Басты жаңалықтарМереке

Тәуелсіздік тартулары

Ұлттың ұлық мерекесі — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін ақтөбеліктер биыл да ерекше қарсы алды. Облыс орталығында бірнеше жаңа нысан ашылды. Елдің ең маңызды күні болған нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс халқымен бірге қатысты.

«Алтын бесік»

Соның бірі — облыс орталығының «Нұр Ақтөбе» қалашығында ашылған 320 орындық «Алтын бесік» балабақшасы. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
— Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың негізгі мақсаты — ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ал елдің болашағы — балалар, балаларымыздың жағдайы жақсы болса, мемлекетіміз де жаман болмайды. Сондықтан Елбасының тапсырмасына сәйкес елімізде «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін балалардың жаппай мектепке дейінгі мекемелерге баруын қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін тек мемлекеттің ғана емес, бизнес құрылымдарының да мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек. Яғни Елбасының тапсырмасына сәйкес, мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін пайдалана отырып, жекеменшік балабақшаларды ашуға күш салуымыз керек, — деді аймақ башысы.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Қарғалы, Сазды, Ясное елді мекендерінде де осындай балабақшалар ашу жоспарланған. Жалпы, биыл жазда 7 мыңға жуық балаға балабақшаға жолдама берілген. Бұған қоса мемлекет пен жеке сектор серіктестігі аясында ашылған балабақшаларға 3 мыңға жуық бала қабылданған. Алдағы жылы мемлекет пен жеке сектордың арасындағы серіктестік аясында 1500-1700-ге жуық бала балабақшамен қамтылмақ.
Жаңа балабақшаның ашылуы «Нұр Ақтөбе» қалашығының тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болды. Себебі 2013-2015 жылдары бұл жерге қоныс аударған жүздеген отбасы кішкентай балаларын көрші ауылдарға, Ақтөбе қаласында орналасқан балабақшаларға апарып жүретін. Енді, міне, үйдің іргесінен ашылды. Әсіресе, үйде бала бағып отырған жас аналар, немерелерін баптап отырған әжелер мәз. Қазиза Тұрдалинаның қызы мен күйеу баласы былтыр «Нұр Ақтөбе» қалашығында салынған үйлерден пәтер алыпты. Жиені 4 жаста екен.
«Осы баланы бағу үшін қызым мен күйеу балам мені «жекешелендіріп» алды. Жиенімді бұрын жеке балабақшаға апардым, қазір Қарғалы ауылындағы №27 «Айгөлек» балабақшасына тасып жүрмін, орын жетіспейді, төсек-орнымызды тасып жүретін едік. Енді, міне, үйдің алдында мектеп, артында балабақша салынды. Бір жүгіміз жеңілдеді. Осыған қуанып түнімен ұйықтамадым. Осында балаларын бағу үшін жұмыстан қалып отырған жас әйелдер көп. Үш баласын бағып отырған бір келіншек бар, тек күйеуі ғана жұмыс істейді, соларға да жақсы болды деп қуанып тұрмын», — дейді ол.
Балабақша қуануға тұрарлық. Ғимарат биік, жылы. Құрылыс аумағы 1665 шаршы метрді алып жатыр. Үш қабатты ғимарат барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балабақша әрқайсысы 20 баладан 16 топқа арналған.
Ойын, жатын бөлмелері жеткілікті, гимнастикалық және музыкалық сабақтар жүргізетін залдар бар, учаске аумағында спортпен айналысуға, басқа да ойындарға ыңғайлы 250 шаршы метрді алып жатқан алаң жасақталған. Асхана блогы жеделсатымен жабдықталған.
— Жалпы құрылыс үшін мемлекеттік қазынадан 520 миллион қаржы жұмсалды.
Бұл — биыл пайдалануға берілген соңғы балабақша. Балаларды қабылдау 2016 жылдың 5 қаңтарынан бастап жүргізіледі. Осы маңда тұратын отбасылардың 600-дей баласы қазір басқа балабақшаларға барып жүр. Олардың барлығының тізімі бар, қазір жолдама беріліп, осы балабақшаға аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балабақшада 75-ке жуық адам қызмет ететін болады, оның 45-і — педагогтер. Балабақша құрылысы басталған уақыттан бастап осы аудан тұрғындары тарапынан түйіндемелер қабылданды. Мүмкіндігінше, қызметкерлерді осы аудан тұрғындары арасынан алатын боламыз. «Нұр Ақтөбеде» 2019 жылы тағы бір балабақша ашылады деп жоспарланып отыр. Осылайша, аталған аудандағы тұрғындардың балабақшаға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік болады, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева.
Бүгінде Ақтөбе қаласында балабақша кезегінде тұрған балалардың саны 32 мыңнан асады. Өңірде 3-5 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызға жуық. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, 2020 жылға дейін бұл мәселе толығымен шешілмек.
Мерекелік жәрмеңке

«Табыс» базарында өткен кезекті жәрмеңке сатып алушыларды арзан бағамен тағы қуантты. Ақтөбеліктердің биылғы соңғы жәрмеңкеде барынша көп сауда жасауға тырысқаны байқалады. Тұрақтандыру қорының өнімдеріне тұрған кезекте адам саны көп болды.
Жәрмеңкеде халықпен бірге аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың да сауда жасап жатқанын байқап қалдық. Облыс әкімі қолөнер шеберлерін қолдап, немересіне моншақ сатып алды. Халықпен пікірлесіп, Шалқар, Қобда, Темір, Ойыл және Мұғалжар аудандары тіккен киіз үйлерді аралап, дастарқаннан дәм татты.
Аталған аудан тұрғындары облыс халқына өз өнімдерін ұсынды, бәрі бар — ет те, сүт те, тары мен жарма да, көкөністер де бар. Баға базардағыдан 15 пайызға арзан.
Қобда ауданының Бегалы ауылынан келген Мәлік Төлепбергенов алып келген бір ірі қараның еті түс болғанша пышақ үстінен үлестіргендей өтіп кетіпті. «Коммуналдық базар болғандықтан, орынға ақша төлемейміз. Бізге өте тиімді», — дейді ол. Мұғалжар ауданы Құмжарған ауданынан келген Набат Демесінова түйенің етін сатып тұр. 1 келісі 1000 теңге. «Бір түйенің еті 535 келі болды. Бәрі өтіп кетті. Арзан ғой», — дейді. «Жылқының етін саттық. Келісі 1150 теңгеден. Орталық базарда көтерме бағаның өзі осындай. Арзан. Шаруаларға да оңай емес, бағып-бағып, осындай арзанға сатқан. Бірақ, халыққа тиімді. Өкініштісі, бізге орын алу қиынға соғады, кей кездері орынды жылағандай болып аламыз», — дейді сатушылардың бірі Тұрғаным. Байгешова.
Мереке күнгі жәрмеңкеде 16,5 тонна ет, 6,8 тонна сүт өнімдері, 56 тонна көкөніс пен 25 тонна картоп сатылған. Тұрғындар барлығы 31 миллион теңгеге сауда жасапты.
Көлік жүргізушілеріне тарту

Иә, расында, жаңадан ашылған мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығын Тәуелсіздік күні көлік жүргізушілеріне арналған тарту десе де болады. Себебі көлікті тіркеу, қайта тіркеу, жүргізуші куәлігін алу «азабын» тартқан ғана біледі. Енді бұл қызметтерді жаңадан ашылған орталықта екі сағаттың ішінде дайындауға болады.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша халыққа тез, сапалы қызмет көрсетуді ұйымдастыруға міндеттіміз. Бұл міндет «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасында да айтылған. Соған байланысты қаламызда осындай орталық ашып отырмыз. Ғимаратты, айналасындағы құрылыстарды салу үшін республикалық бюджеттен миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Орталықтың пайдалануға берілуімен 60-қа жуық жұмыс орны ашылады, — деді аймақ басшысы Б.Сапарбаев. «ХҚКО» РМК бас директорының бірінші орынбасары Шоқан Әбділмановтың айтуынша, облыс әкімдігі 2014 жылдың соңында құрылыс компаниясымен шарт жасасқан, соған сай орталық құрылысы белгіленген мерзімдерде аяқталды. «Бұл — республика бойынша ашылып отырған 14-інші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. Процестердің барлығы автоматтандырылған, «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін медициналық, салық қызметтерін көрсететін кабинеттер, нарколог, психиатр жұмыс істейді», — дейді ол.
Орталық аумағында автодром мен мотодром да бар. Бұл жерде жүргізушілер «А» санаты бойынша тәжірибелік емтихан тапсырады.
«Мұндай мотодромдар еліміз бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының тек екеуінде — Ақтөбеде және Қостанайда ғана бар», — дейді Ақтөбе облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Самал Нұғманова. Орталық автокөлікті техникалық тексеру ангарымен, емтихан тапсыру үшін қажетті жеңіл, жүк көліктерімен, автобус және мотоциклдермен қамтылған. Бұл жерде бір күнде 1000-ға жуық құжат рәсімдеу мүмкіндігі бар.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button