Басты жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: Қытайлықтар мен жергілікті мамандардың еңбекақысында айырмашылық болмауы тиіс!

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданындағы Жаңажол және Әлібекмола кен орындарында болды. Ол «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС қызметкерлерімен кездесті және осы ұйымдардың, сондай-ақ өзге де мұнайгаз өндіруші және сервистік компаниялардың жетекшілерімен кеңес өткізді.
Өңір басшысы жер байлығын өндірушілерді мұнай, газ өндіру көлемін және инвестицияларды бұрынғы деңгейде сақтауға шақырды, жұмыс орындарын қысқартпау, еңбекақыны дер кезінде беру, қазақстандық құрамды ұлғайту, шетелдік жұмыс күші санын азайту, артық шығындарды оңтайландыру, инновациялық технологияны енгізіп және өндірістің тиімділігі үшін ішкі резервтерді табу жөнінде айтты.
Бердібек Машбекұлы қытайлық инвестордың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорынның өндірістік нысандарымен танысты. Ол негізінен Жаңажол газ-турбиналық электр станциясында (ГТЭС) және аймақтық Индустрияландыру картасындағы ірі жобалардың бірі — үшінші Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешенінде, Ақтөбе көлік компаниясында болды.
— Осы жылдың қыркүйек айында ГТЭС-тен сынамалық бу беру жүзеге асырылды. Іске қосу ГТЭС-тің қалыпты технологиялық режиміне байланысты. Үшінші зауыттың 3-ші кезегін бумен қамтамасыз ету үшін тамыз айында ГТЭС-тің бірінші газ қазандығы іске қосылды. Бүгінгі күні іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде,— деп хабардар етті облыс басшысын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Ақтөбеэнергонефть» басқармасының басшысы Денис Базилевский.
Үшінші Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешенінде облыс әкімі осында жұмыс істеп жатқан мамандармен және жұмысшылармен кездесті. Ол жұмыс жағдайы және оның қауіпсіздігі, еңбекақы төлеу, еңбек ұжымындағы ішкі ахуал барысы туралы сұрастырды.
Жиырма бес жылдық еңбек өтілі бар инженер-жылу технигі Сергей Абашев және оның әріптестері әкімді өздерінде барлық жағдай жасалған, жұмысқа тартылған қытайлықтар мен жергілікті мамандардың еңбекақысында айырмашылық жоқ деп сендірді.
— Қазір мүмкіндік бар кезде тікелей және шындықты айтыңыздар. Мен сіздердің қалай жұмыс істеп, қалай тұрып жатқандарыңызды өз көзіммен көру үшін әдейі келіп тұрмын. Кейіннен арызданып жүрмеңіздер, — деп жұмысшыларға назар аударған Бердібек Машбекұлы содан кейін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэньге бұрылып: — айырмашылықтар мен өзгешеліктер болмауы тиіс, оған жол берілмейді! — деді.
Бұл әңгіме өндіруші және сервистік кәсіпорындар басшылары және өкілдері қатысқан кеңесте одан әрі жалғасын тауып, өрістей түсті. Ол жиынға Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов, сондай-ақ жер байлығын пайдаланушылар өздеріне қарасты аумақтарында жұмыс істейтін селолық округтердің әкімдері мен басқармалардың және бөлімдердің басшылары қатысты.
Бердібек Сапарбаев бүгінгі күні осы акционерлік қоғамның үлесіне облыста өндірілген мұнайдың 67 пайызы және газдың 88 пайызы тиесілі екенін атап көрсетті. Компанияның ҚР мұнай рыногындағы үлесі көмірсутегі шикізатын өндіру көлемі бойынша 7,7 пайыз құрайды, бұл елдің жетекші мұнайгаз операторларының бестігіне енуге мүмкіндік береді.
— Жақында ғана мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі бастаған делегация құрамында Бейжіңде болып қайттым. Сапар барысында СНПС компаниясы офисіне бардым. Оның басшылығымен біз мұнай және газ өндіру көлемімен, инвестиция көлемін азайтпаумен, тауарларда, жұмыстарда, қызметтерде қазақстандық құрамның үлесін ұлғайтумен байланысты бірқатар мәселелерді талқыладық. Бүгінгі күн бұл көрсеткіш акционерлік қоғамда шамамен 80 пайызға тең.
Қазіргі тұста Мемлекет басшысының өзі жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, қазақстандық құрамды ұлғайтуға шақыруда. Мен бұл туралы «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» ғана емес, сондай-ақ «Қазақойл Ақтөбе», «Арал Петролеум», «Урихтау оперейтинг», «Ада Ойл», «Восток нефть» және басқаларына бірнеше рет ескертіп келемін, — деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.
Тағы бір маңызды мәселені облыс басшысы Ван Цзюньжэньнің өзіне тікелей бағыттады.
— Біздер үшін сұйытылған газдың көлемін 10-20 мың текше метрге ұлғайтуды сұраймыз, өйткені жаңа жылдан бастап бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында көліктерді газға көшіруді қарастырудамыз, — деді ол.
Акционерлік қоғамның бас директоры «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» 11 айдағы өндірістік қызметі, жылдың күтілетін қорытындысы және 2016 жылдың жоспарлары туралы баяндады.
— Компания ұжымы бұрынғыдай жұмыс істеуде, алайда бізге қатысты емес те жайлар бар. Әлемдік дағдарыс ең алдымен біздің табысымыздың негізгі көзі — газ өткізуге әсерін тигізуде. Мұнай мен газға бағаның төмендеуі салдарынан көмірсутегі шикізатын өндіру көлемі азаюда. Күрделі салымдар мен инвестицияның сомасы да осыған қатысты туындайды. Мысалы, 2014 жылы біз 170 миллиард теңге инвестиция жасасақ, биылғы жылы ол небәрі 56 миллиард теңге болды. Ірі нысандардың пайдалануға берілуі қарсаңында тұрғанын да ескеру қажет, — деп түсінік берді Ван Цзюньжэнь.
Облыс әкімінің тікелей қойған бірқатар сұрақтарына жауап бере келіп, бас директор былай деді:
— Өткен жылға қарағанда биылғы жылы тексерулер саны азайғандығы қуантады. Осы күрделі уақытта біздер бір-біріміздің қажеттіліктерімізге түсіністікпен қарап, ылғи да қолдау табамыз деп үміттенеміз. Біздер меморандум аясындағы өз міндеттемелерімізді ылғи да орындап келеміз.
Бердібек Сапарбаев әлеуметтік жауапты әріптестік негізсіз тексерулердің барған сайын азая беретіндігіне сендірді.
— Басқармалардың басшыларына қолдарына қарындаш алып, өз жұмыстарына талдау жасауға кеңес беремін. Мемлекет басшысы шығындарды барынша азайтып және жұмыс стилін түбірімен өзгертуге шақырып отыр, — деп облыс әкімі нақты талап қойды.
Мұнайшылардың селолықтардың тіршілігіне белсендірек қатысуы жөнінде ұсыныс жасаған Серік Шаңғұтовтың сөзінен кейін Бердібек Машбекұлы басқармалардың басшылары мен кәсіпорындардың жетекшілеріне халыққа жақын жүріп, олардың мұқтаждарына құлақ түруді ұсынды.
— Сіздер адамдармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап беріңіздер, мемлекет пен өздеріңіздің саясаттарыңызды түсіндіріңіздер. Сол кезде мәселелер, бос әңгімелер мен негізсіз ашуланулар аз болады. Осының барлығы ақпараттың және болып жатқан өзгерістердің мәнін түсінудің жеткіліксіздігінен, — деді ол.
Облыс басшысы жаңа жылдан бастап Геология комитетімен бірлесіп жер байлығын пайдаланушылардың өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындау барысына тексеру жүргізетіндіктерін жеткізді. Егер осыған байланысты жұмыстар уақытында басталмаса, басқаша шаралар қабылданатындығын да ескертті.
Мұғалжар ауданының әкімі облыс басшысына Жаңажол және Қожасай ауылдары тұрғындарының елді мекендерді газға қосу жөніндегі өтініштерін жеткізді. Атап өтерлік жайт, Қожасай ауылы газ құбырынан небәрі 5 шақырым қашықтықта орналасқан.
Облыстағы екінші ірі кәсіпорын — «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС аппарат жетекшісі Сәлім Ізімбетов облыс әкімін өздерінде жоспардың орындалатындығына, қысқарту жүрмейтіндігіне, еңбекақыдан қарыздың жоқтығына сендірді.
— Өтіп бара жатқан жылдың 11 айы ішінде біздің серіктестік бойынша 746,1 мың тонна мұнай, 564,3 миллион текше метр ілеспе мұнай газы өндіріліп, қабаттық қысымды ұстап тұру үшін 1367,8 миллион текше метр су айдалды. Жоспарлы 724 мың тонна орнына 2015 жылы күтілетін мұнай өндіру 800 мың тоннаны құрайды, — деп хабардар етті Ізімбетов.
Бердібек Сапарбаев Әлібекмола кен орнында болып, мұнай дайындау қондырғысын, газ зауыты мен өрт сөндіру депосын көргеннен кейін бұл деректердің ақиқаттығына көз жеткізді.
«Мұнайшы» вахталық поселкесінде облыс әкімі ЖШС қызметкерлерінің әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық жағдайларымен танысты.

Ләззат ЕГІБАЕВА.
Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button