөбеде кәсіпкерлікті дамыту ісінде жемісті еңбек еткенін атап көрсетті. Сонымен бірге осы жиынға оның Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының төралқа мүшесі, кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе өңірлік кеңесінің төрағасы Исламбек Салжановпен бірге арнайы келіп қатысуын ортақ істің ілгерілеуіне мүдделілік, жанашырлық деп бағалады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов өңірлік бизнес өкілдерімен кездесу барысында 2015 жылдың басынан бері атқарылған қызмет туралы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жасалған іс-шаралар, әкімшілік кедергілерді жою, облыстағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша алдағы бағыттарды баяндады.
Бұған дейін бірнеше аудандық филиалдарда жеті жүзден астам бизнес субъектілері қатысқан есептік кездесулер болып өтті, оларда отыздан астам мәселе қозғалған. Ауыл шаруашылығы бизнес өкілдерін екінші деңгейдегі банктердің несиелендіруі, бақылау-касса машиналары мен РОS-терминалдарын орнату, мемлекеттік сатып алуға қатысу, ауыл шаруашылығы дақылдарын субсидиялау, өнімдерді сату, ауылдық жерлердегі кепілдік мүлігінің өтімділігі бойынша көптеген кәсіпкерлерге құнды кеңестер беріліп, жұмыс істеу жолдары көрсетілді. Сонымен қатар, ірі қара мал етін өткізу, өнімдерін пайдаланудағы қиындықтар да көпшілік ортасында талқыланды.
Сервистік қызмет көрсету жайы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында ғана осы аумақта көптеген шаруалар тындыруға болады.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Өткен он бір ай ішінде ғана құқық қорғау жүйесі бойынша 218 мәселе қаралып, оның 57 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған арыздар бойынша кеңес беру сипатындағы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмектер жасалған.
Жергілікті кәсіпкерлер палатасының қатысуымен сотта 16 іс қаралып, оның 80 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы және оның филиалдары бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттарды жою, билік органдары тарапынан жасалатын негізсіз әрекеттерді болдырмау, кейбір қолданыстағы заңнамалардың әлсіздігінен кәсіпкерлердің уақыты мен қаржы шығынын тудыратын факторлардың жолын кесу бағытында көптеген түйіндерді оңтайлы шешіп келеді.
Биылғы жылы палата жанынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Оның тоғыз айдағы қызметі барысында 2194 субъектіге «Бизнестің жол картасы —2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3528 әртүрлі сервистік қызметтер көрсетілген. Бұл аумақта қаржылық және бухгалтерлік, кедендік, құқықтық қызметтер қамтылған. Сондай-ақ бизнесті жоспарлау, маркетинг мәселелері де бар.
Алқалы жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту, оның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Осы бағытта кездесетін кедергілер атап айтылды және алдағы уақытта кәсіпкерлерге белсенділік көрсету қажеттігі ұсынылды.
— Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкерлер палатасы құрылған кезде бұл құрылымның қажеттігіне күмәнданушылар аз болған жоқ еді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер палатасы күшіне енді, біздің бизнесмендеріміз қандай мәселеде де, мейлі ол экономикалық, құқықтық және әлеуметтік болсын, қай жағынан да бұл ұйымға арқа сүйей алады, — деді жиын қорытындысында Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының төралқа мүшесі, кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе өңірлік кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button