Әлеумет

Алаштың ардақтысы еді

Қазақ мәдениеті мен өнерінің һәм әдебиетінің қанша қазбаласаң да, таусылмайтын, саф алтындай жарқырап шыға келетін жабық беттері жеткілікті. Әріде түптеп іздеуге кедергі көп болды, беріде қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырушылар қаптап кетті. Сонда да болса, көзі ашық, көкірегі ояу жұрт ұйып тыңдайтын, сүйсініп оқитын сөз иелері оқшауланып тұратын еді.

Күллі мұсылман көз ілмейтін кешегі Қадір түні таңға ұласқан сәтте 67 жасқа қараған шағында жүрек қыспасынан дүниеден озып жүре берген Ақаң – Ақселеу Сейдімбек сондай ерекше жаралған тұлғалардың бірі еді.

Сонау сексенінші жылдары, үй артында кісі бар кезде ел мен жер тарихына қатысты жазған «Күмбір-күмбір күмбездер» кітабымен ел-жұртты елең еткізген Ақаң екі шылбыр, бір тізгін өз қолымызға тигелі қолтығы сөгіле қызмет жасап, «Қазақтың әйгілі күйшілері», «Балталы-бағаналы ел аман бол», «Мың бір маржан», «Сонар», «Күй шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері» тәрізді кітаптар мен мағыналы монографияларды бірінен соң бірін туындатты. Әуелдегі журналистік кәсібін шебер жазушылыққа ұластырған Ақаң – ел көші өткелдің аузында тұрған шақта, ел мен жердің, ұлт пен ұрпақтың, өткен шақ пен бүгіннің арасын жымдастыратын талай ой-пікірлер толғап, көп іске өзі бел шеше араласқаны алты алашқа мәлім. Қазақстанда этнографиялық және  этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті, көшпелілердің төлтума мәдениеті, көшпелілер өркениеті сияқты санаттық ұғымдардың орнығуына тегеурінді үлес қосты, қазақ халқының ру-тайпалық құрылымын толық қалпында саралап берді, бұрын зерттелмеген қазақ қара өлеңдері мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді, санамалай берсек, Ақаң атқарған шаруалар бірнеше көштің белін қайыстырар жүк боларлық інжу-маржандар еді.

Халқымыздың көрнекті қаламгері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек қазақ жұрты туралы қазып та қасиеттеп айтуға мүмкіндік берілген шақта бар күш-жігерін осы мәңгілік мәселеге арнаған аз ардақтыларымыздың бірі еді.

Бақұл болыңыз, Ақа. Топырағыңыз торқа болсын.

«Ақтөбе» газетінің ұжымы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ақселеу атамыз өте жақсы адам болған. Ақселеу атамен таныс болғаныма өте қуаныштымын.  Өкінішке орай қайтыс болды.  Жатқан жері торқа болсын! Біз сізді ешқашан ұмыт қылмаймыз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button